Жаңа штамның алдын алатын бірден бір тиімді шара – вакцина салдыру

Жарияланды
Күн сайын 100 мыңға жуық адам екпе салдырып жатыр

Бір айға жуықтап қалды еліміз «қызыл аймақ» мәртебесінен шыға алар емес.  КВИ жұқтырғандар күн санап көбейіп барады. 14 шілдедегі жағдай бойынша елімізде COVID-19 оң нәтижесімен 466 792 науқас және КВИ– 58 086 жағдайы тіркелген. КВИ жұқтырған науқастардың 90% астамы сауығып кетті, оның ішінде 418 228 науқаста КВИ+ және 53 мыңнан астамында КВИ– болған. 

Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапованың айтуынша, үнді штаммын анықтау үшін 414 сынама скринингі жүргізіліп, нәтижесінде 48%-да үнді штаммы барлық облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында табылған. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша. SARS-CoV-2  «Дельта» штаммы әлемнің 104 елінде анықталыпты. Осыған орай елімізде вакцинация қарқыны да артты. Күн сайын 100 мыңға дейін адам екпе алып жатыр. 

«Қазақстанда 7,1 млн адам вакцина салдырды, оның ішінде 4 601 830 адам бірінші компонент алды, бұл вакцина салдыруы тиіс халықтың 46,5%-ын құрайды. Екінші компонентті 2 541 853 адам салдырды. Егу пункттерінде вакцинаның мөлшері жеткілікті: бірінші компоненттің шамамен 753 мыңы және екінші компоненттің 1 млн 280 мың дозасы бар. Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі» деді Қожапова.

Эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда денсаулық сақтау министрлігі 60 000-ға дейін инфекциялық төсек-орын ашуға дайын. Қазір 317 медициналық ұйымда 35 мыңға жуық инфекциялық төсек-орын дайындалған. 

«2021 жылдың маусым айымен салыстырғанда, шілде айында іске қосылған медициналық ұйымдардың саны 296-дан 317-ге дейін артты. Эпидемиологиялық ахуал күрделенген жағдайда министрлік емдеу үшін 60 000-ға дейін инфекциялық төсек-орын және 60 000 реанимациялық төсек-орын орналастыруға дайын. Карантиндік стационарлардың төсек-орын сыйымдылығы 3088, республика бойынша қамтылуы – 10%» деді стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек басқармасының бас сарапшысы Бауыржан Сатыбалды. 

Ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқастардың жартысынан көбі – 66 жастан асқан адамдар екен. 

«Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директоры орынбасары Манар Смағұлдың пікірінше, жаңа штамдардың пайда болуының алдын алатын бірден бір тиімді шара – вакцинация. 

«Бүгінгі күні бәріміз күш салып вирустың айналымын азайтуымыз керек. Себебі, өздеріңіз байқағандай, жаңадан шыққан вирус салдарынан сырқаттанушылық күрделі түрде өтуі мүмкін, яғни бұл вакцинаның тиімділігін ғана емес, оның емін де төмендетеді, басқа да шаралардың тиімсіз болуына әкеледі. Сол себепті бәріміз белсенділік танытып, вакциналау жұмысын қажетті деңгейде жүргізуіміз керек» деді маман. 

Бұл ретте сарапшы вакцина салдыру, салдырмауды әр адам өзі шешетінін де атап өтті. Дегенмен денсаулыққа байланысты қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда екпе салдырған дұрыс дейді. 

«Қазақстан бойынша 2 млн астам адам  вакцинаның екінші  компонентін салдырды. Олардың арасында вирус жұқтырғандар саны тек 0,04% ғана құрайды. Бұл да нақты көрсеткіштердің бірі. Дәрігерлер ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Халыққа нақты деректер беретін адамдардың сөздеріне сеніп, шешім қабылдау керек. Әр адам вакцина салдыра ма, жоқ па, өзі таңдайды» дейді Манар Смағұл.  

Оның айтуынша, вакциналарды сынау мерзімі емес, вакцинаны тіркеу мерзімі қысқартылды. Бұл – пандемияға байланысты қабылданған шешім. Бірақ вакцинаның қауіпсіздігіне, бүкіл клиникалық зерттеуіне қойылатын талаптар орындалды. «Спутник V» және «QazVac» вакциналарының 3-ші кезеңі 4-ші кезеңмен бірге өткізілді. Бүгінгі күні бұл шешім өзінің тиімділігін көрсетіп отыр дейді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз