Қандай мамандықтар өзекті бола түседі?

Жарияланды
Еңбек нарығы алуан өзгеріспен бетпе-бет келуде

Байырғы мамандықтардың өзектілігін жойып, жаңа мамандықтардың пайда болатыны туралы ақпарат жиі шығады. Рас, айтылған мамандықтардың бәрі тегіс бүгін-ертең еңбек нарығына кіріп келмес, дегенмен сол болжам мен пайымдардың түбінде шындық бары ақиқат. 

Ranking жазуынша, 2021 жылдың екінші тоқсанында туризм саласында істейтін жұмысшылар саны 0,7 мың адамды құраған. Былтырғымен салыстырғанда 22,2 пайызға төмен. Қызметкерлер саны осымен төртінші жыл қатарынан қысқарып келеді. 

«2021 жылдың қаңтар-маусымында туризм саласының қызметкерлерім орташа 822,3 сағат жұмыс істеген. Бұл бір қызметкерге шаққандағы көрсеткіш. Бір айда туризм саласының бір жұмысшысы 137 сағат жұмыс атқарыпты. Екінші тоқсанда туризм саласы қызметкерінің орташа номиналды айлық жалақысы 188,5 мың теңгені құраған. Бұл 2020 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 78,2 пайызға көп» деп жазады Ranking. 

Эксперттердің болжауынша, 2020 жылы елде: 

  • Туристік дестинацияның бренд-менеджерлері (туризм, тарих және мәдени мұра, маркетинг, туристік бағыттарды насихаттау және туристік қызметтерді тұтынушылардың психологиясы саласындағы білімі бар маман); 
  • Интеллектуалды туристік платформаларды құрастырушы (турларды автоматты түрде таңдау, билеттер мен қонақүйлерді брондау, онлайн төлемдерді қабылдау үшін бағдарламалар, жүйелер мен платформалар жасайтын маман); 
  • Туристік маршруттар навигаторын жасаушы (туристердің жеке қызығушылықтары мен оларды жергілікті жерде тез бағдарлау туралы өтініштерін ескере отырып, саяхат бағытын құруға арналған бағдарламалар мен қосымшалар жасайды) сияқты маман иелері пайда болады деп күтілген. 

Ал 2025 жылы Қазақстанда агротуризм менеджері, туризм саласында Big Data аналитигі, туристік-реакреациялық аймақтарды жобалаушы секілді маман иелері пайда болмақ. Сарапшылар 2030 жылы иммерсивті дизайнер (саяхаттаушыларға шоу ұйымдастырады), медициналық және қолжетімді туризм менеджері, VR-құрылғы операторы сияқты мамандар нарықта жұмыс бастайды деп болжайды. 

Ал сол жылдары қандай мамандықтар нарықтан кетеді? Олар – ыдыс-аяқ жуушы, билетке тапсырыстар қабылдайтын агент, қабат бойынша кезекші (қонақүй, кемпинг, пансионат), билеттерді брондау операторы, турагенттіктегі офис-менеджер. 

Бұл ретте «Еңбек» электронды еңбек биржасының шолуында қазіргі уақытта өзгеретін мамандықтардың басым бөлігі сұранысқа ие, бірақ олардың өзектілігін сақтау үшін мамандарға жаңа техника, саладағы жаңа тәуекелдер мен мүмкіндіктер талап етілетін жаңа дағдыларды игеру қажет делінген. 

«Мамандықтың атауы өзгермеуі мүмкін, бірақ мамандық ішіндегі біліктілік талаптарының деңгейі өзгереді. Бұл мамандық классы білімі бар және біліктілігін арттыруды жоспарлаған адамдар үшін зерттеу пайдалы. Мүмкін сіз осы мамандықтармен айналысасыз немесе оларды игергіңіз келеді, сіз өзіңіздің құзыреттіліктеріңізді қай бағытта дамыту керектігін қарастыруыңыз керек. Сондай-ақ, мамандар жоғалып бара жатқан мамандықтарға назар аударуы керек. Кәсіптің жоғалуының екі негізгі себебі бар: Автоматтандыру – цифрлық технологиялардың дамуы жағдайында: қол еңбегінің мамандықтары да, ақыл-ой еңбегінің қарапайым мамандықтарының бір бөлігі де азаяды – олар автоматтандырылады. Еңбек нәтижелеріне немесе қызметтеріне қажеттіліктің жоғалуы мамандықтың біртіндеп жоғалып кетуіне әкеледі. Жақын арада бухгалтер, аудармашы, сметашы, кітапханашы, турагент, даяшы және т.б. мамандықтар жоғалып кетуі мүмкін» деп жазады. 

9 сала бойынша жаңа мамандықтар мен құзіреттердің атласы дайындалған. Барлық салалық атластардың мамандықтарын болжау саланың және тұтастай экономиканың өзгеруіне үлкен әсер ететін алты негізгі трендке негізделген.

Жетекші трендтер – бұл:

•    Роботтар мен ақылды жүйелерді енгізудің таралуы; 
•    Цифрландыру аясы және үлкен деректердің кеңейтілуі; 
•    Шикізаттың табиғи ресурстарының сарқылуы; 
•    Экологиялық стандарттарды күшейту және қайта өңдеуді дамыту; 
•    Y және Z буын жұмысшыларына жаңа еңбек талаптарының көрінісі; 
•    Халықтың тұтынушылық талғамының өзгеруі;
•    Барлық мамандықтар жақын болашақта кәсіби дағдылардың негізін құрайтын бірқатар құзіреттерге ие.
 

Сондай-ақ оқыңыз