Ресурстар

Пандемия басталғалы өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамту 37% -ға төмендеді

Елімізде қашықтықтан жұмыс істейтіндердің саны артты

2021 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанның еңбек нарығында COVID-19 пандемиясынан туындаған құлдыраудан кейін тұрақты қалпына келу байқалады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты хабарлады.

Жұмыспен қамтудың икемді түрлері қарқын алуда, азаматтар өз бизнестерін белсенді дамытуда. Осылайша, 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 2,9%-ға (+60,2 мың адам), ал жалдамалы қызметкерлер саны 0,6% – ға (+41,1 мың адам) ұлғайды.

Жұмыс күшінің саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9 256,4 мың адамды құрап, 98,7 мың адамға (+1,1%) ұлғайды.

Осындай жағдайды жұмыспен қамтылған халықтың серпінінен де байқауға болады, олардың саны бір жылда 101,3 мың адамға (+1,2%) 8 805 мың адамға дейін өсті. Сонымен қатар, жұмыспен қамтылғандардың құрылымында жалдамалы еңбекке қарағанда өзін-өзі жұмыспен қамтудың айтарлықтай өсуі байқалады. Ағымдағы жылдың 2-тоқсанында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,9% – ға немесе 60,2 мың адамға артты, ал жалдамалы жұмыскерлердің саны 0,6% – ға немесе 41,1 мың адамға ұлғайды.

Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамту құрылымын талдау ағымдағы жылдың 2-тоқсанында нәтижелі жұмыспен қамтудың есебінен оның ұлғайғанын және нәтижесіз жұмыспен қамтудың айтарлықтай қысқарғанын көрсетеді. Өз кезегінде абсолюттік мәнде бір жыл ішінде өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандардың саны үштен біріне немесе 92,9 мың адамға төмендеп, 156 мың адамды құрады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санындағы нәтижесіз жұмыспен қамту үлесі бір жылда 4,8 п.т. (12,2% – дан 7,4% – ға дейін) қысқарды.

  «Өзін-өзі жұмыспен қамтудың өсіп келе жатқан трендімен қатар жалдамалы қызметкерлердің құрылымдық құрамы да өзгеруде, онда жалдамалы еңбек сипаттамаларының корпоративтік жұмыспен қамтудан ауытқу жағына қарай өзгеру үрдісі байқалады. Бұл әсіресе жылдық динамикада байқалады. Мысалы, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ұйымдардағы жалдамалы жұмыспен қамту (барлық жалдамалы еңбектің 87%-ы) 0,4% – ға (-23,4 мың адам) қысқарды, бұл ретте азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде жалдау айтарлықтай ұлғайды (+60,1%). Қазір келісімшарт бойынша 56,9 мың адам жұмыспен қамтылған.», – деп атап өтті ҚР Еңбекмині Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская.

Өткен тоқсанмен салыстырғанда қашықтықтан жұмыс істейтіндердің саны 75,2 мың адамға дейін 2% – ға артты. Алдыңғы кезең сияқты, қашықтықтан жұмыс жасайтын жұмыскерлердің көпшілігі әйелдер (65%) және қала тұрғындары (64%) болып табылады, алайда, үлестік бөлініс өзгеру тенденциясын көрсетеді, онда ер адамдар 5% – ға, ал ауыл тұрғындары 6% – ға көп болды.

Айта кету керек, бүгінде бұл процестер өз артықшылықтары бар флиланс сияқты икемді жұмыс түрлеріне қатысты өсіп келе жатқан тренд аясында жүріп жатыр.

 «Мамандар енді бір жұмыс орны мен жұмыс берушіге физикалық және географиялық тұрғыдан «байланғанын» қаламайды. Компаниялар белгілі бір тапсырманы орындау үшін қажетті дағдылар мен біліктілікке ие «өзгеретін» персоналдың болуынан пайда көреді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер үшін басты артықшылық –  бұл жұмыс орындарын ұйымдастыру қажеттілігінің жоқтығынан, еңбек шартында қарастырылған демалыс, аурухана және басқа да әлеуметтік кепілдіктерді төлеуден болатын шығындарды азайту», – деп атап өтті Александра Молчановская.