Павлодар облысының 22 жасар тумасы осы уақытқа дейін 30-дан астам халықаралық байқаудың бас бәйгесі мен жүлдесін алып үлгерген. Ал Әлем кубогі байқауы – аккордеоншылар халықаралық конфедерациясы жыл сайын өткізетін аккордеон орындаушыларының сайысы.
Алғаш рет 1938 жылы Парижде өткен байқау биыл Мюнхен қаласында 13-17 қазан аралығында ұйымдастырылды. Чемпион атағы үшін бүкіл әлемнің орындаушылары бақ сынады.
Олжас өнер көрсеткен «Senior Coupe Mondiale» санатындағы байқау үш турдан тұрды. Байқау финалына жеті музыканттың төртеуі ғана өтті.
Павлодарлық таланттың орындауындағы Иоганн Себастьян Бах, Доменико Скарлатти, Ференц Лист, Михаил Глинканың шығармалары қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.
«Әлем кубогы – әрбір кәсіби сырнайшы үшін ерекше сыйлық. Мен бұл мақсатқа жетуге бала кезімнен тырыстым, барымды салдым. Осындай жетістікке жетуге себепкер болға ұстаздарыма, қолдау көрсеткен жанашыр жандарға алғыс айтамын» дейді өнерпаз.
Олжас Нұрланов 1999 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. 6 жасында дарынды балаларға арнаған музыкалық мектеп-интернаттың баян сыныбына оқуға түсті. Музыкалық колледжде Татарстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, профессор, «Құрмет» орденінің кавалері Дамир Султановтан сабақ алды. 2018 жылы білімін Ресей музыка академиясында жалғастырып, Ресей Федерациясының Халық әртісі, профессор Липс Фридрих Робертовичтің класында тәлім алды.
Қазіргі уақытта Людмила Зыкина атындағы «Россия» ансамблінің солисі болып еңбек етеді.