«Қазпочтаның» 1 млрд теңгеге салынған ғимараты пайдаланылмай бос тұр
Ұлттық пошта операторы – «Қазпочта» АҚ қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 163,9 млн теңге сомасында заң бұзу анықталған. Сонымен қатар 678,3 млн теңге тиімсіз жоспарланса, 47,4 млн теңге тиімсіз пайдаланылып, 6,9 млн теңге сомасына экономикалық шығын, сондай-ақ, 32 рәсімдік бұзушылық фактісі анықталған. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің кезекті отырысы өтіп, онда «Қазпочта» АҚ-ның активтерін басқару тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындыс қаралды деп хабарлайлы Есеп комитетінің баспасөз қызметі.
Жиынға бейнеконференция байланысы режимінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, «Қазпочта» АҚ-ның өкілдері қатысқан.
Акционерлік қоғам елдегі 3024 өндірістік объектісі бар ең үлкен филиалдық желіге иелік етеді, оның ішінде орталық операциялық учаскілер – 187 бірлік, пошта байланысының стационарлық бөлімшесі – 2 026 бірлік, пошта байланысының пункттері – 508 бірлік, пошта байланысың жылжымалы бөлімшесі 106 бірлік, төлемдерді қабылдау пункттері – 197 бірлік.
Бұдан бөлек, 2018 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге жүргізілген аудит қорытындылары бойынша бірқатар анықталған проблемалар бар.
Атап айтқанда, «Қазпочта» АҚ қызметтің түйінді стратегиялық көрсеткіштерін орындамаған. Мәселен, 2018 жылы ҚТК 29% (7 көрсеткіштің 2), 2019 жылы 72% (7 көрсеткіштің 5) және 2020 жылы қызметтің түйінді көрсеткіштерінің 86% (7 көрсеткіштің 6) қол жеткізілмеген.
Соңғы 3 жылда «Қазпочта» АҚ Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісінде жүйелі түрде төмен сырғып келеді (2017 жылы – 46 орын, 2018 жылы – 49 орын, 2019 жылы – 52 орын). «Қазпочта»АҚ-ның рейтингтегі төмендеу қарқынын ескере отырып, Дүниежүзілік пошта одағының нұсқасы бойынша 20 жетекші пошта компанияларының қатарына кіру қойылған мақсатына қол жеткізе алмау тәуекелі бар.
2017 жылдан бері «Қазпочта» АҚ-ның ауылдық жерде байланыстың әмбебап қызметтерін көрсетуге кеткен шығыны субсидияланады.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазпочта» АҚ-ның пайдасына негізделмеген субсидиялар төлеуге әкеп соққан заң бұзушылықтарға жол берген Осылайша, қалалық жерде жазылу бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын тарату жөніндегі қызметтерді көрсетуге жұмсалған шығын өтелген.
«Түркістан қаласында бір жыл бұрын салынған және пайдалануға берілген құны 1 млрд теңге болатын Цифрлық офис ғимараты қазіргі уақытта пайдаланылмайды. Ғимарат толық дайын болмай және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес болмай жатып пайдалануға берілген» дейді Есеп комитеті.
Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру, активтерді басқарудың, бюджеттік субсидияларды басқару мен пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ету бойынша тиісті ұсыныс берген.