Асыға күткен Токио олимпиадасы да аяқталды. Жазғы ойындар Қазақстан спортшылары үшін сәтті бола қойған жоқ. 14 спорт түрі бойынша сынған түскен 96 спортшының ішінен тек 8 жүйрік қана қола жүлде жеңіп алды. Осылайша, ел құрамасы жалпы есепте 83-орынға табан тіреді.
Токио олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алған спортшылар:
Елдос Сметов, дзюдошы (60 келіге дейін);
Игорь Сон, ауыр атлет (61 келіге дейін);
Зұлфия Чиншанло (55 келіге дейін);
Қамшыбек Қоңқабаев, боксшы (+91 келі);
Сәкен Бибосынов, боксшы (52 келіге дейін);
Нұрислам Санаев, еркін күресші (57 келі);
Дархан Асаділов, каратэші (67 келі);
Софья Берульцева (61 келі).
Тәуелсіздік алғалы бері қатысқан жазғы ойындардың ешбірінде ел құрамасы дәл бұлай шарасыз қалып көрген емес-ті. Егемендік алғалы бері еліміз қатысқан олимпиада ойындарының нәтижесі мынадай:
Атланта (1996)
3 алтын, 4 күміс, 4 қола. Жалпы есепте 24-орын.
Сидней (2000)
3 алтын, 4 күміс. 22-орын.
Афина (2004)
1 алтын, 4 күміс, 3 қола. 40-орын.
Бейжің (2008)
2 алтын, 3 күміс, 4 қола. 37-орын.
Лондон (2012)
3 алтын, 1 күміс, 7 қола. 24-орын.
Рио (2016)
3 алтын, 5 күміс, 10 қола. 22-орын.
Осыдан бес жыл бұрын Рио төрінде жүлде алған жүзгіш Дмитрий Баландин (алтын), боксшы Василий Левит (күміс), дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг (қола), жеңіл атлет Ольга Рыпакова (қола), еркін күрес шебері Эльмира Сыздықова (қола) бұл жолы дәл мұндай деңгейлеріне қол жеткізе алмады.
Қазақстанның олимпиада ойындарының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне арнап ақшалай сыйақы тағайындағаны да белгілі. Алтын – 250 мың, күміс – 150 мың, қола – 75 мың доллар.
Көпшіліктің әсіресе, боксшылар жолына үмітпен қарағаны жасырын емес. Алайда құрама үздігі деген боксшылардың барлығы қирай жеңіліп, соңғы үміт Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосыновқа артылған. Алайда құрама капитаны Қамшыбек америкалық Ричард Торреске еш айла жасай алған жоқ. Сөйтіп, қоланы қанағат қылды. Ал жеңіл салмақта атой салған Сәкен Бибосынов ұлыбританиялық қарсыласы Джалал Яфайды жеңгендей еді. Иә, бірінші раундта британиялық белсендірек қимылдады. Дегенмен Сәкеннің екінші және үшінші раундтарда басым болғанын көзі жақсы көретін адамның бәрі байқады. Алайда төрешілер басқаша шешім қабылдады.
«Қолдау көрсеткен жанкүйерлеріме алғыс білдіремін. Жекпе-жекте бірінші раундта есе жібердім. Ол жерде нокдаун санайтын соққы болған жоқ деп санаймын, есімді жоғалтқан жоқпын. Бірақ төрешінің шешімі осылай болды. Екінші және үшінші раундта ұтқан сияқтымын. Бар күш -жігерімді салдым. Елге оралған соң мұнымен тоқтап қалмаймыз, бапкермен қателікпен жұмыс істейміз, алдағы жарыстарда күш-жігерімізді салып, елімізді тек қана алтынмен қуантуға тырысамыз» деді Сәкен Бибосынов.
Олимпиада чемпионы, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев жаттықтырушылар кеңесі қателіктерді түзеп, жоспарды қайта түзеді дейді.
«Бас жаттықтырушыларды тағайындаған кезде жауапкершілік толығымен оларға жүктеледі, өйткені олар оқу-жаттығу жиындарының, бәсекелестік процестің кестесін жасайды, бірақ көп нәрсе спортшылардың өздеріне де байланысты. Олар Сәкен сияқты шығып, соңына дейін күресуге тиіс. Бұл жерде тандем болуы қажет – бір жағынан бапкерлердің жұмысы: спортшыны жақсы дайындау, жүйелі тәртіп орнату, екінші жағынан спортшылар күш-жігерін салуы керек. Әрбір олимпиада ойындарынан кейін спорт түрлері бойынша федерациялардың, спорт қызметкерлерінің, Ұлттық Олимпиада комитетінің қатысуымен талдау жасалып, кеңейтілген отырыс өткізіледі. Жаттықтырушылардың біліктілігі, олардың ротациясы қайта қаралады. Оны көре жатармыз. Олимпиада ойындарынан кейін міндетті түрде кеңейтілген отырыс өткізіледі, онда қандай да бір кемшіліктер болған жағдайда, тиісті шешімдер қабылданатын болады» деп түйіндеді спикер.
Оның айтуынша, дәл қазір құрама мүшелеріне сын мен реніш емес, үлкен қолдау қажет.
«Мен жанкүйерлерден спортшыларға қолдау көрсетулерін сұраймын. Әрине, бұл Қазақстан құрамасының олимпиада ойындарындағы ең нашар нәтиже, бірақ жанкүйерлер, қазақстандықтар, спортшыларға қолдау көрсетіңіздер, сынамаңыздар. Олимпиада ойындарынан кейін пікір білдіріп, түбегейлі шешімдер қабылдауға болады» деді Серік Сәпиев.
Медаль жиынтығы:
Орын Ел Алтын Күміс Қола Жалпы
1 АҚШ 39 41 33 113
2 Қытай 38 32 18 88
3 Жапония 27 14 17 58
4 Ұлыбритания 22 21 22 65
5 Ресей 20 28 23 71
6 Австралия 17 7 22 46
7 Нидерланды 10 12 14 36
8 Франция 10 12 11 33
9 Германия 10 11 16 37
10 Италия 10 10 20 40
…
83 Қазақстан 8 8
84 Мексика 0 0 4 4
85 Финляндия 0 0 2 2
86 Гренада 0 1 1 2
87 Буркина-Фасо 0 0 1 1
88 Боствана 0 0 1 1
89 Кувейт 0 0 1 1
90 Сирия 0 0 1 1
91 Гана 0 0 1 1
92 Кот-д Ивуар 0 0 1 1
93 Молдова 0 0 1 1
Осы ойындарда біршама сенсациялар да тіркелді:
• Токио олимпиадасының да алтынын сөзсіз алады деп болжанған француз дзюдошысы, 2 дүркін олимпиада чемпионы Тедди Ринер жартылай финалға шығу үшін болған белдесуде ресейлік Тамерлан Башаевтан жеңіліп қалды.
• Бұған дейін ғалымдықпен айналысқан, математика, өзі бірнеше жылдан бері ешбір велоклубта өнер көрсетпеген австриялық велошабандоз Анна Кизенхоф топтық сайыста алдына жан салмай, Австрияға алтын сыйлады.
• 15 жылдан бері алғаш рет баскетболдан АҚШ құрамасы жеңілді. Олардың жолын Франция кесті (83:76).
• Көпшілік жүлде күтпеген және сайыс аутсайдері саналған 19 жастағы өзбек таэквондошысы Ұлықбек Рашитов олимпиада чемпионы атанды. Ол 68 келі салмақта сынға түскен еді.
• Ресейлік көркем гимнастшы қыздар Дина мен Арина Авериналар да алтынсыз қалды.