Елімізде тегін көмек алуға құқық беретін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бары белгілі. Яғни белгілі бір медициналық көмекті ақысыз алғысы келген адам жарнасын төлеуі керек. Кей адамдар қарызданып қалып жатады. Сондықтан тегін көмек ала алмауы мүмкін. Осы және өзге де мәліметтерді толығырақ түсіндіреміз.
Қандай пакеттер бар және оларға не кіреді?
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) іске асыру басталғаны белгілі. Аталған жүйе бойынша, азамат төлейтін жарна мөлшеріне қарамастан, сақтандырылған адамның бәріне бірдей пакет қызметі ұсынылады. Бұл ретте МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде пациент медициналық қызметтердің көлемі мен құнын шектемейді. Негізі МӘМС-тің біздег моделі әлеуметтік бағдарлы болғандықтан, 15 түрлі жеңілдік санатына кіретіндер үшін мемлекет жарнаны төлеп береді. Бүгінде екі пакет бар: тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), оларға сәйкес адамдар медициналық көмек ала алады.
Мемлекет ТМККК шеңберінде тегін медициналық көмекке кепілдік береді. ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысына сәйкес оған мынадай қызметтер кіреді:
– Жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек (санитариялық авиацияны, сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына алып келетін аурулар кезінде ұтқыр бригаданың қызметтерін қоса алғанда).
– Емханаларда қызмет көрсету (кең таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және басқару, халықтың нысаналы топтары үшін скринингтер, жүктілікті бақылау, профилактикалық егулер).
– Диагностика және емдеу:
– әлеуметтік маңызы бар аурулар (туберкулез, АИТВ және т. б.)
– созылмалы аурулар (қант диабеті, артериялық гипертензия, вирустық гепатит, ревматоидты артрит және т.б.).
– Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда медициналық көмек (оның ішінде айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқаспен қатынаста болған адамдарды оқшаулау кезінде).
– Мамандандырылған көмек көрсету кезінде, сондай-ақ қарсы профилактикалық егулер жүргізілетін аурулар тізбесіне сәйкес дәрілік заттармен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, белгілі бір аурулар мен жағдайлар бойынша диспансерлік есепте тұрған азаматтардың санаттары дәрі-дәрмектерді тегін ала алады.
Ал енді МӘМС пакетіне келесі медициналық қызметтер кіреді:
– амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек, оның ішінде:
1. профилактикалық медициналық тексерулер;
2. бейінді дәрігерлердің учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша қабылдауы мен консультациясы;
3. бейінді мамандардың созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық бақылауы;
4. уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету;
5. диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика (УДЗ, рентген, КТ, МРТ).
– мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, стационарлық медициналық көмек (жоспарлы және шұғыл нысанда, оның ішінде тәуліктік стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу-диагностикалық іс-шаралар өткізу);
– медициналық оңалту;
– стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету. Амбулаториялық жағдайларда белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттары үшін уәкілетті орган бекітетін медициналық бұйымдар тізбесіне сәйкес жүргізіледі.
Жарна көлемі қандай?
«МӘМС туралы» Заңға сәйкес жарналарды ай сайын төлеу қажет. Бұл ретте 2020 жылдың қаңтарынан бастап соңғы 12 айда төлемдердің болуы маңызды. Егер олқылықтар болған жағдайда «сақтандырылған» мәртебесі берілмейді. Жеңілдік алатындардың санатына кірмейтіндер міндетті түрде жарна төлеуі керек. Қазіргі таңда МӘМС қатысушыларының басым бөлігін жалдамалы қызметкерлер құрайды. Олар үшін жұмыс беруші өз есебінен 2 пайыз және қызметкер есебінен 2 пайыз төлейді. Сонымен бірге азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтіндер үшін де жарна берілуге тиіс. Жеке кәсіпкерлер болса, қызметкерлеріне ғана емес, өзі үшін де 1,4 ең төменгі айлықтың 5 пайызы немесе 2 975 теңге көлемінде төлеуге міндетті. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлейді. Ал оның ішінде МӘМС жарнасы кірістірілген. 2021 жылғы БЖТ көлемі қала тұрғындары үшін — 2 917 теңге, ауыл тұрғындарына — 1459 теңге.
Кімдер көмекті тегін ала алады?
Жеңілдігі бар категорияға жататын азаматтардың кей бөлігіне МӘМС-ті мемлекет төлейтінін айттық. Атап айтқанда, 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүгедектер, бала кезден бері мүгедек болған баланы бағып отырғандар, жұмыссыз жүрген қандастар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласын үйде қарап отырған әйелдер, жүктілігі мен босануына байланысты еңбек демалысын алғандар, жаңа туған баланы асырап алғандар, оны үш жасқа дейін бағып отырғандар, марапатталған көпбалалы аналар, күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындар, қылмыстық-атқарушы жүйе мекемелерінде сот үкімімен жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторында отырғандар. Осы санаттың ішінде біреуіне кіретін болсаңыз, демек тегін көмек ала аласыз деген сөз. Ал енді бұл категорияларға кірмесеңіз, еңбекке қабілетті болсаңыз, өздігіңізбен төлеуіңіз керек.
Өзі үшін төлейтіндерге нұсқаулық
Айтқандай, өздігіңізбен төлеуге болады. Ол дегеніміз ең төменгі айлық жалақының 5 пайызын немесе биылғы мөлшер бойынша 2 125 теңгені ай сайын төлеп отыру керегін білдіреді. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көмек алу үшін қарызыңыз болса, оны да төлеу міндетті. Яғни қай кезеңдер үшін төленбеген болса, соны толықтыру шарт. Қанша қарыз екеніңізді қалай білуге болады? Егер соңғы бір жылда адам жұмыс істеп не БЖТ төлеген болса немесе жеңілдігі бар категорияға кірген болса, өздігімен қарыз мөлшерін анықтау қиын. Сондықтан оны білу үшін Электронды үкіметтің сайтына кіру керек. Басты бетте «Денсаулық сақтау саласы» деген тұрады. Соның ішінен «Медициналық көмек» дегенге кіресіз. Осы Жерде «Қызметтер» дегенді тауып, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» дегенді басамыз. Осы қызметке тапсырысты онлайн беріп, соңғы бір жыл ішінде қолданушының атына аударылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасының көлемі туралы ақпарат ала аласыз.
Аталған құжаттың ішінде азаматтың МӘМС қатысушысы ма, жоқ па белгілі болады. Яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызметтер пакетін қолдануға құқығы бар не жоғы анықталады. Одан соң әлгі анықтаманың ішінде жарна төленген айлар, қай кезең үшін қарыз бар екені — бәрі шығады.
Қарыз болса, қалай төлейді?
Жоғарыда атап өткеніміздей, жалдамалы қызметкерлер үшін жарнаны жұмыс беруші төлейді. Мемлекет жеңілдігі бар санаттағы азаматтарға төлесе, өздігімен төлейтіндер мобайл банкинг арқылы демде төлем жасай алады. Ол үшін төлемдер бөліміне кіріп, МӘМС жарнасы дегенді таңдайсыз. Егер БЖТ емес, МӘМС үшін бөлек төлейтін болсаңыз, төлейтін адамның типін таңдау қажет болады. Жұмыс істемейтін азаматтар «Өздігімен төлейтіндер» санатына жатады. Мобайл қолданба арқылы төлейтін кезде әр кезеңге жеке-жеке төлейсіз. Яғни электронды үкімет порталынан қай кезең үшін қарыз бар екенін біліп алған соң, бар болғаны сол айларды толықтырасыз. Есіңізде болсын, бәрін бірден төлеп тастау мүмкін емес. Өздігімен төлейтіндер үшін бекітілген тариф — 2 125 теңге. Төлем жасалғаннан кейін жарна аударылып, шамалы уақыттан соң Медициналық сақтандыру қорының деректер базасында шығып тұрады. Төлем жасағаныңызды дәлелдеу үшін түбіртекті сақтап қойсаңыз болады.
Науқас құқығын қалай қорғай алады?
Қордың басты міндеттерінің бірі — науқас құқығын қорғау. Сондықтан Қор мамандары медициналық көмектің сапасын бақылайды, сонымен қатар оны көрсетуден бас тартудың себептерін тексереді. Азаматтар медициналық ұйымдарда қызмет алу кезінде қиындықтарға тап болғанда, көбіне өз құқығын қорғау үшін қайда бару керегін білмейді. Ендеше назарыңызға бірнеше әдісін ұсынамыз:
Науқастарды қолдау қызметі
Уақытты жоғалтпай, медициналық қызмет көрсетуді бақылау және жағдайды сол жерде шешу үшін арнайы құрылған науқастарды қолдау қызметіне хабарласыңыз. Әр емханада бұл қызмет:
• медициналық көмектің ішкі бақылауын жүргізеді;
• медициналық қызмет көрсету кезіндегі бұзушылықтарды анықтайды;
• өтініштер мен шағымдарды қарау мәселелерімен айналысады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен байланысу
Барлық медициналық ұйым денсаулық сақтау басқармасына бағынады, сондықтан сіз тікелей басқарма байланыс орталығына хабарласу арқылы өз мәселеңізді шеше аласыз.
Qoldau 24/7 мобайл қосымшасы
Qoldau 24/7 қосымшасына байланысқаннан кейін әлеуметтік сақтандыру қорының мамандары медициналық ұйымға хабарласып, ақпараттық анықтайды. Сөйтіп неліктен қызмет көрсетілмегенін тексереді.
Telegram-дағы SaqtandyryBot
Telegram-нан «SaqtandyryBot» тауып, оны іске қосыңыз. Бас мәзірден «1406 нөміріне өтініш жіберу» пәрменін таңдаңыз.
1406 бірыңғай байланыс орталығы
• тәулік бойы қоңырауларды қабылдайды;
• сұрақтарды өңдеу үшін арнайы құрылған үш деңгейлі модель бойынша өтініштерді қарастырады:
1. Бірінші деңгей — кеңес беру сипатындағы сұрақтар
2. Екінші және үшінші деңгей — егжей-тегжей зерттеуді қажет ететін өтініштер
fms.kz сайтындағы «Халықтық бақылау» бөлімі
Қордың сайтына кіріп өтініш қалдыруға болады. Ол үшін «Халықтық бақылау» бөлімін ашып, шағым не ұсыныс қалдыруды таңдаңыз.