Қандастарға азаматтық алу жеңілдейтін болды. «Қандас» мәртебесі қанша күнде дайын болады?

Жарияланды
Этникалық қазақ балалары жазғы лагерлерге қатыса алады

«Отандастар» қорының мәлімдеуінше шет мемлекеттердегі этникалық қазақтар үшін Қазақстан азаматтығын алу немесе тұрақты тіркеуге тұру, «қандас» мәртебесін алу жеңілдетілді. Оларға «қандас» мәртебесі 3 жұмыс күні ішінде берілсе, азаматтық алу процесі үш ай ішінде реттелмек. 

«Құжаттар санына келсек, қазіргі кезде мемлекеттік органдар пысықтап жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен азаматтық беру бойынша құжаттарды оңтайландыру процесі жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 құжаттан 26-ға дейін қысқарту көзделген. Осының барлығы елімізге көшіп келген немесе көшіп келуге ниет білдіріп отырған азаматтарға жасалып отырған жеңілдіктердің бірі. Қазір азаматтық алу мен тіркеуге тұру үшін бір-ақ рет құжат тапсырылады. Әрқайсысына бөлек емес. ІІМ бұйрығымен бекітілген бұл тәртіп 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді» дейді «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов.    

2019 жылы қор жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығына 11 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Адамдар көбіне құжаттандыру, білім алу, тіркеу, әлеуметтік мәселелер бойынша жүгінеді. Орталықпен байланысу үшін 1404 нөмірін теру жеткілікті. 

Сарбасов шетелде тұратын қазақ балаларының Қазақстандағы жазғы лагерлерге келіп емін-еркін демала алатынын да айтып өтті. Мәселен, 2019 жылы шетелден 600 бала келген. Пандемияға байланысты уақытша тоқтатылған бұл жоба алдағы уақытта қайтадан жалғасын таппақ. Спикер брифинг барысында қандас талапкерлерге берілетін грант санының да көбейе бастағанын айтты. 

«Соңғы үш оқу жылында дайындық бөліміне 3500 грант бөлінді. Оның 90% игерілді. 2020 жылы пандемияға байланысты қоғамның тікелей ұсынысы және білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шетелдегі отандастарымызға ҰБТ-ны онлайн тапсыру мүмкіндігі берілді. Бұл тарихта алғаш рет болған жайт. 2021 жылы да сол тәжірибеге сүйеніп, олар үшін ҰБТ онлайн форматта ұйымдастырылды. Мемлекеттік квота аясында соңғы 5 жылда 3645 талапкер ҰБТ-дан қажетті балды жинап, ЖОО-ға түсті» деді Сарбасов.  

Оның айтуынша, қандастарға жатақхана міндетті түрде беріледі. Сондай-ақ ЖОО-ға түсе алмаған қандас талапкер колледжге түсу үшін құжаттар тапсыра алады. Колледжде оқу үшін де мемлекет тарапынан 4% квота қарастырылған. 2020 жылы 540 адам грант иегері атаныпты.

Сондай-ақ қандастар өтінішімен қазақ тілін оқыту курстары да ұйымдастырылуда. Нәтижесінде, 12 елде 31 онлайн-сынып ашылып, тұрақты түрде жұмыс істей бастады. Онлайн-сыныптар теледидар, ноутбук, камера, колонка сияқты техникалармен қамтылған. Шетелдегі ағайындар, қандастар үшін мемлекеттік тілді үйрену тегін. 2020 жылы «Отандастар қоры» КЕАҚ-тың ұйымдастыруымен қазақ тілін үйрету бойынша 300-ден астам онлайн сабақ өткізіліпті. Курсқа жалпы 1500 адам қатысып, оның 400-ге жуығы қазақ тілін жетік меңгергені туралы сертификат алған.  

«2021 жылы сабақтар саны 350-ге жетті. Қазақ тілін үйрену үшін 900-ге жуық отандасымыз тестілеуге қатысып, қазақ тілін меңгерді деген құжатқа ие болды. Қазіргі кезде білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шетелдегі ағайындарға қазақ тілін оқыту бойынша әмбебап оқу құралы әзірленуде. Себебі латын әрпімен немесе төте жазумен үйренген балаларды кирилл қарпіне үйрету өте қиын. Ол жыл соңына дейін дайын болуы мүмкін» деді спикер.

Қазір шетелде тұрып жатқан қазақтар саны 5-7 млн аралығында. Олардың нақты санын айқындау үшін іргелі зерттеу жүргізу қажет. Бүгінде әлемде 250-ге жуық қазақ мәдени орталығы бар. Оның 150-і белсенді жұмыс істеуде. «Отандастар» қоры олардың барлығымен байланыс орнатып, 70-тен астамымен өзара ынтымақтастық туралы  меморандумға қол қойған. 

Сарапшы 2020 жылы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Abai Uіi» қазақ мәдени-іскерлік үйі» жобасының іске асқанын мәлімдеді. Жоба шеңберінде мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды дамыту, білім беру, спорт және өзге де салалар бойынша түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда.  Былтыр «Abai Uіi» Омбы, Ташкент, Стамбұл, Берлин, Киев қалаларында ашылды. Биыл жыл соңына дейін қазақтар көп шоғырланған Моңғолияның Баян-Өлгей қаласында,  Ресейдің Астрахань қаласында және Қырғызстанның Бішкек қаласында ашу жоспарланған.

«Отандастар қоры» 4 бағытта жұмыс атқарады. Атап айтқанда, шетел қазақтарының ұлттық бірегейлігін сақтау мақсатында мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру, елімізге көшіп келген қандастарымызға қазақстандық қоғамда бейімделуіне жәрдемдесу, шетелдегі қазақтардың әлеуметтік ахуалы мен отандастарымызбен жұмыс істеудің халықаралық озық тәжірибесін зерттеу, сондай-ақ, шетелдегі қазақ жастарымен байланыс орнату, оларды Қазақстанға тарту. Бұған дейін барлық шараларды Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы жалғыз атқарған болатын. Алайда, 2018 жылы 18 мамырдағы № 280 қаулысына сәйкес «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» қабылданды. Бүгінде ведомствоаралық комиссия тұрақты түрде жұмыс істейді, сондай-ақ, қор жанынан қоғамдық комиссия құрылды. Комиссияда шетелдегі қандастарымыздың немесе елімізге көшіп келген бауырларымыздың мәселелері талқыланып, шешімін табуда» деді Сарбасов. 
 

Сондай-ақ оқыңыз