2021 жылдың 8 айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы экспорт үлесі 57%-дан 60%-ға дейін артқан.
ҚР Ұлттық статистика бюросының «ҚР Сыртқы және өзара саудасы туралы» статистикалық жинағының деректеріне сәйкес, Қазақстанның жалпы экспорт көлемі 2021 жылғы қаңтар-тамызда $37,4 млрд-қа жеткен, ал былтыр осы кезеңде 31, 8 млрд доллардың тауарын эскпортқа жіберген. Ал осы 8 айдың көрсеткішін 2019 жылмен салыстырсақ, биыл экспорт көлемі дағдарысқа дейінді деңгейіне жетті деп тұжырымдауға болады.
«QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ дерегіне сүйенсек, қазақстандық экспорттың негізі – шикізат (жалпы экспорт көлемнің 68%). Сыртқа сатылатын өнімдердің үштен бір бөлігі (32%) өңделген өнім болса, 6 пайызы – қайта өңделген өнімдер.
«Экспорт көлемі негізінен мұнай есебінен өсті. Биыл сегіз айда Қазақстан $19,2 млрд сомасына шикі мұнай сатты» деп хабарлайды сауда саясатын дамыту орталығының сарапшылары.
2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында бүкіл шикізат тауарлары саудасы оң динамика көрсеткен. Тек табиғи газ (-33%), бағалы метал кені мен концентраттары (-4,6%) минусқа кеткен. Шикізаттық емес тауарлар арасында уран сатылымы біршама төмендендеген.
Қазақстандық тауарларын ең ірі сатып алушылар – Еуропа елдері. Зерттеу кезеңінде Қазақстаннан Еуропа Одағы елдеріне импорт көлемі шамамен 30%-ға, $14,7 млрд-қа дейін артқан. Сауда серіктестері арасында екінші орында – Қытай орналасқан, ол 6,4 млрд долларға Қазақстаннан кен, мұнай, газ және мыс сатып алды. Сегіз ай ішінде Қазақстаннан экспорт көлемін 38%-ға арттырып, $4,9 млрд-қа жеткізген Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшінші орында тұр.
Бұған дейін Kursiv.kz 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша Қазақстанның экспорты қандай жағдайда екенін жазған еді. Ол кезде жиынтық экспорт $27 млрд құрап, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,7%-ға өскен.
Сондай-ақ, жыл басында Қазақстанның сауда балансы екі есе қысқарғаны туралы ақпарат жарияланды. Оған себеп – шикі мұнай мен табиғи газды шетелге жеткізуден түсетін түсімдердің азаюы.