Германиядағы, Ресейдегі және АҚШ-тағы Қазақстан азаматтары паспортты 30 күнде ала алады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайты хабарлады.
Шет елдерде мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыру шеңберінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, әсіресе COVID-19 пандемиясына байланысты жағдайда, қызмет көрсетудің мерзімдерін қысқартуға ерекше назар бөледі.
Қазіргі уақытта СІМ мен ІІМ Германия аумағында тұрып жатқан Қазақстан азаматтарына паспортты ресімдеу мерзімдерін қысқарту бойынша «пилоттық жобаны» жүзеге асыруда.
Бұдан бұрын мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімі 80 күн болса, ендігіде мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылы арқасында қызмет көрсетудің мерзімі 30 күнге дейін қысқарды.
Бүгінде Қазақстанның Германиядағы шетелдік мекемелері арқылы өтініш білдірген 33 азаматымыз паспорттарын жаңадан бекітілген мерзім ішінде алды.
Айта кететіні, «пилоттық жоба» Ресейдегі ҚР Елшілігінде және АҚШ-тағы ҚР шетелдік мекемелерінде сәтті жүзеге асырылып келеді.
Паспорт ресімдеу мерзімдерін қысқартуды көздейтін елдердің тізімін кеңейту бойынша жұмыс жалғастырылуда.