Ресурстар

Вакцинация жоспары толық орындалмады

Вакцинаның қос компонентін 6,7 млн адам салдырған

Ел Үкіметі қазан айына дейін 10 млн адам вакцина салдырады деп жоспарлаған еді. Алайда қазіргі кезде вакцинаның қос компонентін тек 6,7 млн адам ғана салдырған. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой  жоспардың орындалмауын адамдардың вакцинаға сенбейтінімен байланыстырады. 

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина салу биыл 1 ақпаннан басталған еді. Денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарының 10 миллионын вакцина алатындардың қатарына кіргізген. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтар мен студенттер, полиция, ҰҚК, Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері вакцина салдырса, сондай-ақ созылмалы аурулары (қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүрек-қантамыр жүйесі) бар адамдар да екпе алуы тиіс еді. 

Сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 млн адам вакцина салдыруы тиіс болатын.  Денсаулық сақтау министрлігі нақты вакцинация жоспарын әзірлеген. 

 «Қыркүйек айында вакцинациялауға жататын 10 млн адамға вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ұжымдық иммунитеттің жинақтаушы әсері күтіледі» деген еді  Үкімет басшысы А. Мамин.

Қазіргі кезде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін  – 7 775 348 адам, екінші компонентін 6 776 270 адам салдырған. Яғни жоспар тек 66 пайызға орындалған. 

Министр Алексей Цой 10 млн адамды қамтимыз дегенде, «елді тегін вакцина толық қамтамасыз етеміз дегенбіз» дейді. Вакцина салдыру ерікті іс болған соң, таңдау адамның өзінде екенін айтады. 

«Қазақстанда ДДСҰ аккредиттеген Синофарм, Веросел вакцинасы бар. Яғни, егер мемлекет ДДСҰ-да тіркелген вакцина бойынша талап қоятын болса, бізде ондайлар бар, екпе салдырып, шетелге болады. QazVac ДДСҰ-да тіркеу рәсімінен өтуде. Вакцина тіркелгеннен кейін өзге нарыққа да шығарылады» деді Цой.

Сонымен қатар министр жыл соңына қарай қазақстандықтар көптен күткен Pfizer вакцинасының 4 млн дозасы келетінін айтты. 

«Біз соңғы келісімшартқа қол қойдық… Қазақстанға шамамен 4 млн доза жеткізу жоспарланып отыр. Ол төртінші тоқсанда әкелінеді деп күтіп отырмыз. Тиісінше, жеткізу барысында барлық суық тізбек сақталады. Қазақстанның әрбір өңіріне жіберілетін вакциналарға арналған тоңазытқыш жабдығы қажетті -80 градус температуралық режимге сәйкес келетін болады. Барлық жағдай жасалады. Вакцинация пункттері ұйымдастырылды. Принцип ұқсас, жалғыз айырмашылығы – температураны сақтау. Қосымша жабдықтар барлық өңірлерде орнатылады. Вакцинаны жеткізу кезінде басқа вакциналар үшін де суық тізбек дайын болады деп ойлаймын. Болашақта бұл вакциналарды әртүрлі температурада көп сатылы сақтауға мүмкіндік береді. Сонда әлемде әзірленіп жатқан кез келген вакцинаны сақтай аламыз» деп сендірді Цой.