Шетелде Эразмус+ бағдарламасы арқылы қалай тегін білім алуға болады?
Бүгін де шетелде оқимын, тәжірибемді шыңдап, халықаралық деңгейдегі маман боламын деп армандайтын жандар үшін керемет мүмкіндіктер жетерлік. Тіпті әлемдегі үздік университеттерде тегін оқып қана қоймай, шәкіртақы алып, магистрант, доктор атанып, ел аралап, әлем елдерін тануға ықпал ететін жобалар да баршылық. Ол үшін тіл біліп, оқуға деген қызығушылығың артып тұрса жеткілікті. Тіпті тыныш өміріңді 180 градусқа дейін өзгертіп жіберетін халықаралық бағдарламалар бар.
Солардың бірі және бірегейі деп Эразмус+ жобасын айтуға болады. Еуропалық Одақтың бастамасымен құрылған бұл оқу-тәжірибелік бағдарламаға Қазақстан 1995 жылдан бері қатысады. ТМД елдерімен салыстырғанда, Қазақстан білім жағынан көш ілгері. Сондықтан еліміздің 54 университеті және 44 ұйымы осы уақытқа дейін 61 жобаны жүзеге асырып, 54 миллион еуроға бағаланған гранттарды жеңіп алған.
Сонымен Эразмус+ деген қандай бағдарлама? Оның Қазақстан жастарына берер қандай пайдасы бар? Бұл оқу грантын қалай жеңіп алуға болады? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын алу үшін Қазақстандағы Эразмус+ бағдарламасы ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Шайзада Тасболатова Өмірзаққызынан сұхбат алған едік.
– Шайзада Өмірзаққызы, Эразмус+ бағдарламасының мақсаты не?
– Эразмус+ – Еуропалық Одақтың білім беру, кәсіптік оқыту, жастар саясаты және спорт жүйесін жаңғырту мен тұрақты дамытуға бағытталған бағдарламасы. Ол Еуропа елдері (Бағдарлама елдері деп аталатын) арасындағы, сонымен қатар, еуропалық елдер мен бүкіл әлем бойынша серіктес елдер арасындағы ынтымақтастықты арттыру үшін қаржылық мүмкіндіктер береді. Яғни білімді, алғыр, жаңалыққа құмар жан болсаң, Эразмус+ бағдарламасы саған тегін грант береді. Бұл бағдарлама Қазақстанның жоғары оқу орындары мен азаматтарына төрт негізгі мүмкіндікті ұсынады:
1. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КРЕДИТТІК ҰТҚЫРЛЫҚ: СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН АҚПАРАТ
2. ЭРАЗМУС МУНДУС БІРЛЕСКЕН МАГИСТРЛІК ДӘРЕЖЕЛЕРІ
3. ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУЕТТІ АРТТЫРУ
4. ЖАН МОНЕ БАҒДАРЛАМАСЫ
– Енді осы бағыттардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталсаңыз ?
– Әрине. Мәселен, студенттерге арналған халықаралық кредиттік ұтқырлық бағдарламасы бойынша, студенттерге 3 немесе 12 ай көлемінде Еуропаға қысқа мерзімді оқыту немесе тағылымдамаға баруға болады. Бүгінде 3374 студент Европаның университеттеріне барып білім алып, тәжірибелерін шыңдап келді. Оларға ай сайын 1000 еуро-дан шәкіртақы берілді, жол шығындары мен медициналық сақтандыруды, оқу визасы мен кітапхана, ішетін тағамдарына дейін қабылдаушы жақ өз мойындарына алды. Бұл бағдарламаға қатысқыңыз келсе, оқып жүрген университетіңіздің халықаралық бөлімінен барып Эразмус+ шеңберіндегі ынтымақтастық туралы Бағдарлама Европа Елінің ЖОО-мен екі жақты келісімі бар ма, соны білсеңіз жеткілікті. Басты шарттары: міндетті түрде ағылшын тілін білуіңіз керек. Сосын керекті құжаттарды жинап, байқауға қатысуға болады.
ЭРАЗМУС МУНДУС БІРЛЕСКЕН МАГИСТРЛІК ДӘРЕЖЕЛЕРІ деген бағытты таңдасаңыз, ол тіптен керемет мүмкіндік. Білім гранты 12 айдан 24 айға дейін созылады. Бұл бағдарламамен біздің 224 азамат магистр атанған. Ол үшін бакалаврды тамамдауыңыз керек. ЕуроОдақ бұл бағдарламаны іске асыру үшін биыл консорциумға 55000 еуро грант бөлді. Егер сіз осы бағдарламамен Францияның бір университетіне жолдама алсаңыз, сіз Еуропаға барған соң, Италияның да, Германияның да университеттеріне барып өзіңіз қалаған айларды бөліп-бөліп оқып келуіңізге болады. Яғни Еуропаның қай университетіне барсаңыз да диплом алып келесіз. Сізге дүние-мүлкіңді кепілге қойып, оқу ақысын өте немесе шартты түрде жұмыс істеуің керек деген ешбір талаптар қоймайды. Оқу мен басқа да шығындар тегін. Егер сіз экономика саласы бойынша бітірсеңіз, сіз Эразмус Мундус бағдарламасы арқылы технология саласындағы тағы бір мамандықты меңгеріп келуіңізге мүмкіндік мол.
Үшінші бағыты – Эразмус+ «Жоғары білім беру саласындағы әлеуетті арттыру» (ЖБӘА) бағдарламасының компоненті шеңберінде серіктес елдердің жоғары оқу орындары мен жоғары білім беру жүйесіне ұзақ мерзімді ықпал етуге қол жеткізуге бағытталған жобаларды қаржыландырады. Бұл бағдарлама 150-ден астам жоғары оқу орындары арасындағы көпжақты серіктестікке негізделген трансшекаралық ынтымақтастық жоба. Эразмус+ бағдарламасына қаржылық үлес қосатын ЕО-ға мүше 28 мемлекет, сондай-ақ Исландия, Лихтенштейн, Норвегия, Сербия, Түркия және Македония. Қазақстан да осы бағдарламаны құраушы серіктес елдерге жатады. Яғни Қазақстан әлемдік университеттермен бірлесіп инновациялық жобалар әзірлейді, озық тәжірибелерімен алмасады. Біздің университеттің ғалымдары мен оқытушылары Еуропалық әріптестерімен бірігіп, киберқауіпсіздік, ғарыштық зерттеу, медицина, кәсіпкерлік, микроклимат, экологиялық апаттар мен жер шарын қорғауға байланысты білім бағдарламаларын өмірге әкеледі. Олардың арасында Нархоз Университеті 1 жоба, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті 2 жобамен, Қарағанды медицина Университеті 2 жоба, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Ауылшаруашылық Университеті 1 жоба және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті 1 жобаны үйлестіріп ерекше көзге түсті. Бүгін де өзім қызмет етіп жатқан Қазақстандағы Эразмус+ бағдарламасының ұлттық кеңсесі еліміздегі 30 университетпен бірігіп 50-ден астам іс-шара өткізейік деп жатырмыз. ЕуроОдақтың деңгейінде ұйымдастырылатын осы шарада Эразмус+ бағдарламасын жастарға түсіндіру үшін тренингтер, семинарлар мен шоу-турлар, орталықтардың ашылуы мен байқаулар өтетін болады.
Төртінші бағыт – Жан Моне грантын биыл еліміздің 9 университеті иеленді. Бұл грант арқылы 10 жоба жүзеге асты. Тарих, экономика, саясат, құқық саласына қатысты түрлі зерттеулер мен ғылыми материалдар ЕуроОдақ көлемінде жарияланып, профессорлар мен аға оқытушылар арнайы жобалар қорғайды.
– Эразмус+ грантын ұту үшін не істеу керек ?
– Алдымен Эразмус+ арнайы сайтына кіріп, бағдарламалармен толық танысу керек. Мәселен Эразмус+ «Жоғары білім беру саласындағы әлеуетті арттыру» жобасына қатысу үшін ақпан айында қимылдау керек. Бірнеше Университет бірігіп консорциум құрады. Олар өз жобаларын бірігіп ұсынғанша, уақыт кетеді. Сондықтан біздің Қазақстандағы Эразмус+ бағдарламасының ұлттық кеңсесі ақпараттық таныстыру жұмыстарын белсенді түрде бастап кетті. Студенттер ЭМ БМБ онлайн-каталогымен танысып, өтінім беру курстары мен рәсімдері туралы қосымша ақпарат алу үшін білім беру бағдарламасын ұсынатын консорциуммен байланысуы керек. Бағдарламалар каталогымен сайттағы https://eacea.ec.europa.eu/erasmus-plus/library/catalogue_en танысуға болады. Каталог жыл сайын қазан айында жаңартылады. ЭМ БМБ бағдарламаларына түсуді өтініш беруші өз бетінше, тиісті бағдарламалардың сайттары арқылы жүзеге асырады. Құжаттарды тапсыру мерзімі әр бағдарламаның сайтында көрсетілген және әр түрлі болуы мүмкін.
– Бүгін де осы бағдарламаны оқып, бітіріп келгендер қайда жұмыс істеп жатыр ?
– Эразмус+ бағдарламасы арқылы бітіріп келген жастардың көпшілігі халықаралық компаниялар да жұмыс істеп жүр. Тіпті арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да кездесті. Әсіресе шетелде магистрлік , докторлық дисертацияларын қорғап келген жастар, елге келіп халықаралық деңгейдегі құқықтық жағынан елге көмек беруде.
– Бұл бағдарлама біздің елге не береді?
– Білімді жастардың санын көбейтіп, сапасын ғана арттырып қоймайды, бұл бағдарлама әрбір жасқа ел көріп, жер көріп әлемді тануға көмектеседі. Бір жылда Еуропаның бірнеше елінде қосалқы білім алу деген ол үлкен жетістік. Тіл біліп, инновациялық идеяларды біздің елге әкеліп жүзеге асыру Қазақстанның өркендеуіне жол ашады. Сондықтан біздің жастардың әртүрлі салада батыста білім алуы мәдениетіміздің дамуына, технологияның қарыштауына септігін тигізеді. Тегін білім гранттарын жастар пайдалану керек. Құр жүрмеуі керек. Тарихқа жүгінсек, Эразм Роттердамский (1469-1563) деген жазушы, филолог, гуманист болған. Ол Франция, Англия,Италия, Бельгияға көп сапарлаған. Әр елдің мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дәріптеген гуманистің бұл идеясы кейіннен Эразмус бағдарламасының өмірге келуіне түрткі болды.