Отбасылық бюджет: «әркімдікі өзіне» деген дұрыс па?
Отбасылық бюджеті бөлуде немесе қолайлы нұсқасын таңдауда біраз қиындық тууы мүмкін. Себебі ақша бар жерде қарым-қатынастың жиі дағдарысқа ұшырайтыны белгілі. Сол себепті бір шаңырақ астында тұратын адамдар бюжетті басқарудың өзіне тиімді әрі оңтайлы жолын іздейді. Ортақ бюджетте отбасы мүшелері жиған-тергенін бір есепшотқа салып не үйдегі сейфке сақтайды. Сөйтіп шетінен алып, жарата береді. Ал енді бюджет бөлудің «әркімдікі өзіне» деген де түрі бар. Ол қалай? Бұл тәсіл отбасының жылуын сақтауға көмектесе ала ма? Осы жайлы талдап көрелік.
Шығындарды бөліп алу
Алдымен, бөлек бюджет деген не екенін қысқаша шолып өтейік. Бір үйде тұрғанымен, тапқан-таянғанды бір жерге салмай, әркім өз қаражатын өзі ұстайтын нұсқа бұл. Бұл да өз ішінде бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, толығымен бөлек бюджет деген бар. Яғни мұнда әркім табысын, жалақысын алған соң, өз картасында не сөмкесінде ұстайды. Сөйтіп ортақ шығындарды қалай өтейтінін келіседі. Айталық, әйелі коммуналдық төлемді мойнына алса, күйеуі ипотеканы төлейді. Ал азық-түлікті бірге барып алады да, шыққан соманы қақ бөледі. Осы сынды ортақ шығындардан қалған қаражатта ешкімнің шаруасы болмайды. Мейлі өзіне зат ала ма, жоқ түскі ас іше ме — әркімнің өз қалауына қарай. Демек, бұл нұсқада үйге қатысты дүниенің бәрі ортаға салынып, теңдей бөлінеді. Ал басқасында біріншісі екіншісіне есеп те бермейді, араласпайды да. Кейде тіпті бір-бірінен қарызға ала тұруы да мүмкін. Егер жұбайлар осы жолды дұрыс деп тапса, онда кейде біреуінің азырақ, енді біреуінің көбірек төлеуі мүмкін екенін де ескеруі керек. Яғни несие, азық-түлік, тұрмыстық тауалар сынды шығынның бәрін тиын-тиынына дейін есептеп отыру қиындау. Мұндайда екі арада кішігірім түсініспеушілік орнап, екеуара ұрыс пайда болуы ықтимал. Сол себепті отбасын құрған сәтте-ақ өзіңізге қолайлы деген нұсқаны жан-жақты саралап, бір байламға келген дұрыс.
Кезектесіп төлеу
Екінші нұсқа алдыңғысына ұқсас. Бірақ мұнда ортақ шығын біріншідегідей бір адамға бекітілмейді. Бұл дегеніміз — кезектесіп төлейді деген сөз. Айталық, алдыңғы айда азық-түлікті әйелі алса, осы айда бұл күйеуіне тапсырылады. Сол сияқты кредиттер мен коммуналдық төлемдер де солай. Жалпы алғанда бұл екі әдісте де сенім маңыздырақ. Себебі шығын әр айда әр түрлі болады. Мысалы, шілдеде күйеуінің төлейтін кезегі болғанда гипермаркетке барып зат алдыңыз. Үйге керек-жарақ, тамақ бәрі 60 мың теңге болды делік. Енді тамызда әйелінің алатын кезегі келгенде өткен айда алынған сусабын, кір жуатын ұнтақ, ұн, тұз сияқты біраз зат әлі бітпегенін байқайсыздар. Бар болғандықтан, алмайтыныңыз да белгілі. Сонда нәтижесінде әйелі алатын кезекте чектегі сома 40 мың теңге болып шықты. Болмаса, керісінше жағдай болуы да мүмкін. Міне, осындайда келісімге келе білу маңызды. Мұндай ньюанстар барын әу баста біліп, келісіп алу керек дегеніміз сондықтан. Егер бір-бірімен аса санаспайтын, жеке шекарасын сыйлайтын жұп болса, онда бұл тәсілді қолданып көруге болады. Айтпақшы, ерлі-зайыптының алатын жалақысы шамалас болса, келіспеушілік аз болады. Ал енді біреуінің айлығы аз әрі ортақ шығын оның қалтасына тым ауырлық түсірсе, онда түсініспеушілік туындауы әбден мүмкін екенін ескеріңіз.
Ортақ жинаққа салып отыру
Үшінші тәсіл — әркім өз ақшасын өзі ұстайды, бірақ ортақ жинақ бар. Яғни екі адам белгілі бір соманы келісіп, ортаға құяды. Ол соманың көлемі қандай болатынын отбасылық кеңесте шешіп аласыздар. Кейбірі бірдей сома бекітсе, кейбірі жалақысының белгілі бір пайызы деп бекітеді. Сөйтіп ортақ жинақтағы соманы үйдің шығынына жаратады. Әлбетте, өте үлкен сомаға зат аларда ол үшін бөлек ақылдасып, бөлек жоспарлау керек болады. Ал енді әдеттегі шығындарды осындай әдіс арқылы өтеп отыратын жол бар. Бұл алдыңғыларға қарағанда әділірек десек болатын шығар. Себебі бекітілген ережелерді сақтай отырып, ортақ ақшаның қайда кетіп жатқанының айқын көрінісін ала аласыз. Әрі кезектесемін не белгілі бір шығынды мойныма аламын деп уайымдамайсыз. Үйде нан бітіп қалды ма — ортақ жинақтан алыңыз да, дүкенге тартыңыз.
Бөлек бюджеттің жағымды тұстары
Басында атап өткеніміздей, отбасындағы келіспеушіліктің көбі ақшаға байланысты орнайды. Кейде жетпей, кейде біреуі тым көп шығынданып, екіншісі жеңіл өмір сүріп жатқандай көрінеді. Одан бөлек, бар тапқанын ортақ қылып жұмсайтындардың арасында да түрлі ұрыс-керіс болуы мүмкін. Осы ретте бөлек бюджеттің басымдығы туралы аз-кем айта кетсек. Алдымен есіңізде болсын, екі адамның арасындағы мәміле жақсы болса, кез келген модельді қолданып, жап-жақсы өмір сүруге болады. Және ең бастысы ақша жеткілікті болғанда айқай аз. Неғұрлым таршылық көрген сайын, екі адамның арасының алшауқтауына себеп болуы ғажап емес. Кейде тіпті тапшылықтың кесірінен екіге кетіп жатады.
Әркімнің өз жинағы болса, қауіпсіздік тұрғысынан жақсы. Яғни екіге кететін болып шешкен күннің өзінде қорықпай бір байламға келеді. Бүгінде табыссыз, үйде отырған әйелдердің көбі амалсыздан шыдап жүргені белгілі. Өзіне деген сенімсіздік болмағандықтан, дұрысы біреудің есебінен өмір сүре беруді таңдайды. Бірақ сол таңдауы суыған қарым-қатынасты одан әрі суыта береді. Ал енді екі адам да табыс тауып, тапқанын әркім өзі жұмсаса ше? Мұнда қорқыныш аз, қауіпсіздік басым.
Одан соң, қаржылық тәуелсіздік орнайды. Бөлек бюджет болған жағдайда екінші жартыңызбен әр сатып алатын затты кеңесіп, пішіп жүрмейсіз. Қалаған затыңызды алып, өзіңіз үшін шешімді өзіңіз қабылдайсыз. Одан бөлек, әркім өз ақшасын өзі ұстайтын болса, жинау да оңайырақ. Құдды автономия сияқты өзіңіз би, өзіңіз қожа боласыз . Ал егер үйде ақшаны әйелі не күйеуі ғана ұстаса, онда жеке қажеттіліктерге керек ақшаны ол адамның рұқсатымен алу керек болады. Десек те, осы тұста мынаны ескеріңіз: кей адамдар ақшаны дұрыс жаратуға жоқ болады. Ондайда кеңес беріп, тіпті ақшаны қысып ұстау үшін кім тақан болса, соның қолына алуға тура келіп жатады. Мәселен, күйеуіңіз тапқанының бәрін төгіп, шашып жинамайды делік. Ал күндердің күнінде үлкен дүниеге қаражат керек болғанда, жинақта ақша болмаса, оның кесірі екеуіңізге де тиеді.
Қандай кеңес береміз?
Бюджетті бөлудің қай түрінде болсын ұсақ, кейде ірі даулар туындап тұрады. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Сонымен бірге өмірде ойламаған жерде мәселелер шығып қалады. Мысалы, өмірге бала келіп, соған байланысты әйеліңіз декреттік демалысқа шықты делік. Мұндайда ол әдеттегі табысынан айырылады. Отбасының жаңа мүшесіне кететін шығын қосылып, бір адамның иығына бұрынғыдан көбірек жүк артылады. Осындай жағдайда екеуара келісімге келіп, түсіністік таныта білу қажет.
Жалпы алғанда отбасында проблемалардың болуы заңды. Сондықтан бәрін қаржыға келіп тірей берген жөн емес. Ал енді әркім өз ақшасын өзу ұстағанына байланысты екеудің арасында ұрыс-керіс жиілеп кетсе, онда тәсілді дереу ауыстырған дұрыс. Айталық, «менен үнемі көбірек шығын шығады», «сен тек соманы ғана тең бөлесіғң. Іс жүзінде одан бөлек шаруаларды істеп жатқанымды есептемейсің» деген сынды реншітер де болуы мүмкін. Сол себепті бюджетті бөлудің қандай нұсқасын таңдасаңыз да, екеуара мінез бен қарым-қатынасқа қарай таңдау керек. Яғни құрдастарыңыздың үйіндегі модель сізге сәйкес келе береді деп қате ойламаңыз. Әрі бұл ретте екі адам арасында сенімнің маңызы жоғары. Бір-бірін қолдауға әзір, сынаумен және санаумен шектелмей, бір терінің пұшпағын илеп жатқанын сезінсе, мәселе де азаяды.