Өнім мен қызмет сапасыз болса ақшаны қалай қайтарып алуға болады?

Жарияланды
Тұтынушылар құқығы әркез қорғалуы тиіс

Біздің кез келгеніміз – тұтынушымыз. Тиісінше, көрсетілген қызмет пен ұсынылған өнімнің сапасына күмәндансақ, не болмаса оның сапасыз екеніне толық көзіміз жетіп тұрса, онда шағым жасауға толық құқылымыз. Көбіміз мұны білеміз. Бірақ шағымданудың нақты алгоритмін білмеген соң, селқос қараймыз. Тіпті бәрін біліп тұрсақ та дабыра көтеруді орынсыз деп тауып, үнсіз үйге кете беретініміз бар. Бірақ біздің әрбір ескертпеміз бен шағымымыз қызмет көрсетушінің этикасын түзейтінін, өнім мен қызметтің сапасын арттыратынын ұмытпауымыз керек. 

Супермаркет, дүкен, сауда үйінен алынған кез келген өнім – мейлі ол киім-кешек, мейлі ыдыс-аяқ түрі болсын, көңіліңізден шықпаса, қайтарып бере аласыз. Бірақ тауарлық және фискалды түбіртекті сақтау және қайта өткізуді 14 күннен кешіктірмеген абзал. Дегенмен бұл ереже дәрі-дәрмек, шұлық, іш киім, метрлік тауарлар, өсімдіктер мен жануарларға, ұялы байланыс абоненттік құрылғыларына қатысты емес. 

Қайтарылған тауарлардың сапасын қосымша тексеретін құнды сатушы төлейді. Егер тауарға осындай сараптама жүргізу нәтижесінде тауарда ақау жоқ екені немесе тұтынушыға тауарды бергеннен кейін пайдаланудың, сақтаудың немесе үшінші тұлғалардың іс-әрекеттерінің немесе форс-мажорлық жағдайлардың белгіленген ережелерін бұзу салдарынан туындағаны анықталса, тұтынушы сатушыға сараптама жүргізу шығындарын, сондай-ақ оны өткізуге байланысты шығындарды, жүк тасымалдау шығындарын өтеуге міндетті.

Тұтынушы тауардың сапасын бақылауға және сараптамаға жеке өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарларды өз есебінен сараптамадан өткізуге құқылы. Өнімді немесе қосалқы бұйымды ауыстыру кезінде кепілдік мерзімі, егер ол келісімшартта өзгеше көзделмесе, оны тұтынушыға берген күннен бастап қайта есептеледі.

Сатып алғаныңызды және сауда мекемесінде болғаныңызды растау үшін суретке түсіріп алу да сізге көмек болады. Есіңізде болсын, дүкендерде суретке түсіруге тыйым салынбайды. 

Сатып алушы жарамдылық мерзімі немесе кепілдігі әлі де жалғасатын өнім бұзылған жағдайда оның ақаулары туралы мәлімдеуге құқылы екенін білуіңіз керек. Сондықтан кепілдік талонын әрдайым сақтау қаншалықты маңызды екендігі түсінікті. Кепілдеме болмаған және шығарылған күні белгісіз жағдайларда қайтару сатып алынған күннен бастап екі жыл ішінде жүзеге асырылады. Ерекшеліктері сатушылармен жеке талқыланады және ол келісімдерде қарастырылған. Жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін, екі жылдан аз уақыт өткен соң, тауарлар қайтарылуға жатады. Бірақ сіз өнімнің зақымдануы сатып алудан бұрын болғанын дәлелдеуіңіз керек.

Егер сатушы ақшаны қайтарудан бас тартса, азамат өзінің тұтынушылық құқығының бұзылғаны туралы электронды үкімет порталы тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне (Телеграм: kzpp_bot) хабарлай алады. 

Жедел желі телефондары: +7 (7172) 75-06-42, 75-16-32, 74-98-32, 74-98-36. 

Сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылған, жүйеге ұялы телефон немесе компьютер арқылы weask.kz сайтына кіруге болады. 

Тұтынушылар ақылды жүйені пайдалана отырып, уәкілетті органға хабарласпас бұрын сатушымен мәселені тікелей шешуге тырыса алады. Егер 10 күн ішінде сатушы шағымға жауап бермесе, ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне түседі. 

Telegram бот пилоттық жобасы қалай жұмыс істейді?

    Өтініштерді қабылдау және өңдеу;
    Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша заң нормаларын түсіндіру;
    Комитеттің өңірлік департаменттері және қоғамдық бірлестіктер туралы ақпарат беру;
    Жиі қойылатын сұрақтар мен жауаптар базасымен таныстыру;
    Маңызды ақпаратты жіберу;

Бот тауар сатушымен немесе қызмет көрсетушімен «кассадан шықпай» күтпеген даулар туындаған жағдайда тұтыну құқықтары мен мүдделерін қорғауға көмектеседі. Тұтынушының заңды құқықтары мен мүдделерін іске асыру үшін мүмкіндіктердің айтарлықтай арсеналы бар және олардың барлығы Telegram Ботта бір жерде жиналған. 

Тұтынушы ретінде проблемаға немесе дауға тап болсаңыз, Telegram-ға кіріп, тізімнен @kzpp_bot табу, қажетті ақпаратты табу немесе құзыретті органға жүгіну қажет. Өтінішті беру және өңдеу қолайлығы үшін сіз ТКШ, сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, қаржы, білім беру, медициналық қызметтер, электрондық сауда, байланыс қызметтері, туристік және басқа бөлімдердің бірін таңдай аласыз. Сондай-ақ өтінім берген кезде өтініштің мәні жататын өңірді таңдауға болады, ал бот өңірге байланысты өтінішті тағайындалған операторға жібереді. 

Бот 24/7 жұмыс істейді және сіз кез келген сәтте өтінішті «ізін суытпай» жібере аласыз, сонымен қатар нақтылау және заттық қарау үшін өтінішке фото, видео, сілтеме қоса аласыз. Бұл құрал тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыс, қызмет) қамтамасыз етуге ықпал етеді және адал бизнесті жүргізуге ықпал етеді.
 

Сондай-ақ оқыңыз