Шетелдіктер визаны еліміздің кез келген ХҚО-сынан ала алады
Ендігі уақытта шетел азаматтары Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алу және виза әзірлеуді еліміздің кез келген халыққа қызмет көрсету орталығынан ала алады. Аталған қызмет жыл соңына дейін барлық ХҚО-да қолжетімді болмақ. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізге жылына шамамен 1,5 миллион шетел азаматы келеді. Осы орайда, өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап біз оларға көші-қон полициясында уақытша тіркелу талабын жойдық. Бұл елімізге инвестиция тарту мен ішкі туризмді ілгерілетуде оң әсерін тигізді. Бүгінде шетелдік қонақтар Қазақстанға келгені туралы көші-қон полициясына «e-Qonaq» мобильді қосымшасы арқылы хабарлау мүмкіндігі бар», – деді Сәкен Сәрсенов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ, вице-министр шетел азаматтарына берілетін визаға қатысты жаңашылдықпен бөлісті. «Нұр-Сұлтан және Алматы қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтарында шетел азаматтарына уақытша тұруға рұқсат беру және виза әзірлеу үшін бірыңғай қызмет көрсету секторы құрылды. Жыл соңына дейін аталған қызмет түрін еліміз бойынша барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында қолжетімді болуын жоспарлап отырмыз», – дейді ол.