Тоқаев Қазақстандағы интернеттің сапасына көңілі толмайтынын айтты

Жарияланды
Ол тұтынушыларды алдауды тоқтатуды талап етті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі интернет пен байланыс сапасына тағы да көңілі толмайтынын білдірді. Ол тұтынушыларды алдауды тоқтатуды талап етті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

 «Қазіргі кезде нақты емес нәрсені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсынады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл, шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және бұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па?  Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба?» – деді Президент Digital Bridge халықаралық технологиялық форумы барысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды.

 «Цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мәселесі, оның қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті қоса жүктейтінін түсіну керек. Яғни, жеке мәліметтер құқықтық тұрғыдан да, физикалық жағынан да сапалы қорғалуға тиіс. Бұл мемлекеттік жүйелерге ғана емес, мемлекетпен тығыз интеграцияланған жалпы цифрлық экожүйеге де қатысты. Үкімет азаматтардың жеке деректерінің жоғалуына және ұрлануына қатысты жауапкершілікті қатаңдату жөнінде заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірлеуі керек», – деді Мемлекет басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мамыр айында 9 сатыға көтеріліп, мобильді интернет жылдамдығы бойынша елдер рейтингінде 86-орынға көтерілді. Тіркелген кеңжолақты қосылу жылдамдығы рейтингінде республика 67-орында.

Сондай-ақ оқыңыз