Қазақ ауылдарына қашан ауыз су жетеді?
Мемлекет басшысы биыл халыққа арнаған жолдауында 2025 жылы халықтың сапалы сумен 100 пайызға қамтуды тапсырған еді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елдегі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 94,1 пайызды құраған. Оның ішінде: ауылдарда – 90,1%, қалаларда – 97,5%. Бұл дегеніңіз – 17,7 млн астам адам.
Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов осылай дейді. Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы қала халқы 100 пайыз сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. Ауыз суға ең төмен қолжетімділік Жамбыл облысында байқалуда. Ауылдық жерлердегі ең төменгі сумен жабдықтауға қолжетімділік – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында екен. Ал Атырау, Алматы, және Қызылорда облыстарының ауылдарында су мәселесі біршама шешімін тапқан.
Барлық елді мекендерді сумен жабдықтау «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Шағын ауылдарда ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша халық саны 200-ден кем 1129 ұсақ ауылда кешенді блок-модульдер орнатылады. Блок-модулдер – суды жинауға, пайдалануға, қажет болған жағдайда ауылдан ауылға тасымалдауға мүмкіндік бермек.
«Биыл 368 ауылды қамту жоспарлануда. Оның ішінде 148 ауылда орталық сумен жабдықтау және 220 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок модульдер орнату жоспарлануда. Ел бойынша барлыға 6 316 ауыл бар, оның ішінде 3 991 ауыл орталық сумен қамтылған, 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Қамтылмаған 1 922 ауылдаң 793-інде орталық сумен жабдықтау жүйелерін салу жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда» деді спикер.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 498 млрд теңге бөлінбекші. Оның ішінде ауылдық елді мекендерге 261 млрд теңге қарастырылған.
«Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға 151 млрд теңге, оның ішінде: қалаларда – 77 млрд теңге, ауылдарда – 74 млрд теңге қарастырылған. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ел халқының 95% сапалы сумен жабдықтау қызметтерімен қамту жоспарлануда: қалада – 98%, ауылда – 91,8%. Сонымен қатар, ауылдарды сумен жабдықтау мен қамтуды мониторингілеу мақсатында интерактивті карта әзірленіп, қолданысқа берілді, онда түрлі параметрлер бойынша жағдай көрсетілген. Оның ішінде қай ауыл сумен қамтылғанын, қанша қаржы бөлінгенін немесе су беру қай уақытқа жоспарланып отырғаны көрсетілген. Бүгінгі күні аталған карта одан әрі жетілдірілуде. Атап айтқанда, халықпен кері байланыс орнату үшін қосымша функцияларды қосу бойынша шаралар қабылдануда. Сондай-ақ, су беру тұрақтылығы және көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы ақпарат қосылады» Шаханов.
Спикер атап өткендей, үкімет ел халқын сапалы ауыз сумен жабдықтау үшін барлық шараларды қабылдауда және 2025 жылы 100% қолжетімділікті қамту жоспарланған.
Қазақстан бойынша тұщы ауыз судың ең қымбат тарифі Маңғыстау облысында тіркелген екен: текше метріне 200 теңге. Бұл облыс қазір суды Астрахань-Маңғышлақ топтық су құбырынан, сондай-ақ Каспий суын тұщыландыру арқылы және жер асты суларынан алып отыр.
«Маңғыстау теңіздің жағасында болғанымен, суды тұщыландыру өте қымбат процесс. Зауыт салу да қымбат. Сондықтан тариф осындай. Бірақ жергілікті ауылдарға арналған мемлекеттік субсидия бар. Ол тарифті 30-40 теңгеге дейін түсіреді. Бұрын министрлік бекіткен тізімге енген ауылдар болатын. Қазір заңға өзгеріс енгізілді. Жергілікті әкімдіктер жедел түрде іске қосылған су құбырларын тізімге кіргізіп, субсидия бөлуге мүмкіндік алды. Осындай жұмыс істеу арқылы әкімдік төлемді төмендете алады. Каспий суын пайдалану үшін Маңғыстау облысы бойынша кешенді жоспар әзірленді. Оның ішінде ауыз суды қолдануға дайындайтын 6-7 жоба кірді. Оның бірі біздің министрлік арқылы атқарылып жатыр. Келесі жылы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Ол Каспий су тұщыландыру зауыты. Одан басқа, Кендірлі тағы басқа елді мекендерде де су тұщыландыру зауыттары салынады» деді комитет төрағасының орынбасары.
Мемлекет 2025 жылы ауыз су мәселесі толықтай шешіледі деп сендірумен келе жатыр. Үкімет айтып отырған пайыздық көрсеткіштерге қарасақ – ауыз жауып, көз жұмып тұрып таңырқауға болады. Бірақ шынайы өмірдің кейбір ахуалы мемлекет статистикасымен сай келмей жататыны да шындық.
Елде 13 мың шақырымды құрайтын 37 топтық су құбырлары тіркелген. Олар жалпы 1,1 адамы бар 608 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде. Сонымен қоса, 2020 жылы 3 топтық су құбырының құрылысы басталды. Олар жаңадан салынып жатқан Ақмола облысындағы Макинск пен Ақтөбе облысындағы Жаныс би топтық су құбырлары. Қарағанды облысындағы Есқұла топтық су құбырының жаңа бөлігі салынуда. Аталған топтық су құбырлары 2021 жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмек.
Былтыр жыл соңында үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «су мәселесін біржола шешу үшін 900 миллиард теңгеден астам ақша және 5 жылдай уақыт қажет» деген еді.
Су мәселесі бойынша сарапшы Құндыз Әділбекованың айтуынша, егер жақын арада тиімді шаралар қабылданбаса 2050 жылы елдегі ауыз су тапшылығы қазіргіден 3 есе өсуі ықтимал. Сарапшы ауыз су мәселесінің шешімін таппай отырғанын – инфрақұрылымның әбден тозуымен және сумен жабдықтау құрылыстары кезінде инновациялық тәсілдердің болмауымен түсіндіреді.
«Нұрлы жер» – ауыз су мәселесін шешу үшін қолға алынып отырған үшінші ірі жоба. Бұған дейін 2002-2010 жылдары «Ауыз су» бағдарламасы қолға алынған. Алайда жауапты шенеуніктер мемлекет қаржысын тиімсіз пайдаланып, соның салдарынан миллиондаған қаржының ізі де табылмай қалған. Кейін мемлекет 2011 жылы «Ақ-Бұлақ» бағдарламасын іске қосты. Ендігі қалған проблема «Нұрлы жер» арқылы шешілмек.
Ресми дерек бойынша елімізде сусыз отырған екі мыңнан астам ауыл, 2 миллиондай халық бар. Бейресми дерек бұдан әлдеқайда көп болуы да бек мүмкін.