Қай өңірде, қанша шақырым жол салынып жатыр?
Еліміздің түкпір-түкпірінде жол құрылыстары белсенді атқарылуда деп хабарлайды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Туристік қауымдастықтармен болған жиында туристік сала комитетінің басшысы Юлия Якупбаева осы тақырып төңірегінде маңызды мәліметтермен бөліскен.
«Жолдың жағдайы әркез өзекті. Жақында Атырау, Алматы және Қарағанды облыстарындағы кәсіпкерлер туристік нысандар маңындағы автожол инфрақұрылымының ахуалы туралы мәселе көтерді. Алакөл маңындағы автожолдың жағдайы туралы бәріміз де жақсы білеміз. Сол себепті ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында жиналып, тиісті министрлік, ведомство және өңірлермен барлық сауалдарды талқыласақ дедік. Негізінен жолдардың проблемалық тұстары туралы ақпараттар ауқымын кеңейте отырып мәселені жүйелі түрде шешсек дейміз. Жолдың жағдайы туралы ақпарды жобалық кеңсеге жолдап, қазіргі жағдайына қатысты мониторинг жүргізу керек. Қажет болған жағдайда түйткілді тұстарын үкімет деңгейіне жеткізген жөн» деді Якупбаева.
Жиында негізінен құрылысы аяқсыз қалып, ремонтқа аса мұқтаж болып тұрған учаскелер жайы сөз болды. Мәселен, Алтын-Емелдің негізгі жолы саналатын Сарыөзек-Басшы жолының бір бөлігі. Ол қазір күрделі жөндеуді талап етіп тұр.
«Өкінішке қарай, басқа жолды пайдалануға болмайды. Қорғас кеден бекетіне апаратын тасжол тыныштық режимін бұзады және Ұлттық парк оны жауып тастады» дейді Қазақстан туристік қауымдастығының төрағасы Рашида Шайкенова.
«Қазақстандық туризм индустриясы» қауымдастығының басшысы Мунирам Ахметованың айтуынша, дәл қазір Алматыдан Алакөлдің шығыс жағалауына жету – нағыз азапқа айналып тұр. Тағы бір проблемалық учаске – Өскемен – Алтау жолы. Бұл жолдың аяқталмай тұрғанына екі жыл болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр орман шаруашылығынан жерді шығару мәселесінің бірден шешілмегенін атап өтті. Мәселе шешімін таппай тұрған кезде мердігер ол жерден кетіп қалған.
«Қазір барлық проблема процедурада тұр. Жұмысқа кірісу үшін және жолдың қалған бөлігін істеуге қаржы алу үшін біз мәселені республикалық бюджеттік комиссияға жеткізуіміз керек. Алайда біз әлі комиссия шешімін алмадық» деді ол.
Оның сөзінше, қазан айының басында туристік нысан маңындағы жол құрылысы мен жолды жөндеуден өткізуге мүмкіндік беретін заңдық актке өзгерістер қабылданған. Өз кезегінде «Kazakh Tourism» ҰК АҚ жобалық кеңсесінің жетекшісі Батыр Қонақбаев жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баян еткен. Оның айтқан дерегіне сүйенсек, қайта жөндеуден өткізу және құрылыс бойынша 21 жоба жұмыспен қамту және бизнестің Жол картасына енгізілген. Сонымен қатар құны 22 млрд теңгеден асатын өңірлердің кешенді картасына кіргізілген.
Төменде қай аймақтарда, қанша қаражатқа, қандай деңгейде жол құрылысы және реконструкция жүргізіліп жатқаны туралы көрсетілген.
Дереккөз: «Атамекен» ҰКП