Су үнемдеу жол картасы жасалмақ

Жарияланды
9 ірі су қоймасы салынады

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай суармалы жер ауданын 2,2 млн га дейін, ал 2030 жылға қарай 3 млн гектарға дейін кеңейту міндетін қойған болатын. Қазіргі кезде ауыз су пен өнеркәсіпке қажетті су көлемі шамамен 25 текше км құрайды. Жыл өткен сайын  бұл қажеттілік арта бермек.   Бұл қажеттілік суды тиімді пайдалану, ең жаңа технологияларды енгізу, саланы цифрландыруды талап етеді. Бүгін еліміздің су арналары мен су қоймаларын салу және реконструкциялау барысы қаралған Үкімет отырысында  Асқар Мамин министрліктерге су үнемдеу жол картасын әзірлеуді тапсырды. 

Ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта суды көп қажет ететін күріш және мақта, сондай-ақ масақты дәнді дақылдар сияқты дақылдардың үлесі азаятынын айтады. 

«Бұл ретте дәнді масақты дақылдарды суару тек азықтық ауыспалы егісте ғана көзделген. Жалпы көрсетілген шаралар 2030 жылға қарай суармалы жерлер алаңын 2 есе, жалпы жиналымды 5,6 есе, жалпы пайданы 6,4 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді» деді Е. Қарашөкеев. 

Министрдің айтуынша, суармалы егіншілік тиімділігін арттыру су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданумен тығыз байланысты. Ол өз кезегінде бұл су шығынын азайту мен өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

 «Қазіргі кезде  су үнемдеу технологиялары енгізілген  егістіктердің артқаны байқалады, оған инвестициялық субсидиялау ықпал етті. Бұл инвестициялық субсидиялау аясында фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ су алу мен беруге арналған бүкіл қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі» деді министр.

Тек автоматтандырылған бөлу мен тасымалдау есебінен судың артық жұмсалуы жыл сайын 1,2 текше км-ге қысқарып келеді екен. 

 Бұл жиында Үкімет басшысы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде 9 су қоймасы мен 120 каналды салу мен реконструкциялау, сондай-ақ оларды цифрландыру Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

«Осы ретте, алдағы бес жылдық кезеңде ұзындығы 2,3 мың км болатын 120 каналды реконструкциялау мен жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын  9 ірі су қоймасын салу жөнінде шаралар қабылданады. Сонымен қатар, өңірлік деңгейде жайылымдық жерлердегі гидротехникалық құрылыс, құдықтарды жаңғырту, жөндеу мен оларға қызмет көрсету жүргізіледі. Жалпы, су қоймаларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдану жыл сайын 6,4 текше км көлемінде қосымша су ресурстарын жинауды қамтамасыз етеді. Бұл шаралар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да бар» деді А. Мамин.

Ал ауыл шаруашылығы, экология, министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде 2025 жылға дейін суармалы алаңдарда су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша өңірлік жол карталарын әзірлеу тапсырылды.
 

Сондай-ақ оқыңыз