Пандемия пайда болғалы онлайн қызметтерге деген сұраныс күрт артты. Қазір халық онлайн форматта сауда-саттық жасауды да жатсынбайтын болған. Көбіміздің дәстүрлі қарым-қатынасқа бауыр басып қалғанымыз рас. Десе де жаңа тенденциялардың пайдасын да жоққа шығара алмаймыз. Осы орайда үйде отырып қандай жұмыстың құлағын ұстауға болатынын саралап көрейік.
Еңбек нарығы сарапшылары қашықтан отырып жұмыс істеуде танымал болған 12 мамандықты бөле-жара атайды. Олар:
- Блогер, маркетинг бойынша серіктес;
- Фрилансер;
- Онлайн-тренер;
- Онлайн-консультант;
- Сайт жасаушы;
- Сайт дизайнері;
- Бейнеролик жасаушы;
- Жарнама бойынша маман;
- Маркетолог;
- Копирайтер;
- Жеке көмекші;
- Деректерді енгізу операторы.
Енді осының әрбіріне жеке-жеке тоқталайық.
Блогер, маркетинг бойынша серіктес.
Әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізетін адамдарды блогер деп танимыз. Олар ерекшелену үшін белгілі бір саланы меншіктеп те жатады. Мәселен, бірі саяхаттауды жиі насихаттаса, енді бірі спорт, бірі дұрыс тамақтану төңірегінде сөз қозғайды. Одан бөлек сән әлемі, туризм, медицина, мейрамхана бизнесі, шешендік өнерді де серік етушілер көп. Қазір жеке блокты Инстаграм мен Фейсбуктен басқа, YouTube, Telegram, TikTok желілерінде де жүргізуге болады. Соңғы үштіктің беделі артып бара жатыр деп те айта аламыз. Блогерлер негізінен жарнама жасаудан табыс табады. Олар жарнамаға тапсырыс алу үшін де қызықты контент дайындап, оқырман тартудың қамын жасайды.
Фрилансер.
Егер сіздің қашықтан отырып атқара алатын қандай да бір қабілетіңіз болса, онда өзіңізді фрилансермін деп есептеуге толық қақылысыз. Фриланс істеудің басты артықшылығы – тәуелділіктің болмауы және қолайлы жұмыс графигі. Мәселен, өз қызметіңізді сайттарға ұсынып, аптасына немесе айына материалдар жазып отыруға болады. Сондай-ақ бұл бағытта мәтін жазып беру, бағдарламалық қамтамасыз ету қызметін істеу немесе дизайн жасау да бар. Сондай-ақ фрилансер мұндай жекелеген тапсырыстарды негізгі жұмысымен де бірге атқара алады. Ең бастысы бәріне уақыт таба білу қажет.
Онлайн-тренер.
Қандай да бір бағыт бойынша адамдар тобына әлдебір саланың (істің) қыр-сырын үйрету үшін Инстаграм мен Youtube платформасы ыңғайлы. Коуч немесе тренер практикалық қабілеттерді дамыту үшін көп уақытын практикалық және жеке тренингке арнайды. Біреулер фитнес-тренировканы да онлайн үйретіп жатса, енді бірі бизнесті басқару, баспаналы болу, көлік таңдау мәселелері бойынша білгенін үйретеді. Тіпті жеке отбасылық мәселелерді шешу бойынша да ақыл беретін блогерлер көбейген.
Онлайн-консультант.
Қазір интернет-сауданы басты негіз еткен компаниялар көбеюде. Байырғы офлайн дүкендердің өзі онлайн сауда-саттықты іске қоса бастады. Бұл жағдайда онлайн-консультанттардың көмегі ауадай қажет. Олар қазір мемлекеттік және жеке секторларда – жеке қаржыны басқару, ақпараттық технологиялар қызметі, медицина, бизнес секторларында табысты қызмет етуде. Олар өзі жақсы білетін сала бойынша мамандарға тиімді кеңес беріп, бизнес пен онлайн сауданы қысқа және ұзақ мерзімді заман талаптарына қалай бейімдеу бойынша ақыл-кеңес бере алады.
Сайт жасаушы.
Бағдарламалаушы – қазір қашықтан жұмыс істеушілер арасында ең көп жалақы алатын мамандардың бірегейі. Осындай маман атану үшін сіз кәсіби білім алып, бағдарламалау тілін жан-жақты игеруіңіз шарт. Сонымен қатар ағылшын тілін білу де бұл мамандықтың бәсін арттыра түседі.
Сайт дизайнері.
Олар сайт дизайнының эстетикасына жауапты болады және сайттың қолайлы қолданылуы үшін жағдай жасайды. Техникалық һәм шығармашылық таланты биік болуы қажет. Креативті идеясын толыққанды өнімге айналдыра алса одан артық маман болмайды. Сайт дизайнын жасауды меңгеру үшін табақтай диплом алудың қажеті шамалы, ең бастысы – өзіңіздің ықыласыңыз бен зейініңіз, соны негіз етіп шағын онлайн-сабақтар мен түрлі кітаптарды оқып алу бұл саладағы жолыңызды ашады.
Бейнеролик жасау.
Бұл мамандықты таңдар болсаңыз сізге дизайн, түсірілім, видео өңдеу, монтажбен айналысудың керегі жоқ. Бейнеролик жасаушының басты міндеті – заман ырғағын дөп баса алатын, тапсырыс берушінің де, тұтынушының да көңілінен шығатын дудл-видеолар жасай алу. Қазір бірер минуттық мини-видеолар көп мағына айта алуымен құнды болып тұр.
Жарнама бойынша маман.
Бұл маман иесін нарықта трафик-менеджер деп те атайды. Олар жарнамалық жобаны жүзеге асыруға кіріскен ұйым мен қызметерлер тобының жұмысын үйлестірумен айналысады. Ол жарнаманы өндіруші және жоспарлаушы мамандарды таңдап, процесті бастан-аяқ қадағалайды, кем-кетігін толтырады, дайын жарнаманы БАҚ-қа жеткізеді. Трафик-менеджерлер қазір жарнамалық және PR агенттіктердің, баспа үйлері, радиостанция және телеканалдардың штатында жұмыс істей бастады. Яғни, олардың басты мақсаты – компанияға келетін табысты арттыру, соған байланысты сатып алу-сату келісімдерінің санын арттыру, сауда көлемін кеңейту. Ол үшін трафик-менеджерге белгілі бір көлемде бюджет беріледі. Түрлі акция, ойын, конкурстарды ұйымдастыру арқылы сол қаржы тиімді игерілуі қажет. Мұндай сұранысқа ие маман атануға көмек беретін оқу курстары көп-ақ.
Маркетолог.
Маркетолог тұтынушылық нарыққа талдау жасап, тауарларды өткізу стратегиясын жобалайды. Олар бизнесті дамыту тапсырмасын шешу үшін онлайн технологияларды қолданады. Жаңа тауарлар мен қызметтерді нарыққа шығару, брендтерді алға жылжыту, клиенттерді тарту, түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруға да маркетолог жауапты. Онлайн-маркетолог атану үшін көптеген функцияларды – SEO, SEM, e-mail marketing, контент-маркетинг, SMM, видеомаркетинг, таргеттеуді білу өте маңызды.
Копирайтер.
Копирайтер мәтіндік супер контент дайындауға барын салады. Оның міндетіне – сайтта мақала жариялау, әлеуметтік желіде пост жазу, пресс-релиз дайындау кіреді. Мәтін жазу үшін компанияның ұстанған бағытын, атқарар қызметін білу маңызға ие. Копирайтер жазған мәтін оқыған адамды ынталандырып, ә дегеннен қызығушылық тудыратындай болуы керек. Жазу-сызуға икемі бар кез келген адам бұл міндетті атқара алады.
Жеке көмекші.
Онлайн көмекші жеке бір адамға немесе компанияға қашықтан отырып ақ көмектесе алады. Соның ішінде – бухгалтерия ісі, транскрайбинг, есеп жазу, кездесулер мен электронды хаттарды жіберуді басқару, контент жасау, әлеуметтік желіні жүргізу бар. Осындай маман болғыңыз келсе онда тапсырмалар тізбегін алдын ала талқылап, бекітіп алған абзал.
Деректерді енгізу операторы.
Бұл онлайн-мамандықтың да ауқымы өте кең – мәтін теруіңіз, хатшы, бағдарламалаушы болуыңыз мүмкін. Оның бәрін біріктіретін бір нәрсе – деректерді өңдеу бағдарламасын қолдана отырып деректер базасындағы ақпараттарды жаңартып отыру. Жұмыс істеуге тура келетін деректер аудиожазба, құжат немесе цифрлы файлдар түрінде келуі мүмкін. Айта кету керек, бұл саладағы мамандардың жалақысы кеңседе отырып жұмыс істеушілерден көп болмайды. Көп адам бұл мамандықты қосымша табыс көзі ретінде қарастырып жатады.