ҚР Үкіметінің қаулысымен жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданған болатын. Соған сәйкес мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың 674 нысанын сатылымға шығару жоспарлануда. Олардың қатарында Павлодар қаласындағы «№1 Автобус паркі» ЖШС бар. Оның 100% үлесі мемлекетке тиесілі.
1957 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан автобус паркі осы жылдың 31 тамызында gosreestr.kz веб-порталында сатылмақ. Тендердің міндетті шарты – қызметтің негізгі бейінін, яғни жолаушылар тасымалын 10 жыл бойы сақтау.
Тәуелсіз бағалау туралы есепке сәйкес, аталмыш кәсіпорынның нарықтық құны 672,9 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта автобус паркі 12 жолаушылар бағытына қызмет көрсетеді: 7 қалалық (№5, №6, 10, 21 Кенжекөл, №22, №40, №66А) және 5 қала маңындағы ауылдық елді мекендерге (№38, №31, №42, №44, №66) қызмет көрсетеді. Көлік құралдарының жалпы саны – 99 автобус, оның ішінде 41 бірлік 7 жылдан астам пайдаланылуда, 28 бірлік – 12 жылдан астам. Мұнда барлығы 95 адам жұмыс істейді.
Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі, «№1 Автобус паркі» ЖШС 2019 жылы «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы 30 қоғамдық көлікті сатып алуға 2,3 млрд теңге көлемінде несие алғанын еске салды. Бүгінгі күні кәсіпорынның борыштық міндеттемелері 1,6 млрд теңгені құрайды. Бұл соманы да компанияның жаңа басшылығы 2026 жылдың наурыз айына дейін өтеуге тиіс болады.
Еске сала кетейік, 2015 жылы мемлекет иелегіндегі бұл кәсіпорын «Қазақстандық құрылыс тобы» компаниясына 1,1 млрд теңгеге сатылған болатын. Келісімшарт талабына сәйкес, сол жылдың желтоқсан айында автобус паркі МАЗ маркалы 36 көлікпен толықты. Бірақ кәсіпорын басшылығы жаңа автобустардың қаражатын уақытылы төлей алмады. Сол себепті бірнеше ай бойы тұрғындарды тасымалдаған қоғамдық көліктерді өндірушіге қайтарып беруге тура келді.
Сондай-ақ, жаңа иесі автобус паркі үшін төленуі тиіс 1,1 млрд теңгенің 200 млн теңгесін ғана өтей алды. Келісімшарттағы сома толық көлемде төленбегендіктен, 2016 жылдың наурыз айында Павлодар қаласының қаржы бөлімі мен «Қазақстандық құрылыс тобы» ЖШС арасында жасалған келісімшарт бұзылып, автобус паркі қайтадан мемлекеттің меншігіне берілді.