Қарыз алушыларды идентификаттауға қойылатын талаптардың өзгеруіне байланысты жалған микрокредиттерді ресімдеуге шағымдар саны күрт азайды. Бұл туралы Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайты.
«Егер 2020 жылы 94,4 млн теңге сомаға жалған микрокредиттердің 1102 жағдайы анықталса, ағымдағы жылғы мамырдан бастап, яғни Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларына қойылатын талаптардың өзгеруімен жалған микрокредиттер берудің небәрі 6 жағдайы тіркелді »- деді Сәлімбаев.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың сәуірінде алаяқтықтың мұндай түрлерінің алдын алу үшін Агенттік электронды құралдармен шағын несие беру ережесін қатайтқан болатын. Жаңа талаптар қарыз алушыны анықтаудың қосымша әдістерін қарастырады.
«Жаңа талаптарда қарыз алушыны идентификаттаудың қосымша тәсілдері көзделген. Енді микрокредитті электрондық тәсілмен беру үшін электрондық-цифрлық қолтаңбадан басқа, Ұлттық Банктің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының сервистері арқылы қарыз алушыны биометриялық идентификаттау қолданылуы, не нақты уақыт режимінде қарыз алушының дербес деректері мен бейнесін екі факторлы тексеру пайдаланылуы мүмкін»- деді Сәлімбаев.
Екі факторлы тексеру шеңберінде қарыз алушының жеке кабинетіне қол жеткізудің бір реттік парольдері және клиенттің нақты уақыт режиміндегі бейнесін оның жеке басын куәландыратын құжаттағы бейнесімен салыстырып тексеруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз ету пайдаланылады.
Агенттік қазіргі уақытта Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларына қарыз алушылардың идентификаттау деректерін мобильді байланыс операторларының деректерімен салыстырып тексеру мүмкіндігін көздейтін түзетулер жобасын талқылауда, яғни клиенттің ЖСН-ін мобильді байланыс операторының дерекқорында абоненттік нөмір иесінің ЖСН-імен салыстыра тексерріледі.