Еліміздің батыс өңірлеріндегі құрғақшылық салдарынан мал азығымен қамтуда қиындықтар туындап отырғаны белгілі. Бұл ретте Павлодар облысының шаруалары қолдан келгенше қолдау білдіріп, шөп жөнелтуге ниет білдіріп отыр. Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, аймақтың әр аудандарынан мал азығын жеткізуге қатысты ұсыныстар түсуде.
Одан бөлек, шаруашылықпен айналыспайтын кәсіпкерлер де қол ұшын созуға ынта танытуда. Солардың бірі – «KazNet Solution» ЖШС директоры Асылбек Туғанбай.
«Біз батыстағы облыстарға 10 тонна шөп дайындадық. Мал азығын сатып алу мен жеткізу шығындары компанияның жеке қаражаты есебінен өтелді. Маңғыстау облысындағы ағайын төрт түлігіне берер азық таппай отырғанда бұл іске шабындық жерлері бар шаруалардың ғана араласқаны дұрыс емес. Басқа кәсіпкерлер де шама-шарқына қарай көмек көрсеткен жөн деп ойлаймын. Бұл істен облыстағы бизнес өкілдері шет қалмайды деген сенім мол», – дейді Асылбек Туғанбай.
Бұған дейін белгілі волонтер Құрмет Талапқазы Павлодар облысына арнайы келген болатын. Маңғыстау облысындағы жағдайды реттеу үшін Успен ауданынан шамамен үш мың гектар жер қарастырылды. Еріктілер екі апта аралығында шабындыққа шалғы түсіріп, жиналған өнімді құрғақшылық басқан аймақтарға жөнелтті.
«Павлодар облысы жем-шөпке бай. Мұндағы мол қор батыстан бөлек, оңт үстік аймақтардағы мал азығына қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді. Біз Павлодар облысынан бес мың вагонға дейін шөп әкетпек ойымыз бар», – деді Құрмет Талапқазы.
Айта кетейік, биыл Павлодар облысындағы шаруалар 1,7 млн гектар шабындық жерді игеріп, 1,1 млн тонна жем-шөп дайындауды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңға дейін оның 859 мың тоннасы жиналды.
Шабындық кезінде кедергілер туындамас үшін әкімдік 4 мың тонна арзандатылған дизельді отын қарастырды. Оның бағасы нарықтағы бағадан 25%-ға төмен. Нақтысын айтсақ, шөп шабатын шаруаларға жанар-жағармайдың бір литрі 165 теңгеден беріледі. Ал бекеттерде бір литр отынның бағасы 189 теңге шамасында тұрады.
Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімовтің айтуынша, арзандатылған жанармаймен қамтуды қиындықтар туындамауы қажет.
«Шөп шабу жұмыстарына қарастырылған 4 мың тонна дизельді отынның жартысы тамызда, қалған жартысы қыркүйек айында игеріледі. Жалпы, биылғы жиын-терім жұмыстары үшін 21 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді», – дейді Есентай Мүрсәлімов.
Есентай Мүрсәлімовтің айтуынша, шөптің биылғы шығымы жақсы. Сондықтан өңірдегі төрт түлікті азықмен қамтуда тапшылық болмауы керек.