Экономикада өсім бар ма? Өңдеу өнеркәсібінің ахуалы қандай?

Жарияланды
Бүгін үкімет отырысы өтті

Бүгін, 11 тамыз күні өткен үкімет отырысында түрлі саладағы жағдай, соның ішінде экономика мәселесі де қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, биыл қаңтар-шілдеде ел экономикасы жедел қарқынмен қалпына келе бастады және қазіргі таңда 2,7 пайызға өсті. 

«Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектордағы динамикалық және тұрақты өсу, қызмет көрсету секторындағы динамиканың жеделдеуі, өндіруші емес секторлардағы инвестицияның жоғары өсуі, сауда балансының оң сальдосының сақталуы байқалуда. Нақты сектор экономиканың орнықты даму факторы болып отыр. Осы жылдың қаңтар-шілдесінде нақты сектордағы өсім 3,6 пайызға дейін жеделдеді. Іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласында 2,0 пайызға дейін өсті» Ерғалиев. 

Салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау, ауыл шаруашылығы жоғары өсім көрсетіп отырғаны да айтылды. Министрдің айтуынша, өсімге басты себепкер – ішкі және сыртқы инвестицияның артуы. Оның ішінде өндіруші емес салаларда инвестиция тарту белсенділігі байқалып отыр екен. Тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 18,3 пайызды құраған. Инвестиция құрылыс саласында – 2,3 есе, өңдеу өнеркәсібінде – 83, ақпарат және байланыста – 48, ауыл шаруашылығында – 46, саудада – 40, жылжымайтын мүлікпен операциялар 16 және көлікте – 8,3 пайызға өскен. 

Қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 45,3 млрд долларды құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 27 млрд долларға жеткен. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 25 пайызға, 8,9 млрд долларға дейін өссе, тауарлар импорты 18,3 млрд долларды құраған.  

«Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Өндіріс көлемі 5,9 пайызға өсті. 14 өңір оң өсу көрсетті. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында,  Алматы және Қостанай облыстарында байқалуда. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 39 пайыз, машина жасау – 22,7 пайыз, оның ішінде автомобиль жасау – 34,7 пайыз, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 37,7 пайыз, құрылыс материалдары – 13,2 пайыз, пластмасса бұйымдары – 24,7 пайыз, дайын металл бұйымдары – 20,4 пайыз, киім – 18,7 пайыз және жиһаз – 17,6 пайыз серпінді өсуді көрсетіп отыр.  Биыл жеті ай ішінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1 пайызға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетуде. Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірлер бойынша тіркелген» деді министр.  
Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, Қазақстан экономикасын төрт ай қатарынан сенімді өсім көрсетті. Жеті айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 2,7 пайызды құраған. Экономиканың нақты секторы өсімнің негізгі драйвері болып қала береді. Серпін өнеркәсіптегі (+2,5 пайыз), құрылыстағы (+11,1 пайыз) өндірістің өсуімен, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы тұрақты өсу қарқынымен (+2,4 пайыз) қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптегі өсім 2,5 пайызға өңдеу секторындағы өндірістің 5,9 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Өндіріс қарқынының артуына фармацевтика өндірісінің (+38,9 пайыз), машина жасаудың (+22,7 пайыз), оның ішінде автомобиль жасаудың (+34,7 пайыз) және локомотивтер мен вагондар өндірісінің (+37,7 пайыз), мұнай өңдеудің (+8 пайыз), жеңіл өнеркәсіптің (+5,4 пайыз), азық-түлік өнімдері өндірісінің (+3,9 пайыз) және химия өнеркәсібінің (+1,9 пайыз) өсуі ықпал еткен.  

«Құрылыс секторында 11,1 пайызға және тұрғын үйді пайдалануға беруде 10,3 пайызға немесе 7,7 млн м² жоғары өсу қарқыны байқалады. Сақталып  отырған шектеу шараларына қарамастан, саудадағы (+9,1 пайыз) және байланыстағы (+12,5 пайыз) жоғары динамика есебінен көрсетілетін  қызметтер секторында өсу қарқыны (+2 пайыз) артуда. Ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығындағы тұрақты өсу қарқыны (+3,4 пайыз) есебінен 2,4 пайыз деңгейінде тұрақты өсу қарқыны байқалады. Негізгі  капиталға салынған инвестициялардың өсуі (НКСИ) тау-кен өндірісін есептемегенде 18,3 пайызды құрады. НКСИ жоғары көрсеткіштері құрылыста (+129,6 пайыз), өңдеу өнеркәсібінде (+82,9 пайыз), ақпарат және байланыс саласында (+48 пайыз), ауыл шаруашылығында (+45,5 пайыз), саудада (+40 пайыз) байқалады» деді Мамин.  

Ол сондай-ақ әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру шараларын күшейтуді және ерекше бақылауға алуды, Ұлттық экономика министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға биылғы тамыз айының соңына дейін инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру жөніндегі шаралардың жаңа топтамасын қабылдап, іске асыра бастауды тапсырды. 

«Барлық өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет» деді Мамин.

Сондай-ақ оқыңыз