Ресурстар

14 қазаннан бастап өтініш бер. «Елорда жастары» бағдарламасының талаптары қандай?

Қатысушы тұрғын үй сатып алуға 18 млн теңгеге дейін қарыз ала алады

Елімізде кезекті тұрғын үй бағдарламасы басталады. Жоба 18-35 жас аралығындағы жастарға арналған. «Елорда жастары» деп аталатын бағдарлама Нұр-Сұлтан қаласында тұратын және жұмыс істейтін азаматтарға арналған. 

Бағдарламаның іске қосылатыны туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеген. 

«Құрметті қала тұрғындары! Сіздерге айтар қуанышты хабарым бар!

Елордада жастарға арналған «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосамыз. Жеңілдетілген әлеуметтік несиелендіру тұрғын үй бағдарламасы елорданың жас мамандарына арналған. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік, мәдениет және спорт салалары, жоғары оқу орындары мен ҒЗИ, полиция департаменті, ТЖД қызметкерлері, коммуналдық кәсіпорындардың бейінді қызметкерлері және т.б. арналған.

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға Отбасы банкі мен 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасы көмектеседі. «Elorda Jastary» жастарға, соның ішінде тұрғын үй желісі бойынша толық қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, «Elorda Jastary» бағдарламасында білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты пайдалы өткізу және т.б. бағыттар бар. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында азаматтардың қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй сатып алуына жағдай жасау мәселесіне назар аударды» делінген әкім хабарламасында.

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасына 35 жасқа дейінгі (35 жасты қоса алғанда, жұбайының/зайыбының жасы маңызды емес) жастар қатыса алады. Оған мынандай талаптар кіреді: 
•    Қалада кемінде бір жыл тіркеуі болуы; 
•    «Отбасы банкте» жинақ шоты бар болуы; 
•    Бағдарлама үміткерінің жеке тұрғын үйі болмауы; (соңғы 5 жыл ішінде); 
•    Ресми жұмыс өтілінің бір жылдан кем еместігі. 

Осылайша, аталған тұрғын үй бағдарламасына қатысушы тұрғын үй сатып алуға 18 млн теңгеге дейін қарыз ала алады (жылдық 5% жеңілдікпен). Сатып алынатын тұрғын үйдің құны – шектеусіз. Қарыз 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

14 қазанда басталатын өтінімдерді қабылдау процесі qatysu.zhilfond.kz порталында жүзеге асырылады. Қатысушылардың санаттары, тұрғын үй алу талаптары мен алгоритмі бойынша қосымша ақпаратпен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ сайтында (zhilfond.kz) танысуға болады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін қатысушыларды іріктеу балдық жүйеге сәйкес басталады.

Бағдарлама шарттары қандай?

•    Максималды займ сомасы – 18 млн теңге; 
•    Пайыздық ставка – 5 пайыз; 
•    Алғашқы төлем – 10 пайыз. 

Өтінімдер мен құжаттарды қабылдау электронды цифрлы қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. 

Өтінім берілгеннен кейін 30 жұмыс күні ішінде келіп түскен құжаттар тексеріледі. Іріктеуден сәтті өткен қатысушының электронды почтасына банкке жолдама жіберіледі. 

Ол жолдама бойынша өтініш беруші 10 күн ішінде «Отбасы банктің» кез келген бөлімшесіне бара алады. 

Банк қатысушының төлем қабілетін тексереді. Қатысушының табысы отбасының бір мүшесіне шаққанда соңғы алты айда 308 718 теңгеден аспауы керек. 

Төлем қабілеттілігін тексеруден өткеннен соң 60 жұмыс күні ішінде қатысушы бірінші немесе екінші нарықтан баспана тауып үлгеруі керек. 

Баспананы таңдағаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде қатысушымен сату-сатып алу келісімшарты жасалады. 

Қандай құжаттар талап етіледі?

1. Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (баланың тууы, некенің тіркелуі, өлімі туралы, ажырасу туралы); 

2. Жылжымайтын мүліктің жоқтығын растайтын анықтама; 

3. Ресми бланкімен мекеме атынан берілген анықтама. Ресми бланка болмаған жағдайда ұйымның мөрі басылуы керек; 

4. ҚР Еңбек кодексінің 35 бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжат; 

5. Еңбек өтілі басталғалы бергі зейнетақы түсімі туралы анықтама; 

6. Қатысушының немесе оның отбасы мүшелерінің мүгедектігі туралы анықтама; 

7. БАҚ-та есепте тұрғаны жайлы куәлік (аталған талап журналистика саласындағы қатысушыларға арналған); 

8. «Отбасы банк» АҚ-да депозиттік шотының бар екендігі туралы анықтама. Онда ерлі-зайыптылардың жинақ сомасы да көрсетілуі тиіс. 

9. Соңғы бір жылдағы табысы туралы ерлі-зайыптылардың жұмыс істейтін мекемесінен берілген анықтама. 

10. Жоғары және орта білім туралы диплом; 

11. Егер қатысушыда соңғы 6 айда ауырғаны немесе еңбек демалысын алғандығы себепті табыс жоқ болса онда ауырғаны немесе еңбек демалысын алғаны туралы бұйрықты көрсетуі керек. 

Балл қалай есептеледі?

Таңдалған саладағы толық бір жыл жұмыс өтілі – 5 балл. Таңдалған саладағы толық емес мерзімдегі еңбек өтілі үшін – 3 балл. 

Қатысушыда немесе жұбайында/жолдасында 1,2,3 топтағы мүгедектіктің болуы – 10 балл. Егер отбасында бірнеше мүгедек бар болса онда оның әрбіріне балл есептеледі. 

«Жетім балалар» категориясы бойынша тұрғын үй кезегінде тұратын азаматқа – 5 балл. 

Қандай да бір көмек қажет болған жағдайда мына нөмірлерге қоңырау шалуға болады: 

iKomek – 109 (мобилді телефоннан); 

«Отбасы банк» АҚ тегін қолдау телефоны – 300 (мобилді телефоннан); 

Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты басқармасы – +7 (7172) 55-66-33, 
+7-700-725-17-32. 
Ақжігіт Әділбеков