Браконьерлердің жолын кесу неге қиын?

Жарияланды
Табиғатты қорғау түйткілді мәселеге айналып отыр

Табиғатқа кесел келтірмейік, қатары сиреген жануарларды сақтайық деп қанша дабыл қақсақ та, бұл саладағы заңсыздық тыйылар емес. Жан-жануарға именбей мылтық кезенушілер өздерін тым еркін сезінгені сонша, қай бір жылдары инспекторларға да ашық оқ атып еді. Бұл қоғамда резонанс тудырып, содан бері мемлекет табиғат қорғау мәселесіне баса көңіл бөле бастады. 

Жыл басынан бері инспекторлар мен қорықшылар табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 820 жағдайын анықтапты. Айыппұл сомасы 8 млн теңгеден асқан. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, комитеттің аумақтық бөлімшелері табиғат пайдалану саласында жыл басынан бері 1700-ден аса рейдтік іс-шара және 441 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 820 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылық анықталған. Аталған заң бұзушылықтар бойынша 768 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынып, оның ішінде 6 млн теңгеден астам сома өндірілген. 

«Ақбөкендерге ерекше тоқталып өткім келеді. 2021 жылғы есеп нәтижелері бойынша, тұрақты қорғаудың арқасында олардың саны 842 мыңға жетті. Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін, оның ішінде киіктерді қорғауды «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК  мекемесі жүргізеді. Жалпы ауданы 123,0 млн га 12 әкімшілік облыстың аумақтарында жүзеге асырады. Онда 430 инспектор және жүріп өту мүмкіндігі жоғары 152 бірлік жол талғамайтын автокөлік құралдары жұмылдырылған» дейді спикер. 

2019 жылы біздің үш инспектор қайтыс болғанда президент браконьерлікпен күрес бойынша түбегейлі және кейінге қалдыруға болмайтын шараларды қабылдауға тапсырма беріп, соның аясында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен санкцияларды қатаңдату бөлігінде 335 және 337-баптарға түзетулер күшіне енді, яғни қылмыстық теріс қылықтар қылмысқа көшті, сондай-ақ 337-бапқа 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру санкциясымен жаңа 6 бөлім енгізілді. 

339-бапқа киікті, оның бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде киік мүйіздерін:
•    заңсыз алуды, 
•    сатып алуды, 
•    сақтауды, 
•    өткізуді, 
•    әкелуді, 
•    әкетуді,
•    жөнелтуді, 
•    тасымалдауды 
•    жоюды көздейтін 1-1-бөлік енгізілді, ол үшін санкция 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуді не айыруды көздейді, мүлкі тәркіленеді.  

«380-1-бапта жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі қорықшының өміріне қолсұғушылық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ, қорықшыға қатысты күш қолданғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын қылмыстық жауаптылықты көздейтін жаңа 380-2-бап енгізілді» деді спикер.

Данияр Тұрғамбаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері инспекторлар киіктерге браконьерліктің 56 фактісін анықтаған, соның нәтижесінде 4077 мүйіз және 141 киіктің ұшасын тәркіленіпті. 

«Аталған іс-шаралар тұрақты негізде жаңа әдістемелер мен технологияларды пайдалана отырып жүргізіледі. Барлық қабылданып жатқан шараларға, сондай-ақ браконьерлік үшін қылмыстық жауапкершіліктің қатаңдатылуына қарамастан, браконьерлік жағдайлары тоқтатылмай отыр. Киіктерді сақтау мақсатында 2020 жылы ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында пайдалануға тыйым салу енгізілді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Орал популяциясының киіктерін сақтау мақсатында Батыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 343 040 га резерваттың қорғау аймағымен «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құру мәселесі пысықталуда» деді сарапшы. 

Сонымен қатар, «Охотзоопром» ӨБ РМҚК материалдық-техникалық базасын жаңарту, сондай-ақ оларды бейнетіркеу жүйелерімен жарақтандыру жүргізіліп жатыр екен. Механикалық әсерлерден қорғау үшін кеудешелер, кісендер, резеңке таяқтар (арнайы), автокөлікті мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғылар сатып алынған. 

Сонымен бірге ішкі істер министрлігі құқық бұзушыларды ұстау негіздері, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің нормаларын қолдану, қаруды ұстау қауіпсіздігі, тактикалық-арнайы даярлық қағидалары бойынша арнайы оқу бағдарламасын әзірлеп шыққан. 

«2019 жылдан бастап ІІМ оқу орталықтарында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК 315 инспекторына арналған оқу курстары өткізілді. Ағымдағы жылы көлік арнайы жарық, дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің, сондай-ақ ормандар мен жануарлар дүниесін қорғауды қамтамасыз ететін мамандандырылған ұйымдардың жедел көлік құралдарының арнайы түсті-графикалық схемалары бойынша боялуға жататын жедел және арнайы қызметтер тізбесіне енгізу бөлігінде жол жүрісі қағидаларына толықтырулар енгізілді» деп мәлімдеді спикер.  

Сондай-ақ оқыңыз