«Екібастұз» демеушілік танытар инвестор іздейді

Жарияланды
Футбол клубына қосымша қаржыландыру қажет

ҚР Бірінші лигасы чемпионатында өнер көрсететін «Екібастұз» командасы кезекті матч кезінде алаңға ерекше киіммен шықты. Футболшылардың жейдесінде «Бізге демеуші-инвестор керек» деген жазу болды. 

Футбол командасының директоры Ғалым Байкеннің айтуынша, клуб басшылығы сол арқылы қалталы қолдаушылардың назарын аудартпақ болды.  

«Футбол клубының тұрақты түрде дамуы үшін қаржыландыру да үнемі қарастырылуы тиіс. Бір маусымнан келесі маусымға қиындықсыз өтіп, жергілікті жас спортшыларды дайындау мақсатында инвестор іздеп жатырмыз. Біздің дамуымыз үшін қосымша қаржы қажет» дейді Ғалым Байкен. 

Бүгінде «Екібастұз» футбол клубы толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Жыл басында Павлодар облысының әкімдігі кеншілер шаһарындағы спортшылар командасына 193 млн теңге қарастырған болатын. Бірақ бұл сома клубтың дамуына жеткіліксіз. 

Еске сала кетейік, аталмыш клуб былтыр жыл соңында да демеуші іздеген болатын. Тіпті, қаржылай қолдау көрсетер инвестордың талабына сай команда атауын өзгертуге де дайын еді. Бірақ сол уақыттан әлі күнге дейін инвестор табылмай тұр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз