Жасыл облигациялар дегеніміз не?

Жарияланды
Оның қандай артықшылығы бар?

Облигацияның да түр-түрі бар. Соның ішінде жасыл облигациялар қазір көпшілікті қызықтырады. Неге десеңіз, заман ағымына қарай экологиялық жобалар, табиғатқа барынша зияны жоқ дүниелердің бәсі жоғары тұрады. Ендеше, жасыл облигация деген не? Оның қандай артықшылығы бар? Қазақстанда қаншалықты қанат жайып жатыр? Осыларға тоқталсақ. 

Әлқисса, жалпы облигация деген не екенін қысқа-нұсқа түсіндіріп өтейік. Бұл — қаржы тартуға арналған құрал ретінде қолданылатын қарыз құнды қағаздар. Кәдімгі кредит секілді. Бірақ мұндағы айырмашылық сол, кредитке кепілдік керек болса, облигациялық қарызға «уәде» жеткілікті. Әрі бұл жағдайда қарыз алушы қашан және неше бөліп, қандай сомадан қайтарып отыратынын өзі бекітеді. Мұндай шарттар эмиссия құжаттарында шегеленіп жазылады.  

Облигациялардың қандай түрлері болады?

Құнды қағаздың бірнеше түрі болатынын айттық. Мысалы, елдегі Қаржы министрлігі шығаратын — мемлекеттік, қала мен облыстар шығаратын — муниципалдық, жеке компаниялар шығаратын корпоративтік түрлері бар. Әлемдік тәжірибеде облигациялар үшін «бонд» сөзі қолданылады. Еуромен орналасқандарын еуро-бонд десе, Қытайдың ішкі нарығында, юаньмен орналастырылғандарын панда-бонд дейді. Бұларды шетелде тіркелген компаниялар ғана орналастыра алады. Сонымен бірге аса танымал емес, іскерлік беделі жоқ компаниялардың облигацияларын «қоқыс» деп атау қолданысқа еніп кеткен. Ал енді бүгінгі тақырыпта арқау болып отырған «жасыл» облигациялардың қатарға қосылғанына көп бола қойған жоқ. Соңғы кездері табиғатты аялау керек деген ұстаным трендке айналып жатқанына байланысты шыққан десек, артық болмас. Себебі мұндағы ерекшелік — компанияның қоршаған ортаға, әлеуметтік дамуға және корпоративтік басқаруға (environmental, social and governance) қалай әсер ететіні ескеріледі. Бұларды қысқартып, ESG деген аббревиатураны қолданады. Еуропа елдерінде инвестицияландыруға жауапкершілік таныту бізден он шақты жыл бұрын енген. Облигацияның бұл түрін экологиялық жағдайды жақсартуға немесе табиғатқа келтіретін залалды барынша азайтуға бағытталған жобаларға шығарады. Яғни жасыл облигация алатын болсаңыз, қаражатты тек экологиялық жауапты жобаларға жұмсауыңыз керек болады. Әрі бағыттарын көрсетіп, қаншалықты тиімді болатынын да түсіндіру шарт.    

Жасыл облигация жайында

Механикасы бойынша, жасыл облигацияның кәдімгілерден айырмашылығы аса жоқ. Белгіленген табысы бар қарыз құнды қағаз. Инвестор белгілі бір мерзімге эмитентке қарыз береді. Тек ерекшелігі экологиялық жоба болуы қажет. Облигацияларды шығарып, «жасыл» статусты ресми түрде алу үшін ерекше принциптерге сай келуі қажет. Ол принцип Green Bond Principies (GBP) деп аталады. Ал оны жасаған — International Capital Markets Association (ICMA) халықаралық капитал нарығының қауымдастығы. Болмаса, Climate Bonds Initiative ұйымының талаптарына сай келуі шарт. Облигациялардың «жасыл» екенін сыртқы эксперт — верификатор-компания растайды. Егер тәуелсіз тексеріс жасаған кезде көкейде сауал туындамай, жобаларды іріктеу мен есебіне қатысты мәселе болмаса, онда жасыл облигация деп атауға рұқсат етіледі. Дегенмен ескеретін бір жайт, қағаз шығарылғаннан кейін эмитент тұрақты түрде есеп беріп, табиғатты сақтауға бағытталған жұмыстары жайлы хабарлап отыруға міндеттеледі.   

Нарықтағы орны қандай?

limate Bonds Initiative халықаралық ұйымының бағалауынша, жасыл облигациялар эмиссиясының 2007-2020 жылдар аралығындағы жалпы көлемі 1,1 трлн доллардан асып жығылады екен. Соңғы кездері таныла бастағанына дәлел ретінде, 2012 жылғы көлемінің 3,1 млрд доллар шамасында болғанын келтіруге болады. Ал енді бұл нарықта кім мықты екеніне келсек, бірінші орында — Еуропа (432,5 млрд доллар), одан кейін — Солтүстік Америка (237,6 млрд доллар) және үшінші орында — Азия-Тынық мұхиты аймағы (219,3 млрд доллар). Бұл — аймақ бойынша бөлгендегісі. Ал елдерге қатысты айтар болсақ, жағдай сәл басқаша. Көш басында соңғы 13 жылда 211, 7 млрд доллар сомаға облигация шығарған Америка тұр. Соңынан ілесе 127, 3 млрд доллармен Қытай тұр. Ал Францияда — 115, 6 млрд доллар. Үздік бестікте Германия мен Нидерланды бар. Алынған инвестициялардың басым бөлігі энергетикалық, құрылыс және көлік секторларына салынады екен. Осы үш сегментті қосқанда жасыл бонд нарығының 80 пайызға жуығын алады деседі.    

Жасыл облигация шығарушылар

Жоғарыда атап өткеніміздей, эмитент ретінде корпорациялар, девелоперлер, муниципалитеттер, түрлі елдердің үкіметі шығарады. Әлем бойынша алып қарайтын болсақ, жасыл облигация шығарушылардың көп бөлігі қаржылық және өндірістік компаниялар екен. Сонымен бірге даму банктері де біршама бар. Жаһандағы ірі эмитенттер қатарында қаржылық конгломерат Fannie Mae бар. Одан бөлек, SNCF, Berlin Hyp, Apple, Engie, ICBC, Credit Agricole сияқты алпауыт компанияларды атап өтуге болады.

Негізі жасыл облигация шығарудың пайдасы орасан. Себебі шығарушыларға біраз басымдық беріледі. Атап айтқанда, нарықта имиджі жақсарады, жаңа инвесторлар табу жеңілдейді, тиімді шарттармен экожобаларға ресурстар тартуға мүмкіндік туады. Кейбір шет мемлекеттерде жасыл облигация шығаратын эмитенттерге ерекше жеңілдіктер де қарастырылған. Айталық, олар облигациялар бойынша пайыздық төлемдер яки купондар төлеуден босатылғандары бар. Көбіне бұл функцияны толықтай не жартылай болсын мемлекет өз мойнына алады. 

Сонымен бірге инвесторлар жасыл облигациялар бойынша салық төлемеуі де мүмкін. Оның жарқын мысалы ретінде Clean Renewable Energy Bonds (CREB) және Qualified Energy Conservation Bond (QECB) облигацияларына АҚШ-тың жасаған жеңілдіктерін айта аламыз. Олар бойынша мемлекет купонның 70 пайызын төлейді. Сондықтан эмитенттерге баламалы энергия мен ресурсты үнемдеуге қатысты жобалар мен бағдарламаларды алға тартқан тиімдірек. Бұл барлық тарап үшін тиімді: мемлекет өзіне керек экологиялық жобаның нақты іске асатынына кепілдік алады, эмитент қарызды барынша қолайлы шарттармен алып отырады, инвесторларға түсетін табыстан салық алмайтыны жақсы.    

Қор биржалары мен индекстер

Жасыл бондтарды бақылап, олардан түсетін орташа табысты анықтау үшін әлемдік қо биржаларында арнайы индекстар бар. Олардың ішіндегі ең ірілеріне тоқталсақ:   
•    Bloomberg Barclays MSCI Green Bond Index
•    S&P Green Bond Index
•    Bank of America Merrill Lynch Green Bond Index
•    The Solactive Green Bond Index. 
•    Сонымен бірге осы индекстерді бақылайтын қор биржалары да пайда болған. Мысалы, BGRN тикері бар iShares Global Green Bond ETF және VanEck Vectors Green Bond ETF (GRNB).

Қазақстандағы ахуал

2020 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының Astana International Exchange (АIX) биржасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялау тәуекелдерін төмендету жөнінде БҰҰДБ-мен жасалған келісімнің шеңберінде 200 млн теңге сомасының «жасыл» купондық облигацияларын шығарған еді. Құнды қағаздар 3 жыл айналымда болады. Купондық мөлшерлеме – 11,75 пайыз. Бұл орналастыру биржаның «жасыл» қағидаттарына сәйкес келетін бағалы қағаздардың алғашқы листиңі және жалпы алғанда Қазақстандағы алғашқы «жасыл» облигациялар листиңі болды.
 

Сондай-ақ оқыңыз