Hyundai қауіпсіздік белдігіндегі ақаудан 300 мыңға жуық көлігін кері қайтарды
Жарияланды
(жаңартылды )

Оңтүстік Кореяның Hyundai Motor автогигантының америкалық бөлімшесі АҚШ аумағында 294 128 автокөлікті кері қайтаратынын жариялады, деп хабарлайды Reuters.
Кері қайтару науқанына төрт модель – Ioniq 6, Santa Fe, Santa Fe Hybrid және флагмандық Genesis G90 ілікті. Бұған өндірістік ақау себеп болған. Яғни жол-көлік оқиғасы кезінде қауіпсіздік белдігінің бекіткіші ажырап кетуі мүмкін.
«Апат кезінде ол салмақты көтере алмай қалуы мүмкін, соның салдарынан белдік адамды тиісті деңгейде ұстап тұрмайды», – деп хабарлады Ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасы.
Дилерлер белдік бекіткіштерін тексеріп, қажет болған жағдайда оларды күшейтеді немесе ауыстырады. Жөндеу жұмыстары тегін жүргізіледі.