Машина жасау және индустрияландыру: міндеттері, жобалары, болашағы.

Жарияланды
Машина жасау саласының үлесі 14%, барлық өнеркәсіп үлесінде 7% құрайды.

Тарихи тұрғыдан алғанда аз ғана уақттың ішінде Қазақстанда ел үшін маңызды машина жасау кешені құрылды. Қазақстан машина жасаушылар одағы сарапшыларының бағалауынша еліміздің өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы машина жасау саласының үлесі 14%, барлық өнеркәсіп үлесінде 7% құрайды,-деп хабарлайды ҚР  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Индустрияландыру бағдарламалары аясында машина жасау саласын дамытуға үлкен серпін берілді.

Қандай шаралар атқарылды

Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы дағдарысқа қарсы маңызды бағдарламаға айналып, экономиканың барлық салаларын қамтыды. Бұл кезеңге жинақталған қуатты жоғалтпай, ел өнеркәсібін бірыңғай желіге қосу міндеті қойылған еді. Нәтижесінде өндіріс пен бизнесті дамыту үшін қажетті көлік, энергетика және өнеркәсіптік инфрақұрылым белсенді түрде құрылды.

«Машина жасау – Қазақстанда нөмірі бірінші нарық десек те болады. Елдегі барлық тауарлар импорты 35,4 млрд АҚШ долларынан асатын болса, оның жартысына жуығын (48,9%) машина жасау өнімінің импорты құрайды. Оның көлемі 17,3 млрд АҚШ долларын құрайды», – дейді «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ салалық даму дирекциясының басшысы Әсет Адахаев.

Машина жасау саласы қосымша құны жоғары өнім шығарады және экономиканың басқа салалары – агроөнеркәсіптік кешен, энергетика және металлургия секторлары, көлік және басқа салалардың тұрақты қызметін қамтамасыз етеді. Сондықтан оны дамыту – ел Үкіметі үшін басым міндеттердің бірі.

Химия және фармацевтика өнеркәсібімен қатар, машина жасау саласы экономиканы сапалы әртараптандыру үшін барынша перспективалық бағыт болып саналады. Мұнда бір жұмыс орнын құру сабақтас салаларда бес-алты жұмыс орнының ашылуына әсер етеді. Сондықтан, мемлекеттік қолдау бірінші кезекте осы салаға көрсетіледі.

Екінші бесжылдықта алты басым сектор: автомобиль жасау, мұнай-газ, тау-кен және электр жабдықтарын өндіру, ауыл шаруашылығы және теміржол машинасын жасауды қолдау бойынша мемлекеттік тетіктер әзірленіп, өз нәтижесін берді.

QazIndustry орталығының мәліметінше, 2009-2020 жылдар аралығында өндіріс көлемі ақшалай алғанда 6,4 есе өсіп, рекордтық ең жоғары көрсеткіш – 1,8 трлн теңгеге жетті.

Индустрияландыру жылдарында қазақстандықтар жаңа тауарлар: электровоздар, жолаушылар вагондары, қуаты аз тракторлар, автотіркеуіштер, пресс-жинауыштар, желдеткіш жабдықтар, теміржол дөңгелектері, осьтер және теміржол саласына арналған басқа да жиынтықтауыштар, Орталық Азия нарығы үшін өндірісі бірегей – аса қуатты трансформаторлар, модемдер мен коммутациялық жабдықтар және тағы басқаларын жасауды меңгерді.

«Alageum Electric» компаниялар тобының өзі жыл сайын 300-ге дейін жаңа өнім шығарады. Сұраныс артып, сатып алушылардың жабдықтарға қоятын талаптары ұлғайып келеді.

«Қазақстандық машина жасаудың қосылған құнның жаһандық өндірістік тізбегін құру бойынша үлкен перспективалар бар. 90- жылдары ол болған жоқ. Қазіргі уақытта көптеген кәсіпорындар әлемдік машина жасаудың ірі брендтерімен бірлесіп жұмыс істеуде. Мысалы, Өскемендегі «Силумин Восток» компаниясы «Шнайдер Электрик» компаниясымен ынтымақтастықта жоғары экспорттық құраушысы бар электр машина жасау өнімдерін шығарады. Сондай-ақ, «АВЗ» ЖШС мен әлемге әйгілі LG Electronics арасындағы ауаны баптау және желдету жүйелері өндірісіндегі ынтымақтастықты атап өткен жөн. Мұндай мысалдар жеткілікті. Бірақ еліміздің ең басты жетістігі – Қазақстанда болмаған секторларды дамыта алдық.»,- деп санайды QazIndustry салалық даму дирекциясының басшысы.

Саланың өркендеуі және жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы отандық өндірушілерге қатысты мемлекеттік саясаттың арқасында мүмкін болды.

2020 жылы салада 3 007 кәсіпорын тіркелген: 63 ірі, 102 орта және 2842 шағын кәсіпорын. Шамамен 14,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Көршілес салаларды ескере отырып, 70-80 мың адам жұмыспен қамтылды деуге болады.

Қазақстанның ең ірі машина жасау кәсіпорындарының қатарында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «ЕПК Степногорск» АҚ, «Қайнар-АКБ» ЖШС, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Агромашхолдинг KZ» АҚ, «Атыраумұнаймаш» АҚ, «ААМЖЗ» АҚ және «ПЗТМ» АҚ бар.

Шын мәнінде 10 жыл ішінде елімізде машина жасау өндірістерінің саны 76,8% өсті. Индустрияландыру бағдарламасы басталғанға дейін олардың саны 1700-ге жетпейтін еді.

Экспорт – басты назарда

Машина жасауды дамытуға негізгі өндірістік қорларды, сұраныс пен экспортты жаңғыртуды қолдаудың түрлі нысаналы мемлекеттік бағдарламалары, техника лизингі бойынша арнайы жағдайлар, жобаларды қамтамасыз етуге арналған жеңілдікті қаржы құралдары, гранттар, жеңілдікті автонесиелеу бағдарламасы және басқа да құралдар ықпал етеді.

Машина жасау өндірісін дамыту негізінен Қазақстанның ішкі нарығына бағдарланған. Дегенмен сала өнімдерінің экспорты да артып келеді. 2009 жылдан бастап экспорт көлемі 3,3 есе өсті (2009 жылы 395,3 млн. АҚШ долларын, 2020 жылы 1 309,4 млрд. АҚШ долларын құрады). Өткізу нарықтары кеңейтілді. ЕАЭО елдерінен басқа, отандық өнімді жақын және алыс шетелдер – Әзірбайжан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, БАӘ, Бенин, Люксембург, Венгрия пайдаланады.

Өсімді негізінен мұнай-газ, теміржол машина жасау және электр жабдықтары өнімдері қамтамасыз етті.

Отандық автомобиль жасау саласы да экспорттық позицияларын нығайтуда. Егер 2010 жылы Қазақстаннан тек 3 машина экспортталса, 10 жылдан кейін, яғни 2020 жылы 8 122 көлік экспортталды. Экспорттың негізгі бағыты – Өзбекстан мен Ресей. Алайда, біздің автоөнеркәсіптің мақсаты – ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру. Өткен жылы 77 400 автокөлік жиналып, биыл оны 100 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Алайда, бірқатар қазақстандық кәсіпорындардың технологиялары мен жабдықтары ескіріп, бәсекеге қабілеттілігін жоғалтатынын жоққа шығаруға болмайды. Бұл проблеманы шешу үшін ҚР ИИДМ өндірістерді жаңғырту үшін ынталандыру шараларын әзірледі. Оларды кәсіпорындар өндірістік қорлар мен тауар желісін жаңартудың қажетті шараларын атқару үшін пайдалана алады.

Машина жасау саласының кадрлық әлеуеті

Korn Ferry зерттеу нәтижелері бойынша 2030 жылға қарай дамыған елдерде мамандардың өткір тапшылығы туындайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай әлемдік экономиканың баяулауына, шамамен 8,5 трлн АҚШ долларын жоғалтуға әкелуі мүмкін және тіпті барлық салаларда технологияның баяулауына әсер етуі ықтимал. Korn Ferry сарапшылары кәсіпорындарға кадрлық әлеуетті арттыруға баса назар аударуға кеңес береді.

Білікті мамандар – кез келген өндірістің басты және маңызды факторларының бірі. Басқа салалар сияқты машина жасау да жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігіне тап болады.

PriceWaterhouseCoopers еліміздің 60 кәсіпорыны басшылары арасында сауалнама жүргізді. Олардың 90%-дан астамы білікті мамандар тапшылығын өндірістік мәселелер арасындағы басты проблема ретінде атап көрсеткен.

2024 жылға дейінгі кезеңге арналған Машина жасауды дамытудың жол картасында саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету басты міндеттердің қатарында тұр. Оны мемлекет дуальды білім беру жүйесін жетілдіру есебінен шешпекші. Атап айтқанда, өндірістік тәжірибеден өтуге жұмсалатын шығындар бірлесіп қаржыландырылады. Атап айтқанда, шығындардың 70% мемлекет және/немесе оқу орны, 30% жұмыс беруші өтейді.

Кәсіпорындардың оқу орындарымен тығыз ынтымақтастығы оң нәтиже береді. Бірқатар кәсіпорындар мамандар жетіспеушілігі мәселесін бейінді білім беру мекемелерін қамқорлыққа алу және толық иемдену арқылы шешуде. Бұл студенттер мен курсанттарға өндірістік процесс шеңберінде ең қажетті білім беруге мүмкіндік беріп, оқушылар нақты жұмыс орындары мен табысты қызметке тұратынына сенімді болады.

Сапалы білім беру процесі еңбек нарығына серпін әкеліп,  дамытуға мүмкіндік береді. Білім беру стандарттарын бизнес өзекті ететін салалық біліктілік шеңберіне және кәсіби стандарттарға бейімдеу қазақстандық машина жасау құзыреттерін арттырып, оларды жаңа бағыттарға қаржыландыруы тиіс.

Индустрияландырудың жаңа жобалары

Индустрияландырудың үшінші кезеңі экспортқа бағдарланған жобаларды дамытуға бағытталған. Бұл бес жылда мемлекеттік қолдау шаралары ішкі нарықты сапалы өніммен толықтыруға және экспорттауға бағытталады.

Басты назар терең өңдеу деңгейі мен қосылған құнның жоғары деңгейі бар өнім шығаруды қолдауға аударылады.

Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Онда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерін өндіруге арналған компоненттер, бөлшектер мен тораптардың мыңға жуық атауы шығарылады. Осы жерде Қостанай өнеркәсіптік аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарына арналған жинақтауыштардың құю өндірісінің құрылысы басталды.

Биыл «Kaspy Service» ЖШС мұнара крандары мен лифтілер шығаратын зауыттың, «United Energy Qazaqstan» ЖШС жел генераторларын шығаратын зауыттың, «Сайман корпорациясы» ЖШС аспап жасау зауытының құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Еуропаның, Жапонияның, Канаданың, АҚШ-тың дамыған нарықтары экологиялық таза өнімдер мен көлік өндірісін дамытуға ерекше назар аударады. Бұл біздің еліміз үшін де маңызды.

ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ҚР ИИДМ-ге экспортқа бағдарланған электромобильдер өндірісін одан әрі дамыту, қажетті инфрақұрылым құру мәселесін пысықтау тапсырылды. Бұл тапсырма сәтті орындалып жатыр.  

Қазақстандық «СарыарқаАвтоПром» зауыты JAC iEv7S электромобильінің сериялық өндірісін іске қосуға дайындалып жатыр. ЕАЭО-ның барлық аумағында автомобильді айналымға шығаруға мүмкіндік беретін Кеден Одағының көлік құралын мақұлдау сертификаты алынды. Халық арасында модельді танымал ету үшін сату көлемін дамытуға бағытталған ынталандырун шаралары дайындалуда.

Мемлекет басшылығы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдына үшінші бесжылдыққа маңызды индикаторлар қойып отыр. 2025 жылға қарай машина жасау мен өңдеу өнеркәсібінде экспорттық көлем екі есе, еңбек өнімділігінің нақты өсімі 1,6 есе, негізгі капиталға салынатын инвестициялар 1,6 есе өсуге тиіс. Отандық машина жасау саласының әлеуеті зор. Импортты алмастыру есебінен ғана 16,5 млрд АҚШ долларынан астам көлемде тауар өндіруге болады.

 

Сондай-ақ оқыңыз