Ажырасқанда мүлік қалай бөлінеді?

Жарияланды
Кредит төлеу жағы қалай болады және өзге де сауалдарға жауап

Отбасылық мәселелер «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңмен реттеледі. Некеде жиналған мүлік ортақ деп саналады. Алайда ерлі-зайыптылардың әрқайсысында жеке мүлік болуы мүмкін. Сәйкесінше, олар ажырасқан жағдайда бөлінбейді. Жеке мүліктен айырмашылығы сол — толықтай бір адамға тиесілі болуы. 

Жеке мүлікке не жатады?

Ал енді жеке мүлік деген не? Кодекстің 35-бабында былай делінген:
•    некеге (ерлі-зайыптылық) отырғанға дейін ерлі-зайыптылардың әрқайсына тиісті мүлік;
•    мұрагерлік тәртібінде немесе ақысыз мәмілелер бойынша ерлі-зайыптылар некеде болған кездегі мүлік; 
•    бағалы заттар және басқа да әшекей заттарды қоспағанда, ерлі-зайыптылардың ортақ қаржысы есебінен сатып алынса да жеке қолданыс заттары (киім, аяқ киім және басқалары); 
•    некенің нақты тоқтатылуына байланысты жеке тұру кезінде ерлі-зайыптылардың әрқайсы жинаған мүлік. 
     Алғашқы үш жағдайда жеке мүлікті қандай да бір ерекше тәсілмен рәсімдеудің қажеті жоқ, сондай-ақ бұл жағдайда сот шешімі талап етілмейді. Соңғы жағдайда (некені бұзу тіркелгеннен кейін ерлі-зайыптылар бөлек тұрғанда) меншік жеке деп танылады, бірақ міндетті түрде сот шешімімен. Ажырасу кезінде ерлі-зайыптының әрқайсысының жеке мүлкі де жеке меншік болып қалатыны айқын. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар немесе ерлі-зайыптының бірінің тарапынан мүліктің құнын ұлғайтатын салымдар болса, сіздің жеке мүлкіңізді ортақ деп тануға мүмкіндік беретін арнайы бап бар. Бұл әсіресе мысалы, сіздің жұбайыңызға тиісті пәтерде сіздің немес ортақ қаржыға айтарлықтай жөндеу немесе қайта салу жүргізілсе, онда пәтер ортақ мүлік деп танылуы мүмкін.

Ортақ мүлік деген не?

     Кодекстің 33-бабында неке кезінде ерлі-зайыптылар жинаған ортақ мүлікке мыналар жатады делінген:
•    еңбек қызметінен, кәсіпкерлік қызметтен және зияткерлік қызмет нәтижелерінен ерлі-зайыптылардың әрқайсының табысы;
•    ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің  және ерлі-зайыптының әрқайсының жеке мүлкінің  табыс сомасы;
•    зейнетақылар, жәрдемақылар, зейнеткерлік жинақтаулар, сондай-ақ арнайы мақсатты тағайындалуы жоқ өзге де ақшалай төлемдер (материалдық көмек сомалары, еңбек қабілетінің жойылуына байланысты шығынды өтеуде төленген сомалар, мертігу немесе денсаулықтың өзге де нашарлауы және басқалар);
•    ерлі-зайыптылардың ортақ табысы есебінен алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлік, құнды қағаздар, пай, салымдар, несие ұйымдарына немесе өзге ұйымдарға енгізілген капиталдағы үлестер;
•    неке кезінде ерлі-зайыптылар жинаған кез келген басқа мүлік.

Ескере кететін бір жайт, жоғарыда атап өтілген барлық мүлік кімнің атына сатып алынғанына немесе немесе ерлі-зайыптының қайсының ақшалай қаражатына алынғанына қарамастан ортақ болады. Кодекстің 33-бабының 3-тармағы некеде болған уақытта сіз үй шаруашылығымен немесе балалар күтімімен айналысып, табысыңыз болмағанына қарамастан, ортақ мүлікке толық құқығыңыз бар екенін атап өтеді.

Мүлік қалай бөлінеді?

     Неке шартында басқаша көзделмесе, үлес екі адамда тең деп саналады. Кодекстің 38-бабына сәйкес, сот кәмелетке толмаған балалардың пайдасына ортақ мүліктегі үлестер теңдігіне ерлі-зайыптылардың бірінің мүдделеріне сүйене отырып, егер екінші жұбайы негізсіз себептер бойынша кіріс алмаған болса немесе ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін екінші ерлі-зайыптының келісімінсіз отбасы мүдделеріне залал келтіруге жұмсаған кезде бас тарта алады. Бірінші кезекте бұл ішімдік не есірткіге тәуелділігі бар адамдарға қатысты: егер бұл сотта дәлелденсе, оларға ортақ мүліктің аз үлесі тиісті болады. Бұл ретте нормативтік-құқықтық актілерде сіз осы мәселелер бойынша белгілі бір нормаларды таба алмайсыз, жағдайларды сот жеке қарайды.

Егер керісінше айыпталатын ерлі-зайыптының бірі жұмыс іздегенін дәлелдесе, жұмыстың болмауына нақты себебі болса, үй шаруашылығын жүргізсе және балалар тәрбиесімен айналысса, онда сот оның үлесін азайта алмайды. Ерлі-зайыптының бірі ортақ мүліктегі үлесінен бас тартатын жағдайлар да бар. Егер аталмыш айғақ неке бұзылғаннан бұрын айтылса, онда оны неке шартында немесе ортақ мүлікті  бөлу туралы шартта бекітуге болады. Егер неке бұзылған болса, ортақ мүліктегі үлестен нотариусқа барып бас тартуға болады. Нотариус ортақ меншіктегі ерлі-зайыптының әрқайсының үлестерін анықтауды куәландырады, одан кейін ерлі-зайыптының бірінің екіншісіне үлесті сыйлау шартын тіркейді.

Балалардың үлесі бола ма?

      Ел ішінде ортақ мүліктегі үлеске балалардың да құқығы бар деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Бұл шын мәнінде олай емес, бастапқыда ерлі-зайыптының әрқайсының үлестері 1/2 құрайды. Егер ерлі-зайыптылардың бірі табысты әдейі алмаса және ортақ қаражатты ұстамаса, балаларды ескерумен үлестер өзгереді. Бұл ретте балаларға ерекше үлес төленбейді, тек балалар бірге қалатын ерлі-зайыптылардың бірінің  үлесі ұлғаяды. Екінші иесі міндетті түрде балаларды асырауға алимент төлеуге міндетті.

Қарыз, кредит қалай төленеді?

Бұл сауал да көпшілікті қызықтырады. Бұл мәселе Кодекстің 44-бабы бойынша реттеледі. Негізі қарызды кредит алған адамның жеке мүлкінің есебінен ғана өндіріп алады. Яғни қарыз кімнің атында болса, сол төлейді. Егер жеке мүлкінің құны жеткіліксіз болса, ажырасқан ерлі-зайыптының ортақ мүлкінен алатын болады. Екінші тараптың жеке мүлкіне ешкім тиіспейді. Десек те, кейде басқаша болып шығуы мүмкін. Яғни істі қарай келе, ерлі-зайыптының бірі қарызды некеде тұрған кезде алып, отбасының мұқтажына жұмсаған болса, ортақ мүліктен өндіріледі. Ол жетпей қалса, ажырасқан жұбайының жеке мүлкін де алуы ғажап емес. Ал енді жеке мақсатқа жұмсалған болса, онда жауапкершілік те әркімнің өз мойнында қалады.  

Мүлікті бөлуге өтініш қалай беріледі?

      Жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беруден бастайсыз. Мүлікті бөлуге қатысты өтінішту ажырасқан кезде, не одан кейін де беруге болады. Бірақ үш жыл ішінде мүлікті бөлуге қатысты өтініш беріп үлгеруіңіз керек. Өйткені әрмен қарай сот қарастырмай қояды. Азаматтық кодекстің 180-бабына сәйкес, талап қою мерзімінің өтуі адам құқық бұзушылық туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен басталады.

Мына құжаттар керек:
1.    Некеде бірге жинаған және сатып алған, алғыңыз келетін немесе бөлгіңіз келетін мүліктің тізімі. Егер барлық мүлікті бөлуге талап арыз берсеңіз, онда ерлі-зайыптылардың әрқайсының жеке меншігі саналатындардың тізімін жасау қажет. Себебі бұл мүлік бөлінбейді. 

2.    Бөлінетін, мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттар. Жылжымайтын мүлік үшін бұл — құқық белгілейтін құжаттар, автокөлік үшін – көлік құралын тіркеу туралы куәлік, тұрмыстық керек-жарақтарға — чектер және түбіртектер, техникаға паспорт және өзгелері. Мұнда егер құжат ерлі-зайыптының екіншісінде болса, онда аталмыш фактіні сот процесте талап ете алатындай, өтініште көрсету қажет.

3.    Бөлу үшін мүліктің нарықтық құнын растайтын құжаттар.  Бұл чектер және бағалық анықтамалар, лицензиясы бар бағалаушының есебі. Егер ерлі-зайыптылардың бірі бағамен келіспесе, онда сот тәуелсіз сараптаманы тағайындай алады.

4.    Егер сіз өтініш берсеңіз қандай мүлікті қалай бөлгіңіз келетіні туралы нақты білуіңіз керек. Яғни сот қарастыратын нұсқа – өзіңізге не қалдырғыңыз келеді, ақшалай эквивалентте не қабылдай аласыз, ал қандай соманы бұрынғы зайыбыңызға төлей аласыз. Сот  нұсқаларды қарап, екі тараптың мүдделерін ескерумен оңтайлысын таңдайды.

5.    Мүлікті бөлу туралы талапты қарау үшін мемлекеттік баж алымды төлеу чегі (соттардағы мемлекеттік баж алым мөлшерлемелерінің мөлшерін білу). Бұл жағдайда баж алымының мөлшері талап сомасынан 1% құрайды.

6.    Некені бұзу туралы куәліктің түпнұсқасы және көшірмесі (жоғалған немесе бүлінген жағдайда некені бұзуды тіркеуге өтініш беру немесе некені бұзу туралы қайтадан куәлік алу).

 

Сондай-ақ оқыңыз