Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия аралығында орналасқан ислам елдерін экономикасы гүлденген мемлекеттер деп айту қиын. Әйткенмен даму бар. 1332 жылы Тунисте туған Мұхаммад ибн Халдунды ислам экономикасының негізін салушы деп айтылады. Ол өзі өмір сүрген XIV ғасырдың өзінде-ақ сұраныс пен ұсынысты нарық өзі реттеп отыруы керек, ал мемлекет экономикаға араласпауы керек деген екен. Мұндай ғұламаны тудырған ислам әлемінің жаһандық экономикалық көшке ілесе алмауы ұят болар еді.
Жаһандық ислам экономикасы туралы деректерде ислам қаржылық секторындағы активтер құны 2,4 трлн долларға бағаланады. Ол 2023 жылы 3,8 триллионға жетуі мүмкін екен. Ал Дубайдағы экономиканы дамыту ислам орталығының баяндамасында Малайзия, Сауда Арабиясы, БАӘ, Индонезия және Иорданияның алдыңғы қатарда екені айтылады. Десе де триллиондаған қаржы айналымының өзі әлемдік ағынмен салыстырғанда аз екені айтпаса да түсінікті. Жалпы саны 2 миллиардқа жуықтайтын мұсылман елдерінің жалпы ішкі өнімінің үлесі әлемдік көрсеткіштің 10 пайызына да жетпейді.
Ислам әлемінің қаржы айналымы туралы айта бастағанда араб әлдерін аттап кете алмаймыз. Өңірде қазір 350 миллионнан астам адам тұрады. Бұл үлкен нарық. Ресейлік ғалым Сергей Жданов өзінің «Әлем экономикасындағы араб елдері» атты кітабында араб елдерінің жиынтық жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2,5 трлн долларға жеткенін және жыл сайын 3-4 пайыз қарқынмен өсіп жатқанын айтады. Аймақта жылдық табысы 1000 долларға жетпейтін халық үлесі 21 пайыз екен. Табысы 1000-2500 аралығындағы тұрғындар үлесі 62 пайызға жеткен.
Өңір елдерінің негізінен қазба байлық экспортына иек артып отырғаны белгілі. Мұнайдың ең көп қоры Сауд Арабиясына тиесілі. Бұл елде шамамен 36,2 млрд тонна мұнай қоры бар екен. Одан кейінгі орындарда Ирак (15,7), Кувейт (13,8), БАӘ (12,5) елдері тұр. Ал Катар газ қоры жөнінен (25,37 трлн м3) көш бастайды. Сондай-ақ көгілдір отын қорымен Сауд Арабиясы (7,92), Алжир (4,5), Ирак (3,17), БАӘ де (6,43) мақтана алады.
Әрине, пандемия дағдарысы бұл өңірді де айналып өткен жоқ. Араб мемлекеттері лигасының бас хатшысы Ахмед Әбу әл-Гейттің баяндауынша, коронадағдарыстан араб елдері 150 млрд доллар шығынға батқан.
«Араб өңірінің ЖІӨ-сі 6 пайызға қысқарады деп күтілуде. Экономикалық шығын 150 млрд долларға бағаланып отыр. Шамамен 17 млн адам жұмысынан айырылды, тағы 15 млн араб кедейлік қамытын киді. Араб елдерінің қарызы 220 млрд долларға өсіп отыр. Онсыз да соғыстан, әскери қақтығыстан, босқындар проблемасынан қажып отырған елдеге пандемия ауыр соққы болып тиді» деді ол БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерришпен болған видеобайланыс конференциясы кезінде.
Қазіргі кезде араб елдері ішінде жұмыссыздықтың жоғарғы деңгейі Палестина (26,5), Сирия (20,4), Ливия (19,1), Тунис (15,4), Алжир (10,1), Ливан (9,2) елдеріне тиесілі болып отыр. Пандемиядан кейін экономикасын алғашқылардың бірі болып қалпына келтіретін ел ретінде сарапшылар БАӘ-ні атайды. Мұны әмірлік басшылары да қостайды. Экономика министрі Абдалла бен Тук әл-Мәридің айтуынша, әмірлік Орталық банкі 2021 жылы реалды ЖІӨ 2,5 пайызға өседі деп болжам келтірген.
«Мұнай секторын есепке алмағанда ЖІӨ өсімі 3,6 пайызды құрайды. Реалды ЖІӨ-нің 3,5 мұнай секторын есепке алмағандағы ЖІӨ-нің 3,9 пайызға өсуі арқылы 2022 жылы ел экономикасы толық қалпына келеді деп болжанып отыр. Экономиканың ретке келе бастауының алғашқы көріністері 2020-ның соңында байқалды. Пандемия бастала салысымен үкімет оның экономикаға кері әсерімен күресуді бастап кетті. Мемлекет көрсеткен экономикалық қолдаудың жалпы көлемі 105 млрд долларға жетті» дейді министр.
Осыдан бірер ай бұрын Дүниежүзілік банк 2021 жылы әлем экономикасына шолу жасап, араб елдерінің соңғы он жылда көптеген қиындықтарға кезіккенін, пандемия әсіресе транспорт пен туризм саласын құлдыратып кеткенін жазған.
«Дегенмен мұнай бағасының өсуі мұнай экспорттаушы елдерге көмегін тигізді. Иранда мұнай және мұнайдан басқа секторлар жылдың екінші жартысында қалпына келе бастады. Көптеген импорттаушы елдерде 2021 басында COVID-19 қайта өршіп, Египет, Иордания, Ливан, Тунис елдерінің экономикасы қайта әлсіреп кетті. Сондықтан ел басшылары саяси шешімдер қабылдай бастады. Сауд Арабиясы жедел төлем жүйесін іске қосса, Египет мемлекеттік қызметкерлердің минималды жалақысын арттырды, көптеген қаржылық операциялар үшін алым төлеуге мораторийді ұзартты және несиелендіру көлемін ұлғайту үшін қосымша шаралар қабылдады. Өңірде өндіріс көлемі 2021-де 2,4 пайызға ұлғаяды. Бұл әдеттегі болжамнан жоғары, алайда 2019-дың соңына дейінгі он жылдықтағы орташа көрсеткіштен төмен. Қарқынды вакциналаудың жүруі және шектеулердің азаюынан 2022 жылы өсім 3,5 пайызға дейін жетуі тиіс. 2021 және 2022-де мұнай бағасы барреліне орташа 62 доллар болады деген болжам бар» дейді Дүниежүзілік банк өз баяндамасында.
Олардың болжауынша Сауд Арабиясындағы өсім биыл – 2,4, келер жылы 3,3 пайызды, Ирандағы өсім биыл – 2,1, келер жылы 2,2 пайызды құрайды. Жалпы, тап қазір қай елдің де экономикасы вакциналауға байланысты болып тұр. Әрине, вакцина салу – экономиканың дамуында бірінші рөл атқармаса да, өзге факторлармен теңдей дәрежедегі маңызға ие. Жақында Оксфорд университетінің «Our World in Data» жобасы әлемдегі вакциналау қарқынына қатысты дерек жариялаған. Сондағы ақпар бойынша вакцинаның екі дозасын да салдырушылар БАӘ-де – 69, Катарда – 59, Түркияда 29 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш Сауд Арабиясында небәрі 20 пайызға жетеқабыл екен. Ал ең төменгі көрсеткіш Сирия (0,05 пайыз), Йемен (0,03), Ирак (0,97), Ауғанстан (0,56) және Египет (1,60) елдерінде екен. Жоғарыда көрініп тұрғандай БАӘ-де вакциналау ерекше қарқынмен жүзеге асуда. Әмірліктерде дәл қазір бес вакцинаны (Oxford/AstraZeneca, Pfizer/BioNTech, Sinopharm/Beijing, Sinopharm/Wuhan және Sputnik V) салдыруға рұқсат етілген. Дубай биыл қазан айында кейінге қалдырылған EXPO көрмесін өткізіп, 25 миллион қонақ қабылдап, одан миллиардтап табыс табуды көздеп отырған сыңайлы. Тамыздың басында жасалған Парсы шығанағы елдері ынтымақтастық кеңесінің мәлімдемесінде 2020 жылы шығанақта орналасқан елдердің (Бахрейн, Катар, Кувейт, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы) ЖІӨ-сі 4,8 пайызға қысқарғаны айтылады.
«COVID-19 пандемиясы және әртараптандыру жолы» деп аталатын баяндамада Бахрейн ЖІӨ-сі 2021-де 3,3 пайызға жетіп, ортамерзімді перспективада солай қалады десе, Кувейт елінде негізінен мұнай экспорты өсімге әсер етуші фактор болып қала бермек. Әуелі өсім 2,4 пайызға дейін қалпына келіп, 2022-23 жылдары 3,2 пайызға дейін жоғарыламақ. Болжам бойынша, Оман экономикасы биыл қалпына келе бастайды. Инфрақұрылымға салынған инвестицияның артуы осыған дәлел. Ал Оңтүстік және Шығыс Азияда табиғи газға деген сұраныстың қайта артуы есебінен Катарда да экономикалық өсім ерекше қарқынмен қалпына келмек. Болжамға сүйенсек, биыл Катар экономикасы – 3, 2022 жылы – 4,1, 2023-те 4,5 пайызға дейін өсім көрсетуге қауқарлы болып тұр.