2021 жылдың маусымында Қазақстан халқы 18984,8 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 11237,0 мың (59,2%), ауылдықтар – 7747,8 мың адам (40,8%). 2020 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда халық саны 249,0 мың адамға немесе 1,3% өсті, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Халықтың табиғи қозғалысы
2021 жылғы қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда (106,8 мың адам) 4,4% өсіп, 111,5 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 14,18 адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-мамырда туғандар саны – 175,2 мың адам, бұл 2020 жылғы қаңтар-мамырға (156,8 мың адам) қарағанда 11,7% көп. Жалпы туу коэффициенті 1000 адамға 22,28 туғандарды құрады.
Қарастырылып отырған кезеңде 63,7 мың адам қайтыс болған, бұл 2020 жылғы қаңтар-мамырға (50,0 мың адам) қарағанда 27,3% көп. Өлім-жітім жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда, 8,10 адам қайтыс болған.
Халықтың көші-қоны
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-мамырда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 3662 адамды, елімізден кеткендердің саны 9862 адамды, көші-қонның айырымы -6200 адамды құрады.
Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 84,3% және 82,1% құрады.
Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 23,5%-ға артты. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (11647 адам), Нұр-Сұлтан (8920 адам), Шымкент (7342 адам), қалаларында және Маңғыстау облысында (327 адам).