Ashyq жобасының лидерлеріне қандай жеңілдік беріледі? Жобаға қалай қосылуға болады?
Сауда үйлері мен қызмет көрсету орталықтары жаппай Ashyq жобасына қосыла бастады. Әйтпесе есіктері ұзақ уақытқа жабылуы ықтимал. Қазір елдегі эпидахуал асқынып тұр. Бүкіл аймақ қызыл түске боялды.
Қанша кәсіпкерге QR-код берілді?
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, Ashyq арқылы жұмыс істеу – әлеуметтік-экономикалық нысандарда эпидахуалды бақылауға алуға, бизнес функциясын әлсіретпеуге мүмкіндік береді. Бірер күн бұрын бизнес-қауымдастықпен кездесуде Тоғжанов 22 мыңнан астам кәсіпкердің өтініш қалдырып, QR-кодтар алғанын мәлімдеген еді. QR-код алуды жеңілдету үшін «Атамекен» ҰКП өңірлерде көмек бекеттерін ашып та қойған.
2 тамыздағы ақпарат бойынша ел аумағында Ashyq жобасына қосылған кәсіпкерлер саны 74 мыңнан асқан. Ashyq жобасына қосылу үшін 28 шілдеде 3 754 өтінім қабылданса, 29 шілдеде 22 138 QR-код берілген. 30 шілдеде 13 364 кәсіпкердің өтінімі мақұлданыпты. 1 тамызда 2 665 нысан қосылса, 2 тамызға қараған түнде 232 бизнес Ashyq аясында жұмысын жалғастыруға өтінім берген. Нәтижесінде 2 тамыз таңертеңгі жағдай бойынша 74 156 бизнес субъекті Ashyq жобасы арқылы жұмысын жалғастырып жатыр.
Бүгін тағы 5 өңірде – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау мен Қарағанды облыстарында карантин шектеулері күшейді. Соған орай бизнес субъектілерінің де жұмысы шектелді. Дегенмен кәсіпкерлер Ashyq-қа қосылу арқылы кәсібін қайта жалғастыра алады. Ол үшін келушілерді кіреберістегі QR-код-ты түсіруге міндеттеуі қажет.
«Үкіметтің кәсібін адал жүргізетін бинесті қолдауда бізге жәрдемдесіп жатқаны қуантады. «Қою қызыл» аймаққа түскен бес өңірдегі жалғыз жол – кәсібін адал жүргізетін бизнесті қолдау. Көптеген өңірде жағдай ауыр, әсіресе, шағын және орта бизнес үшін өте қиын, онда 2 миллионнан астам қазақстандық жұмыс істейді, олардың несиелері, қызметкерлер алдындағы міндеттемелерді бар. Кәсіпкерлер пандемия жағдайында жұмыс істеп келеді, олар Ashyq жобасына сәуірден бастап белсенді қосылуда. Жаңа қаулы біздің мемлекеттік органдармен диалогымыз барын көрсетті, жағдайға мониторинг жүргіземіз деп келістік. 9 тамыздан кейін жобаға қатысушылар үшін қосымша стимулдар қарастырамыз» дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
Бизнес бәрібір зардап шегіп жатыр
Дегенмен осыншама оң үдерістерге қарамастан бизнес әлі еңсесін тіктеп кете алмай тұр. Кәсіпкерлердің айтуынша, олар жұмыс істемеген уақыт үшін мемлекеттен жеңілдік алуды қаламайды. Пандемия кадр тапшылығын күшейтіп жіберген. Бизнес-ортада қарапайым жұмыс істейтін маман тапшы. Кәсіп иелері көбіне соған шағымданады. Lanzhou тез тамақтану желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина маман жетіспей жатқанын айтады.
«Қоғамдық тамақтану саласында Ashyq пилоттық жобасына қосылған алғашқы компаниялардың бірі болдық. Біздің желідегі қызметкерлердің 50%-ы вакцинаның екінші компоннентін салдырды, 90%-ы алғашқы компонентін салдырған. Қазіргі кезде білікті мамандарды сақтап қалу үшін бізге демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беруді сұраймыз» дейді кәсіпкер.
Black Star Burger KZ компаниясының директоры Александр Рассказовтың сөзінше, апталық табыстың 80 пайызы сенбі-жексенбі күндері түседі екен. Сондықтан бизнес үшін демалыс күндерінің маңызы зор.
«Осы күндері жұмыс істей алмасақ – онда толығымен шығынға батамыз. Былтыр бізге жалға берушілер қолайлы жағдай жасады, әйтпесе көбіміз 2020 жылы-ақ жабылып қалар едік. Біз орналасқан сауда орталығы Ashyq жобасына қосылды, қазір бізде келушілер үшін қандай да бір қауіп жоқ» деді Рассказов.
Ashyq жобасының қандай көмегі бар?
Қысқасы, бизнес өкілдерінің мемлекетке жолдап отырған ұсынысы мынадай:
• Әдеттегі және демалыс күндері Ashyq жобасының жауапты қатысушылары үшін жұмыстың уақытша шектеулерін алып тастау;
• Жобаға қатысушылар ретінде қызметтің жаңа түрлеріне рұқсат беру;
• Демалыс күндері қоғамдық көлікке жұмыс істеуге рұқсат беру;
• «Демалыс күннің» локдауны жағдайында жергілікті бюджет қаражаты есебінен қызметкерлерді ұстау үшін қаражатты өтеу, коммуналдық және жалдау төлемдерін өтеу;
• Қазақстандық көрмелерге шетелдік қатысушылар үшін кіру визасын алу процедурасын жеңілдету.
Өз кезегінде Тоғжанов «мемлекет талап еткен шарт сақталып, қауіпсіздік қамтамасыз етілсе, ешкімнің жұмысы тоқтап қалмайды» деді.
Ал Ashyq қатысушыларына мынадай жеңілдіктер жасалып отыр:
• «Жасыл» және «қою қызыл» аймақтардағы жоба қатысушыларына жұмыс кестесі қосымша 2 сағатқа ұзартылады, сондай-ақ объектінің толтырылуы 10%-ға артады;
• Тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды, соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылған адамдарды қоспағанда ұжымның (персонал) ең кемі 90%-ы вакцинаның бірінші компонентін салдырған компанияларда нысан толымдығы 20%-ға артады;
• «Қызыл» аймақтағы қатысушылар «сары» аймақтың шартымен, «сары» аймақтағы қатысушылар «жасыл» аймақтағы шаттармен жұмыс істейді.
Жобаның іске қосылуымен сауда ойын-сауық орталықтары, базар, қоғамдық көлік, санаторий, қонақүй, мейрамхана, білім беру ұйымдары жұмыс істеуге мүмкіндік алған. Ал Ashyq-ты пайдаланушылар саны 4 миллионнан асқан. Шілде айының басынан бастап жобаға ерікті ретінде (жеңілдіксіз) ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен жабық базарлар кірді.
Ashyq вирус жұқтырған және байланыста болған адамдарды жиі анықтай бастаған ( 5 шілдеде 167 «қызыл» статус болса, 16 шілде бұл көрсеткіш 461-ге жетті). Жоба басталғаннан бері карантин талабын бұзған 26 мыңнан астам адам анықталыпты (15,4 мыңнан астам «қызыл» және 10,7 мыңнан астам «сары»). Аурудың алдын алу жағдайларының саны 55 мыңнан асады.
Ashyq жобасына қосылғысы келген кәсіпкерлер бұл мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП-ға 1432 call-орталық арқылы хабарласа алады.