QR-кодпен төлеу қауіпсіз бе?

Жарияланды
Бұл технологияның артықшылықтары қандай?

Бүгінде тауар не қызметті төлеу үшін QR-код жиі қолданылады. Көпшілікке қолайлы бұл технология тек саудада емес, өзге жерлерге де сіңіп келе жатыр. Айталық, пандемияға байланысты енгізілген Ashyq жүйесін мысалға келтіруге болады. Бар болғаны камера арқылы сканерлеп, санаулы сәтте ақпарат шығарып беретін QR-код жайлы толығырақ түсіндіреміз. Соның ішінде төлем жүйесінде қолдануға ерекше тоқталамыз. 

QR-кодтың несі артық?

Қолма-қолсыз төлемнің ішінде банк картасына қарағанда ыңғайлырақ тәсіл екеніне күн өткен сайын көз жеткізіп келеміз. Әрине, таңдау әркімнің еркінде. Дегенмен қолында смартфоны бар адам оның игілігін осылай көріп, пайдаланғаны құба-құп секілді. Сонымен QR-код арқылы төлеудің қандай артықшылықтары бар?

•    Ең алдымен, төлем жасау тәсілі оп-оңай. QR-кодпен төлеу үшін банк картасы керек емес. Яғни сөмкеңіздің түбін қазбалап не үнемі картаны қалтаға салып жүрудің қажеті жоқ. Сатып алушының есепшотынан тікелей сатушының есепшотына ақша түсе береді. Бар болғаны банктің мобайл қолданбасы орнатылған смартфон және интернет болса болғаны. Қазіргі таңда банктердің дені QR-төлем қосып жатыр. Десек те, елімізде бұл тенденция енді еніп келе жатқандықтан, барлығында бірдей болмауы мүмкін. Сол себепті алдымен анықтап алу керек. 

•    Интернет арқылы тапсырыс бергенде де қолдануға болады. Егер онлайн-дүкенде осындай мүмкіндік қарастырылған болса, онда төлем жасайтын бетте QR-код шығады. Болмаса дүкен сайтындағы жеке кабинетіңізден не электрон поштаңыздан таба аласыз. Әлбетте, бұл функцияны дүкеннің қосу-қоспауына байланысты екенін есте ұстаңыз. Егер қарастырылса, демек банк картасының екі жағындағы мәліметтерді теріп отыруға уақыт шығындамайсыз. Жай ғана банк қолданбасын ашып, телефон камерасының QR-кодты оқуына мүмкіндік бересіз. Сөйтіп демде төлем жасайсыз.   

•    QR-код арқылы төлеу үшін супер қымбат телефон керек десеңіз, қателесесіз. Қарапайым смартфонның өзі жарай береді. Бастысы, камерасы істеп тұрса және банктің мобайл қолданбасы жүктелген болсын. Мұны да артықшылық дей аламыз. Себебі Apple Pay, Android Pay, Mir Pay сынды жанаспай төлеуге мүмкіндік беретін жүйелер үшін NFC-модуль міндетті. Оның жанында QR-код әлдеқайда оңай.    

•    Қолма-қол немесе банк картасымен төлегеннен қарағанда смартфонмен төлеген қауіпсіз. Өйткені ақшаны жоғалтып алып немесе картамен төлеген кезде келесі біреудің ПИН-кодты көріп қалуы әбден мүмкін. QR-төлемде ондай қауіп жоқ. Смартфоныңыздың баптауларын реттеп қойып, одан сайын қорғана аласыз. Яғни Face ID арқылы ашу, болмаса құпиясөзді қиындатып қойсаңыз, телефоныңыз қолды болған күннің өзінде банк қолданбасын бұзу қиынға соғады. Интернет-дүкенде төлем жасағанда да төлем жасайтын бетте картаның деректерін енгізбейсіз. Бұл болса, кибералаяқтардың мәліметтеріңізді ұрлай алмайтынын білдіреді. Өйткені соңғы кездері алаяқтықтың мұндай түрі өршіп тұр. Өзіңізді осылай сақтандырған артық болмайды. 

Қандай түрлері болады және олар қалай жұмыс істейді?

QR-кодтың екі түрі бар: статикалық және динамикалық. Алғашқысында сатып алушы төлейтін сомасын өзі енгізеді, ал екіншісінде — енгізбейді. Бар айырмашылық осында ғана. Енді сәл кеңірек тоқтала кетсек. Статикалық код деген — QR-жапсырма. Мұнда бірнеше реттік код жазылған. Яғни сатушы осы кодты барлық жерде қолдана алады. Себебі аталған кодта тек сіздің реквизиттер ғана шифрленген. Сатып алушы камерасын жақындатып, соманы көрсетсе, есепшотыңыздға ақша демде түседі. Кодтың осы түрін қолданғыңыз келсе, оны банкпен келісу керек. Қалауыңызға қарай электронды түрде поштаңызға жолдаса болады. Сөйтіп баспадан шығарып, кассаның жанына жабыстырып қойсыз.   

Статикалық QR-кодты клиенттер ағымы аса көп емес, шағын нүктелер қолданса болады. Яғни бір рет код алып, шығарып қоясыз. Келушілер сол арқылы төлем жасай береді. Мұның кемшілігі сол — соманы дұрыс енгізді ме деп тексеру керек болады. Өйткені кейде асығыстықпен 40 мың теңгенің орнына 4 мың теңге төлеп жіберуі мүмкін. Сондықтан QR-кодтың бұл түрін алған сатушылар осы жағын құнттауды ескергені жөн. Десе де, тіпті сома қате жазылып кеткен күннің өзінде аса қорқынышты ештеңе жоқ. Себебі соманы кері қайтару процесін жасау да оңай.    

QR-кодтың келесі түрі — динамикалық. Бұл жоғарыда атап өткеніміздей, әр сатып алған сайын өзгеріп отырады. Мұның ішінде сатушының реквизиттерінен бөлек, төлем сомасы да көрсетіледі. Қолданысқа өте ыңғайлы. Банктер көбіне кәсіпкерлерге динамикалық код арқылы төлеудің ең қарапайым тәсілін қосуға кеңес беріп жатады. Яғни бар болғаны бизнеске арналған банк қолданбасын жүктеп, смартфон не планшетке орнату керек. Сөйтіп динамикалық QR-кодтар генерациясы функциясын қосасыз. Онлайн режимде код шығып, гаджет бетіне көрінеді. Бұдан бөлек, төлем терминалдарына да динамикалық код генерациясын қосуға болады. Тауарды кассада есептеп болған соң терминал экранына код шығады. Сатып алушы мобайл қолданба арқылы оп-оңай төлеп кете береді. Кодтың бұл түрі ірі бизнесі барларға ыңғайлы. Яғни келуші көп болған жағдайда динамикалық кодты қолданған жөн. Сатып алушы өздігімен соманы енгізіп жүрмейді, тиісінше кассадағы адам оның дұрыс енгізілгенін тексермесе болады. Бұл уақытты едәуір үнемдейтіні белгілі.   

Қай есепшоттан ақша шешілетінін қайдан білеміз?

Төлем жасайтын кезде смартфоныңыздың бетінде таңдау опциясы шығады. Яғни бөліп төлеу әлде банк есепшотынан ба өзіңіз таңдайсыз. Бастысы, шатасып кетпеңіз. 

 QR-код арқылы нені төлей аламыз?

Айтқандай, QR-код жүйесі бүгін көп жерде қолданылады. Демек, шектеу жоқ. Бастысы, кәсіп иесі осындай мүмкіндікті қарастырса болғаны. Егер бұл опция бар болса, еш кедергісіз төлей бересіз. Дүкенде ғана емес, бүгінде Қазақстанда қоғамдық көлік ақысын да QR-код арқылы төлеуге болады.  

Ақшаны қайтару процесі қалай жүреді?

Қайтарым жасау дәл банк картасымен жасалған төлемдермен бірдей. Яғни сатып алғаныңызға екі апта өтпей жатып дүкенге барасыз. Пайдаланылмаған не брак шыққан тауарды өткізіп, чек пен жеке куәлігіңізді көрсетесіз. Одан соң қайтарым жасау туралы өтініш жазасыз. Кейін төлем жасаған есепшотыңызға қаражат 14 күннің ішінде қайтарылады.   

Сондай-ақ оқыңыз