«Нысандарға Ashyq қосымшасы арқылы кіру азаматтардың құқын бұза ма?» Ashyq жобасына байланысты ең маңызды сұрақтардың жауабы
Қазір кәсіпкерлік нысандар Ashyq жобасына қатыстырылып жатыр. Олай болмаған жағдайда эпидемиялық жағдайды бақылау қиынға соғар түрі бар. Осыған орай жобаға қатысты ең маңызды сауалдар мен жауаптарды жариялап отырмыз.
Статусты нысанға кірмей қашықтан тексеруге мүмкіндік қарастырылған ба?
Иә, статусты үйден шықпай-ақ ashyq.kz сайтынан тексеруге болады. Статусты тексеру үшін қосымшаны жүктеп алу қажет. Осы ретте сайтта орналасқан QR бейтарап болады, яғни код ешқандай бизнес нысанына жатпайды.
Қосымшада вакцина алған адамдар қалай анықталады?
Ағымдағы жағдайда вакцина алған адамдар туралы деректер қосымшада көрінбейді. Қазіргі кезде Ashyq жобасын вакциналау паспортымен біріктіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жүйелерді интеграциялаудан кейін вакцина алған азаматтарға қосымшада «жасыл» статус белгіленеді. Сонымен қатар COVID-19-ке ПТР-тестілеуі (72 сағат) теріс шыққан адамдарда «жасыл» статус болады.
Нысандарға Ashyq қосымшасы арқылы ғана кіру азаматтардың еркін қозғалуға қатысты конституциялық құқығын бұзбай ма?
Азаматтардың конституциялық құқығы бұзылмайды, өйткені Ashyq жобасын бизнес субъектілері ерікті түрде қосып жатыр. Қатысушы бизнес иесі келушілер статусын тексеру жауапкершілігін өзіне алады. Бүгінде нысанға кірерде «қызыл» статусты 1236 адам және «сары» статусы бар 541 адам анықталған.
ПТР-тестілеуді мүлде тапсырмаған адамдарға қоғамдық орындарға баруға жол ашатын «көк» статустың берілуі қоғам үшін қауіпсіз бе?
«Көк» статус бейтарап белгі, демек мұндай статусы бар адамдар ҚР ДСМ базасында ПТР-тестілеуі оң науқастар қатарында жоқ және науқас адаммен байланыста болмаған. Келуші статусының өзгеруі ҚР ДСМ деректер базасындағы ақпаратқа байланысты.
Азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігі қалай сақталады (байланыс нөмірлері, ЖСН)?
Қазіргі таңда Ashyq жобасы «Электронды үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторы болып табылатын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ серверінде қорғалған контурда орналасқан.
Қосымшада азаматтардың жүріп-тұруын бақылау мүмкіндігі бар ма?
Ashyq мобильді қосымшасының азаматтардың орналасқан жерін бақылауға қатысты функциясы жоқ. Телефон баптауларында әр адам қосымшаның неге рұқсат сұрап жатқанын көре алады.
Сынақ режимінде жобаға қатысып жатқандарға жеңілдіктер қарастырылған ба? Қатысушылар мен сынақ-қатысушылар арасында қандай айырмашылық бар?
Бизнес субъектілері QR-кодын алғаннан бастап алғашқы 7 күн сынақ режимінде жұмыс істеуге құқылы, яғни процестерді реттеп, қызметкерлерді оқытады. Сынақ режимінде жұмыс істеп жатқан ұйымдарға Ashyq жобасы аясында қарастырлған барлық жеңілдіктер беріледі. Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін, егер мониторинг тобы жобаға қатысу талаптарының бұзылғанын анықтаса, кәсіпкерлік субъектісі 2 аптаға жобадан шығарылуы мүмкін.
Ashyq жобасын қатысатын және қатыспайтын ШОБ нысандарының жұмыс кестесінде қандай айырмашылық бар?
Қосымшаның індетке шалдыққан адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін қосымша функциясы арқылы жобаға қатысушылар басқа бизнес субъектілеріне қарағанда жұмыс кестесі бойынша бірқатар жеңілдікке ие. Мысалға «қызыл» аймақта бильярд, компьютер клубтары, боулинг, караоке, көрмелер жұмысына тыйым салынған. Бірақ, осы салаларда Ashyq жобасымен жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер жекелеген шектеулермен жұмыс істеуге рұқсат алады. Шектеулер және жеңілдіктер тізімі Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №18 қаулысымен анықталған.
Мемлекеттік органдар Ashyq жобасы арқылы жұмыс істей ме?
Қазіргі кезде мемлекеттік органдардың Ashyq қосымшасымен жұмыс істеуі ерікті ретінде мүмкін, жеңілдіктер берілмейді.
Мониторинг топтары заңсыз әрекет жасаса, қайда хабарласуға болады?
ҚР Бас прокуратурасында 115 нөмірі бойынша байланыс орталығы жұмыс істейді (қоңырау шалу тегін), осы нөмірге кәсіпкерлер карантин шектеулері бойынша тексерулер кезінде мониторинг топтарының заңсыз әрекеттері туралы шағым түсіре алады. Сонымен қатар, бизнесті қорғаудың өңірлік мобильді топтары тәулік бойы жұмыс істейді.
Ashyq жобасының ерікті қатысушылары кім?
Жобаға ерікті қатысушылар ретінде қызметіне жұмыс істеу рұқсат етілген (Бас санитар дәрігердің №18 қаулысына сәйкес) және карантиндік кезеңге арналған іс-шараларды жүргізудің бекітілген алгоритмдері бар нысандар қосыла алады. Ashyq жобасына ерікті қатысушыларға қатысты жеңілдіктер қарастырылмаған. Жобаға ерікті қатысушылар туралы ақпарат әкімдіктер сайттарына жариялау жоспарланған.
Шетелдік азаматтарды қалай белгілеуге болады?
Қазіргі кезде бейрезиденттерді нысанда төлқұжат нөмірін қолмен теру арқылы тіркеуге болады. Шетелдіктер ПТР тапсыруында төлқұжат деректері терілетіндіктен денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасымен салыстыру іске асырылып, келушіге сәйкес статус беріледі.
Желі немесе қосымшаның өзінде техникалық ақау орын алса не істеу керек?
Интернет, wi-fi-ға байланысты техникалық ақаулар шыққанда бизнес субъетісі жұмыс істеуін тоқтатпайды. Техникалық кедергілер туындаған кезде нысанға «күзетші режимін» қосып, келушінің деректерін қолмен теруге кеңес береміз.
Еске салайық, «Атамекен» ҰКП мен цифрлық даму министрлігі бірлесіп, Ashyq қосымшасын InfoKazakhstan.kz сайтында тіркеу рәсімін жеңілдетті. Автоматтандырылған жүйе QR-кодты 2 сағатта алуға мүмкіндік береді.
Бүгін Қарағанды облысында көмек көрсету мақсатында жабық және көше базарларына өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары шықты. Қарағандының танымал базарларының бірінде 77 жалға алушы өтінім берген, олардың 22-сі QR-код алды. Қарағанды облысындағы көмек көрсету пунктері бүгінде өңірдің 18 ауданында және ірі қалаларында жұмыс істейді.
9 тамыздан бастап Ashyq-пен жұмыс істейтіндер 22.00-ге дейін, ал Ashyq-пен жауапты жұмыс істейтін – Ashyq лидерлеріне 24.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілмек.