Қазақстандық вакцина құрамы өзгеруі мүмкін

Жарияланды
«Ухань» штамы қазіргі кезде кең тараған «дельта» штамына ауыстырылады

Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаса, Qazvac вакцинасының құрамындағы «ухань» штамы қазіргі кезде кең тараған «дельта» штамына ауыстырылуы мүмкін. «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья штамм құрамы өзгерсе, вакцина тиімділігі артады деген пікірде. 

Covid-19-ға қарсы отандық вакцина Қазақстанда анықталған алғашқы штамм – «ухань» штамы негізінде 2020 жылдың мамыр айында әзірленді. Содан бері вирус мутацияға ұшырап, бірнеше жаңа штамм пайда болды. ҒЗИ директоры дәл қазіргі жағдайда препаратты модификациялаған тиімді деп тұжырымдайды.

«Біз вакцинаның тиімділігін «ухань» штамын «дельта» штамына ауыстыру арқылы зертханалық режимде, зертханадағы жануарларға сынап көрдік. Вакцина да жақсы нәтиже көрсетеді. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинадағы штамм құрамын ауыстыру туралы шешім қабылдайды деп үміттенеміз, өйткені бұл вариациялардағы нақты мутация шамалы ғана» деді Күнсұлу Закарья «Хабар 24-ке» берген сұхбатында.

Ғалымдар вакцинаны өнеркәсіптік  деңгейде модификациялау үшін, Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның штамм құрамын қосымша клиникалық сынақтарсыз өзгерту құқығын беретін нормативтік-құқықтық акті қабылдауы керек.

«Егер мәселе жедел шешілсе, онда біз қыркүйек айында өндірілетін вакцинаны дельта штамымен шығаруға дайынбыз» деді Закарья.

Институт директоры  егер жаңа штамм пайда болса, препарат құрамын өзгертуге болатынын айтып өтті. 

«Жануарларға сынап көру мен тексеру процесі екі-үш айға созылады. Біз вакцинаның штамм құрамын тез өзгертіп, қажетті штаммен шығарып аламыз» дейді ол.

Бірінші фаза қорытындысы бойынша, Qazvac вакцинасының тиімділігі 100 пайызды, екінші фазада  – 96% , ауқымды үшінші фазаның қорытындысы бойынша 84 пайызды құраған. Сарапшылар бұл  вакцина коронавирустың қазіргі уақытта пайда болған барлық штамдарынан қорғай алады деп бірнеше рет мәлімдеген еді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз