Карантиндегі Құрбан шалу тәртібі қалай болады?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алда келе жатқан Құрбан айт мерекесіне байланысты оны атап өту тәртібімен таныстырды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, Құрбан айт намазы қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып оқылады.
Биыл 20 шілде күні сағат 07.00 республика аумағында қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып, «сары», «жасыл» аймақтарда Құрбан айт намазы оқылады. «Қызыл» аймақта Құрбан айт намазын оқу жергілікті санитарлық мемлекеттік бас дәрігердің қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Ал құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылмақ.
«Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өтеді. Ал «қызыл» аймақтарда – қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, qurban2021.kz сайты арқылы жүзеге асырылады» деді бас мүфти.
Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар qurban2021.kz сайт арқылы 2021 жылғы 15 шілде сағат 15.00-ден бастап (сайт 2021 жылдың 15 шілдесінде іске қосылады және 15-22 шілде аралығында тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді) тапсырыс бере алады.
Сайтта құрбан шалуға онлайн өтініш берген азаматтарға ҚМДБ жұмыс тобы мессенджерлер (WhatsApp, Telegram және т.б.) арқылы толық есеп береді. Мұқтаж отбасылардан құрбандық етін алу туралы өтініш 17 шілдеден бастап қабылданады. Сондай-ақ құрбандық шалатын арнайы орындарда «ASHYQ» мобильді қосымшасы іске қосылмақ. Бұл «сары» және «жасыл» аймақтағы құрбандық шалатын арнайы орындарда азаматтардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.
ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Оңғар Ершат Ағыбайұлының айтуынша, «қызыл» және «сары» мәртебесі бар азаматтар құрбандық шалу орындарына жіберілмейді, «көк», «жасыл» мәртебесі бар азаматтар ғана жіберіледі.
«Қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әр өңірдегі жұмыс тобы «сары», «жасыл» аймақтардағы өңірлер бойынша әкімдік тарапынан арнайы құрбан шалуға бекітілген орындарға барып, онлайн форматта құрбан шалушыларды алдын ала жазу жұмыстарын қолға алды. Офлайн форматта құрбан шалушылардың арнайы тізімі жасалып, құрбан шалуға ниетті тұлғаға кезек саны мен құрбан шалуға баратын нақты уақыты хабарланады. Әркім өз кезегімен келеді. Оған 1 сағат уақыт беріледі» деді ҚМДБ төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ мүфти мал бағасын қымбаттатпау бойынша үндеу жолдады.
«Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныс артатыны белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Мал бағасын қадағалау құзыретімізге жатпайды. Дегенмен, Құрбан айт қарсаңында қарапайым халыққа қолжетімді болу үшін жергілікті жердегі кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде бірнеше кәсіпкер бір бағаны бекітіп, қолдау көрсетуде. Сайтта онлайн құрбан шалу қай жерде қандай бағамен өткізілетіні туралы ақпарат ұсынылған» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасау бойынша да құлаққағыс етілді. Ал офлайн форматта құрбан шалу рәсіміне қойылатын талаптар қандай болмақ? Наиб мүфти Оңғар Ершат Ағыбайұлының сөзінше, құрбан шалатын адамдар қасапханаға міндетті түрде маска тағып кіреді, антисептиктерді барынша пайдаланады және ара қашықтықты сақтауы керек.
«Қасапханаға келетін адамдар дене қызуын өлшеп кіреді, қасапханаға антисептикатер мен маскалар қойылады. Сонымен қатар, қасапхана толымдылығын 30 пайыздан асырмау, кемінде 1 метр ара қашықты білдіретін сызықтар сызу, ақпарат тақтасына немесе қабырғаға қажетті мәліметтерді ілу, қауіпсіздік ережелерімен танысу, мал соятын жердің таза болуы және санитарлық талаптарды сақтау қатаң қадағаланады» деді спикер.
Дене қызуы 37 градустан жоғары, сондай-ақ тұмау және басқа да ауру белгілері бар адамдар қасапханаға келмеуі тиіс. Сондай-ақ, наиб мүфти жасы 65-тен асқан қариялар мен балалардан құрбан шалатын орындарға бармауын өтінді.
Брифинг барысында бас мүфти вакциналау шарасына байланысты да діни басқарманың ұстанымын жария етті. Оның сөзінше, көптеген имамдар вакцина алғашқы шыққан сәттен бастап екпе салдырған.
«Шариғат вакцинацияға қарсы емес. Вакцинаны ерікті түрде кез келген адам ала алады. Алла Тағала қасиетті Құранда «өз қолдарыңызбен өз жандарыңа, денсаулықтарыңызға зиян тигізбеңдер» дейді. Қазіргі кезде көптеген дін қызметкерлері, имамдар вакцина алды. Ал орталық аппаратқа, ҚМДБ-ға келсек, қызметкерлердің 90 пайызға жуығы егілді. Шариғат ел амандығы үшін, адамның амандығы үшін соған үндейді, насихаттайды» деді Наурызбай Қажы.
Еске салайық, биыл Құрбан айт мерекесі 20,21,22 шілде күндері аталып өтеді. Бұл ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, үш күнге созылатын діни мейрам. Бұл күні мұсылмандар мешітте айт намазын оқып, көпшілік дастархан жайып бір-бірін қонаққа шақырады. Әрбір үйде Құран оқылып, өмірден өткен ата-бабаларына құран бағыштайды.
Бұл мейрамда орындалуы керек сауапты амалдың бірі – Құрбан шалу. Адамдар құрбан малын сойып, оның етін мұқтаж жандарға таратып береді.