Pfizer вакцинасы кімге салынады?

Жарияланды
Бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы шықты

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы шықты. Осы қаулы негізінде  коронавирус инфекциясына қарсы «Комирнати» вакцинасын   (Pfizer өндірген, АҚШ) салц жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бекітілген.

 Pfizer компаниясының COVID-19 қарсы  вакцинасы: 

•    12  жастан асқан жасөспірімдер;
•    жүктіліктің 16-37 аптасындағы аяғы ауыр әйелдер; 
•    емізулі баласы бар әйелдерге салынбақ.

Құжатта коронавирусқа қарсы  вакцина бастапқы кезде 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге  салынады деп жазылған. Осы жастағылар толық вакцина алған соң, 15-, 14-, 13 – және 12 – жастағы жасөспірімдерге вакцина салынбақ.

Вакцинация  балалар оқитын оқу орындарында (мектеп, колледж, ЖОО) ұйымдастырылуы мүмкін.

Аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге вакцина салардың алдында дәрігер қабылдауынан бөлек, қан талдауы мен  коагулограмма (көрсеткіштер бойынша) тапсыру міндетті. 

Жүктілікке дейін вакцина салдырмаған әйелдерге «Комирнати» вакцинасын жүктіліктің 16-37 аптасында салу ұсынылады.

«КВИ-мен ауырып жазылған адамдар сауыққаннан кейін вакцинациялау алдындағы жай-күйін бағалау ескеріле отырып, 6 айдан соң КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жатады. КВИ-мен ауырып жазылған адамдарды сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакцинациялауға жол беріледі» делінген әдістемеде. 

«Комирнати» вакцинасы:

1)    әсер ететін затқа немесе препараттың кез келген басқа компоненттеріне аллергиясы болса;

2)    12 жасқа толмаған балаларға;

3)    жүктіліктің 16 аптасына дейінгі аяғы ауыр әйелдерге;

4)    анамнезінде полиэтиленгликолге немесе туыстас молекулаларға ауыр аллергиялық реакциясы бар адамдарға салынбайды. 

Бас санитарлық дәрігер барлық денсаулық сақтау басқармаларына аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерімен бірлесіп, 2021 жылдың 8 қарашасына дейін вацинация ұйымдастыратын медицина ұйымдарының дайындығын тексеруді тапсырған.

1 қарашаға дейін COVID-19 вакцинациясына тартылған медицина қызметкерлері арнайы оқудан өтіп, кейіннен аттестациядан өтуі керек. Оған  дейін вакцина тасымалдау және сақтауға  қажетті жабдықты да дайындау керек (препарат өте төмен – минус 60°C-тан төмен температурада сақталады).

Сондай-ақ оқыңыз