Энергия тасымалдаушылар нарығындағы қазіргі үрдістерге шолу және базалық мөлшерлеме өзгерісінің теңгенің айырбастау бағамына әсері туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді.
– Өткен аптадан бері байқап отырған теңгенің нығаюы қандай жағдайға байланысты орын алды?
Бүгінгі сауда-саттықтың ашылуында теңгенің айырбастау бағамы дүйсенбі күнгі сауда-саттықтың жабылуынан бастап 0,26%-ға және өткен аптаның басынан бері 0,65%-ға нығайып, бір доллар үшін 424,00-424,70 теңге аралығында ауытқуда. Ұлттық валюта бағамы наурыз айынан бастап алғаш рет бір доллар үшін 425 теңгеден төмен түсіп бекітілді. Бағам серпіні энергия тасымалдаушылар нарығындағы қазіргі үрдістерді көрсетеді.
Екі апталық құбылмалылық кезеңінен кейін сыртқы нарықтардағы ахуал айтарлықтай жақсарды. Брент сұрыпты мұнай бағасы бір баррель үшін 75 АҚШ доллары белгісінен қайта асып түсіп, өткен аптадан бері 9,2%-ға өсті. COVID-19-дың жаңадан өршу қаупіне қарамастан, энергия тасымалдаушыларға сұраныстың одан әрі жоғарылауын күту бағаның өсуіне негізгі фактор болды. Сонымен бірге нарыққа қатысушылардың көпшілігі биылғы жылғы тамыздан бастап күніне 400 000 баррельге ай сайын өндіруді ұлғайту туралы ОПЕК+ шешімін ескергенмен, мұнай ұсынысы әлі де шектеулі болып қалады деп есептейді.
АҚШ-тың қор нарығы коронавирустың дельта штаммын жұқтыру жағдайларының өсуіне және монетарлық ынталандырудың тез құлдырауын күтуге байланысты жаһандық қалпына келудің баяулау қаупінен туындаған шілденің ортасындағы құлдыраудан толық қалпына келді. Корпорациялардың есеп беру маусымының күрт басталуы инвесторлардың табыстың өсуіне байланысты оң үміттерін растады, бұл қор индекстерінің бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіштерін жаңартуға ықпал етті. Инвесторлар сентиментінің жақсаруы АҚШ долларының біршама әлсіреуіне және дамушы нарықтар валюталары тартымдылығының өсуіне ықпал етті.
– Базалық мөлшерлемені көтеру жөніндегі шешім теңгенің серпініне және жалпы валюта нарығының жай-күйіне қалай әсер етеді?
Кеше Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің кезекті отырысында базалық мөлшерлемені жылдық 9,25%-ға дейін 25 б.т. көтеру туралы шешім қабылданды. Базалық мөлшерлеме деңгейін көтеру өткен жылғы шілдеден бергі алғашқы өзгеріс болып табылады және ең алдымен инфляцияның жеделдеуіне негізделген. Маусымда Қазақстанда тұтыну бағаларының жылдық индексі 7,9%-ға дейін 0,7%-ға өсті, бұл 2017 жылғы қаңтардан бастап ең жоғары мән болып табылады.
Базалық мөлшерлемені көтеру теңгенің және теңгелік активтердің тартымдылығын арттыру есебінен ішкі валюта нарығының теңгерімді болуына септігін тигізеді. Алдыңғы берген сұхбаттарда валюта нарығындағы біршама теңгерімсіздікті және іскерлік белсенділіктің қалпына келуі мен кейінге қалдырылған сұраныстың іске асырылуы аясында тауарлар импортының өсуіне байланысты теңгенің жеткіліксіз түрде нығаюын атап өткенмін. Теңге бойынша неғұрлым жоғары мөлшерлеме бейрезиденттер тарапынан шетел валютасын ұсынудың өсуін ынталандырады, сондай-ақ салымдарды долларсыздандыру бойынша ішкі үрдісті қолдайтын болады.
Сонымен қатар жаһандық нарықтағы мөлшерлемелердің көтерілуін ескере отырып, теңге бойынша тартымды мөлшерлеме басқа валюталарға қатысты мөлшерлемелердің оң дифференциалын қолдайды. Мысал келтіретін болсақ, Ұлттық Банктің және Ресей Банкінің мөлшерлемелер дифференциалы – 2,75%, ал АҚШ ФРЖ федералдық қорлары бойынша мөлшерлемемен дифференциал – 9,00%.
Жыл басынан бастап отандық мемлекеттік бағалы қағаздарға шетелдік инвесторлардың белсенді түрде капитал әкелуін байқап отырмыз. Бұл үрдіс жалғасуда және алдын ала деректер бойынша бейрезиденттердің ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарына инвестицияларының қазіргі көлемі шамамен 800 млрд теңге болып отыр, ал биылғы жылдың басында бейрезиденттер инвестицияларының көлемі 430 млрд теңге болған еді.
Базалық мөлшерлемені көтеру бойынша қабылданған шешім ішкі валюта нарығындағы теңгерімді қолдауға және сыртқы инвесторлар үшін теңгелік активтердің тартымдылығын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, ұлттық валютаның олан әрі нығаюына алғышарт бола алады.