Автокөлігі бар адамдардың медициналық қобдишасы болуы да міндетті. Жолда не болары белгісіз болғандықтан, бұған бей-жай қарамаған дұрыс. Айтып келмейтін апат немесе аяқ-асты біреудің ауырып қалуы мүмкін жағдайларды жоққа шығара алмаймыз. «Не бола қояр дейсің?» немесе «Құдай сақтасын» деп жүре берген жөн болмайды. Осы ретте еліміздегі заң бойынша 2021 жылы дәрі қобдишасында не болуы керек, болмаған жағдайда қандай шара қолданылады — осы туралы тарқатып айтып береміз.
Жол апатынан жарақат алғанда жедел-жәрдем келгенге дейін көмек беретіндей дәрі-дәрмек жаныңызда болуы керек. Сондықтан жолға шыққан екенсіз, мұндай қауіп барын да ұмытпаңыз. Одан бөлек, тіпті апатқа ұшырамаған күннің өзінде бір жерді зақымдап тіліп алғанда, улы жәндік шағып алғанда, денені күйдіріп алғанда дегендей жағдайлар да қобдишадағы заттардың көмегі көп болады.
Ішінде не болуы керек?
Біле білсеңіз, 2014 жылға дейін дәрі қобдишасының ішінде болуға міндетті заттардың тізімі қазіргіден ұзын-сонар еді. Бірақ кейіннен дәрілерді алып тастап, 3 пайыздық сутегі пероксиді (асқын тотығы) ерітіндісін қалдырды. Өйткені жол үстінде жүргенде дәрілердің сақталуы керек температура режимін бұзбау мүмкін емес еді. Айталық, автокөліктің артында, күн сәулесі түсіп тұрған терезенің үстінде жатқанда, дәрінің сақталу талабы бұзылады. Ал ол болса, әлгі дәріні жарамсыз қылатыны белгілі.
Қобдишаның құрамы мынадай:
1. Сутек пероксидінің 3 пайыздық ерітіндісі — 1 флакон
2. Зарарсыздандырылған дәке бинті 5м х 10 см — 1 дана
3. Зарарсыздандырылмаған дәке бинті 5м х 10 см — 1 дана
4. Зарарсыздандырылмаған дәке бинті 7м х 14 см — 1 дана
5. Зарарсыздандырылған медициналық дәке салфеткалар — 1 дана
6. Зарарсыздандырылған таңу пакеті — 1 дана
7. Зарарсыздандырылған медициналық гигроскопиялық мақта 50 г — 1 дана
8. Қан тоқтатқыш жгут — 1 дана
9. Бактерицидті лейкопластырь — 5 дана
10. Медициналық лейкопластырь — 1 дана
11. Эластикалық түтікшелі бинт № 1, 3,6 — бір-бір данадан
12. Зарарсыздандырылмаған медициналық қолғаптар — 1 жұп
13. Доғал ұшты қайшы — 1 дана
Міне, автокөліктің артында жүруге тиіс заттар тізімі осылардан тұрады. Жедел медициналық көмек көрсетуге арналған бұл жиынтық 2014 жылдың 18 қарашасында бекітілген еді. Сөйтіп 2015 жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енген. Одан кейін автокөлікке арналған медициналық қобдишаның құрамы өзгерген емес. Бір айта кететін жайт, Ресейде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрамына бір реттік үшқабатты бетперделер қосылды. Әдетте көрші елдің заңына енген өзгеріс бізге де енгізілетінін ескерсек, бәлкім, таяу уақытта бептерде қосылып та қалуы мүмкін. Әрі пандемия кезінде қалтаға бір емес, бірнеше бетперде салып жүру әдетке айналғалы қашан?!
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 таратудан сақтау мақсатында медициналық жиынтықтың құрамын белгілеген еді. Олардың ішінде термомтер, медициналық бетперделер, дезинфекциялайтын құралдар және бейстероидтық қабынуға қарсы препараттар бар. Бұлардың автокөлік қобдишасында болуы міндеттелмейді. Десе де, әр шаңырақта болғаны абзал.
Дәрі қобдишасы болмаса не істейді?
Стандарт бойынша, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылатын техникалық талаптардың ішінде М1, М2, М3 категориясының I санаты, N1, N2, N3 категориясындағыларда кем дегенде бір, М3 категориясының II және III санатындағы автобустарда үш медициналық қобдиша болуы міндетті. Жеңіл автокөліктер М1 категориясына жататындықтан, оның ішінде бір дәрі қобдишасы болуға тиіс. Бұдан бөлек талаптарға келсек, қобдиша қазіргі нормативтік құжаттарда көрсетілген талапқа сай жинақталып, көзге көрінетін, оңай алынатын жерде болуы керек. Егер втокөліктің қобдиша болмаса, ол әкімшілік құқықбұзушылық саналады. Соған сәйкес, 5 АЕК немесе биылғы есеп бойынша 14 585 теңге айыппұл салынады. Іс жүзінде жол-патрульдік полициясы қызметкерлері тексеріс кезінде, яғни куәгерлердің көзінше және видеожазба қосылған түрде ғана бар-жоғын сұрай салады. Жай ғана көліктің артын ашып, медициналық жиынтықтың құрамын тексеруге болмайды. Толықтай жабдықталған қобдишаны автокөліктің техникалық байқауын жүргізген кезде көрсету қажет.
Қайдан алса болады?
Бүгінде дайын медициналық қобдишаны сатып алу оп-оңай. Яғни тізім бойынша жинақтап жүрместен дайынын ала салуға болады. Дәріханалардан бастап, интернет-дүкендерде самсап тұр. Бағасы да әртүрлі. Шамамен 900 теңгеден басталып, 3-5 мыңға дейін. Бір алып қойсаңыз, орта есеппен 4 жарым жылға жарамды. Қалауыңызға қарай дайынан алуға болатынындай, өзіңіз де жинасаңыз болады. Мысалы, кей жүргізушілер өзіне нақты керек заттармен толтырады. Бұл — жеке дәрі қобдишаңыз. Демек, тізімде болуы міндетті дәрі мен заттардан бөлек, өзіңізге керегін де қосып қойсаңыз болады. Әлбетте, бұл жерде маңыздысы — ел аумағында тыйым салынбаған дәрілер болуы шарт. Сонымен бірге машина айдайтын адамдарға ішуге болмайтын, яғни құрамында спирті бар, реакцияны баяулатып, көздің көру қабілетін нашарлататын дәрілерге де рұқсат жоқ. Ендеше, қандай заттармен толықтыруға болатынына да тоқтала кетсек. Антисептикалық майлықтар салып жүрген дұрыс. Өйткені балалар жарақат алғанда зарарсыздандыруға жақсы. Одан бөлек, күйік шалғанда жағатын жақпа май, соғып алған жерге басатын гипотермиялық пакеттің де пайдасы мол. Көзге бірдеңе кіріп кеткенде тамызатын арнайы ерітінділер де артық болмайды. Сонымен бірге жүрек айнығанды басатын препараттарды да салып жүрген жөн.
Қолдануға қатысты шағын нұсқаулық
Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен адамдарға медициналық алғашқы көмек қобдишасының құрамына кіретін заттарды мынадай түрде қолдану ұсынылады:
а) жол-көлік оқиғалары нәтижесінде зардап шеккен адамдарға алғашқы көмек көрсету кезінде барлық манипуляцияны мeдициналық қолғаптармен жасау қажет;
б) ірі (магистральді) қан артерияларынан артериялық қан кету кезінде тамырды саусақпен басып, жазбада жгут салу уақытын көрсете отырып, зақымдалған жерден жоғары басып тұрған жерге қан тоқтататын жгутты және жарақатқа (қысып) байланатын таңғышты салу керек;
в) жарақат болған кезде зарарсыздандырылған салфеткалар мен бинттерді немесе зарарсыздандырылған таңу пакетін пайдаланып, (қысып) байланатын таңғышты салу керек.
Жарақаттан қан ақпаған кезде және қысып байланатын таңғышты салу мүмкіндігі болмаса, онда жарақатқа зарарсыздандырылған салфетканы салып, оны лейкопластырьмен бекіту керек. Ұсақ жарақаттар кезінде бактерицидтік лейкопластырьді пайдалану қажет. Сутегі тотығын механикалық тазалау және беткі жаралардан капиллярлық қан кетуді тоқтату үшін қолданады. Жарақатқа зарарсыздандырылған дәке салфеткалар салынады.