Ақша қиюға тұратын ақылы қызметтер
Бүгінде қызметтің түр-түрі бар. Бастысы, ақысын төлеуге әзір болсаңыз болғаны. Осы материалда сіздерге ақша қиюға тұратын қызметтерді тізіп шығамыз. Бұған дейін білсеңіз де, мән бермей жүрсеңіз, болмаса бұрын-соңды білмеген болсаңыз назар аударуға кеңес береміз. Сіздер үшін тың ақпарат бере алсақ, қуанамыз.
Клиниң шақыру
Демалыс күнді демалысқа емес, үй жинауға жұмсайтындар аз емес. Тіпті сенбіні — кір жуып, киімдердтеуге, жексенбіні толықтай үй сыпырып, еден жууға бекітіп қойсаңыз да таңғалмаймыз. Себебі аптаның бес күнінде жұмыста жүретін адам үшін бұл — қалыпты жағдай. Әсіресе, жұмысбасты адамдар үшін ақылы қызметтер ішінде клиниңді ескерген жөн. Себебі шашылған үй көңіл-күйді түсіріп қана қоймай, біршама энергияны да «жейді». Сондықтан арагідік үйге клиниң жасатып тұрған артық болмайды. Мұның жағымды тұсы көп. Мәселен, үй жинауға кететін уақытты өзіңізге арнай аласыз. Әрі кәсіби мамандар қажетті жабдықтарды ала келеді. Бізде клиниң компаниялар көп. Одан бөлек, жекелеген адамдар жалға тазалық жасап береді. Сонымен бірге, арнайы мобайл қосымшаларда түрлі ақылы қызметті қалаған параметрлер бойынша табуға мүмкіндік бар. Ал енді клиниң жасатуға оралайық. Айтқандай, үй жинайтын уақытты пайдалы өткізуге болады. Сондай-ақ, үй жинау десе, қара аспанды төндіретіндерге де нағыз керектің өзі. Бағасы әр жерде әртүрлі. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында орта есеппен бір шаршы метріне 300 теңгеден жоғары ақша алады. Айталық, бір бөлмені шамамен 10 мың теңгеге жинатуға болады. Одан бөлек, тоңазытқышты жуып-сүрту, киімдерді үтіктеп, жинау, шкафтарды тазалау сынды өзге де қызметтерді қосуға болады. Кей клиниң компаниялар бір айлық пакет түрін ұсынады. Егер сатып алатын болсаңыз, аптасына бір жинап беріп кететін бір тазалықшыны бекітіп береді. Бағасы да пакет болғандықтан, сәл арзандауға шығады. Бастысы, қалтаңызға аса ауырлық тигізбесе, үй тазалауды кей-кейде өзгелерге тапсырып, өзіңізге көңіл бөліңіз.
Азық-түлік жеткізу
Сыртқа шығып, супермаркетке баруға ерінетін кездер болады. Немесе далаға шығуға жағдайыңыз келмеуі мүмкін. Болмаса, бір өзіңіз көтере алмайтындай көп азық-түлік алуыңыз керек делік. Мұндайда ең тиімді жолы — азық-түлік жеткізу қызметі. Пандемия кезінде үлкен гипермаркеттер тығырықтан шығу үшін арнайы мобайл қосымшалар әзірлеп, клиент тартты. Ол аз болса, үйдің астындағы кішігірім дүкендердің өзі жеткізу қызметін ұсынды. Бар болғаны телефон нөмірге қоңырау шалып не мессенджерлер арқылы керегін тізіп берсеңіз болғаны. Сонымен бірге бүгінде банк қосымшаларында да осындай қызмет түрлері бар. Жеткізу қызметін ұсынатын компаниялардың курьерлері әрдайым әзір тұрады. Дүкенге барғаннан ерекше әсер алатындардың қатарында болмасаңыз, азық-түлікті үйге алдырған жақсы. Мысалы бір айда бір рет көлемді сауда жасайсыз делік. Ендеше, екі ортада жолға уақыт пен ақша кетірмей, онлайн тапсырыс берген оңай. Бар болғаны курьердің жеткізетін уақытында үйде болсаңыз болғаны. Әрі көп жағдайда белгілі бір суммадан асқан соң жеткізу тегін болатыны тағы бар. Яғни бір алғанда бірнеше қоянды «атып» түсіруді ойлаңыз. Таксиге шығындалмайтын, күш жұмсамайтын тиімді әдіс осындай.
Дайын ас
Фаст-фуд жегіңіз келгенде тапсырыс беруға мүмкіндік беретін әдіс бәріне белгілі. Пандемияда тіпті қаптап кетті. Ол ешкімге жаңалық бола қоймас. Дегенмен неше мезгіл тамақ ішсеңіз, соған сай менюмен ас әзірлейтін сервистер бар. Әдетте мұны қалтасы көтеретіндер мен денсаулығына, дене бітіміне қарайтындар пайдаланады. Яғни калориясы есептеулі, қажет дәрумендерге толы пайдалы ас дастарханға топ ете түседі. Әрине, мұның бағасы қымбаттау көрінуі мүмкін. Орта есеппен 100 мың теңгеден жоғары шығуы мүмкін. Бір адамға — бір айға.
Жөндеу жұмыстары немесе тұрмыстық шаруалар
Ер адамның балға мен шеге ұстай білуі шарт деген түсінік қанымызға әбден сіңген. Бір жағынан су кеткенде кранды өшіріп, әдемі картинаны қабырғаға іліп беруді тастай қылатын ер кісі, әрине, жақсы. Дегенмен мамандар шақырып, ақысын төлете алатындардың құны да еш кем емес. Қош, жынысқа бөлместен ақылы қызметтің осы түрін тізімге неге қосқанымызға тоқталсақ. Әр істі өз кәсіби маманыа тапсырғанның жақсы тұсы сол — көңілде күмән қалмайды. Тоқпен мәселе бола қалса, электрик шақыру керек дегендей. Өйткені мұндай шаруаларды бір рет жақсылап бітірген дұрысырақ. Егер қолдан келмейтін болса, осы істің майын тамызатындарға тапсырыңыз. Таныстарыңыздан нөмірін сұраудан басқа арнайы мобайл қолданбаларға хабарландыру беру, көпқабатты үйде тұрсаңыз тұрғын-үй коммуналдық шаруашылыққа қарасты маманның көмегіне жүгіну арқылы мәселені шешуге болады.
Көшуге көмектесетіндер
Қазақта «Кедей болсаң, көшіп көр» деген мақал бар. Мәні сол — жай күні білінбейтін, бірақ көшетін болсаңыз оның көп энергия мен уақытты талап ететіні. Аяқ-асты көшу қажет бола қалса, жұмыстан сұрану керегі тағы бар. Сондықтан бұл шаруаны басқаға табыстап, ақысын төлей салған оңайлау. Бар болғаны аталған қызмет көрсететін сервиске хабарласып, уақытын белгілеу керек. Сонда қалаған кезде әлгі компания қызметкерлері үйіңізге келіп, барлық затты мұқият орап, салып береді. Онымен қоса, апаратын жерге де апарып тастайды. Мұның жақсы тұсы — қаптау, ораумен бас қатырмайсыз. Бәрін жақсылап істеп береді. Тіпті кей сервистің ішіне жаңа мекенжайға апарып тастаудан бөлек, апарған жиһазды құру, тұрмыстық техникаларды орнату қызметтері де кіреді.
Стримиң сервистер, ақылы кітапханалар
Әдетте смартфонымызға әуен, фильм не кітап жүктеп алу үшін тегін жолды іздейміз. Яғни ол — қарақшылық тәсілмен жазып алу. Дегенмен ақылы жазылымды әдетке айналдырған жөн. Себебі бұл қауіпсіз әрі қолайлы. Бір әнді жазып алу үшін іздеп, қаптаған сілтемеден өтіп, кейде жарнамаға ілігіп, соның кесірінен вирус кіргізіп жүрмейсіз. Бар болғаны ақылы қызметке бір рет жазылып, төлеп, кейін қалағаныңызша қолдана бересіз. Одан бөлек, авторлардың еңбегін жемейсіз. Адал еңбекпен жасаған жұмыстарына ақы төлеу арқылы оларға қолдау білдіресіз. Мәселен, режиссер, жазушы не музыканттардың. Сонымен бірге, жазылымның бағасы айтарлықтай қымбат болмайды. Орта есеппен алғанда айына 500 не 1000 теңгедей кетуі мүмкін. Әрине, әрқайсысының бағасы әр түрлі. Дегенмен жиі әуен тыңдайтын әдетіңіз болса, арнайы сервистің құнын біліп көріңіз. Болмаса, кітапсүйер қауым ақылы кітапханаға қосылса жақсы. Өйткені арнайы сервистің ұсынысы да, артықшылығы да көп болады.
Қолданбалар мен бағдарламаларды сатып алу
Алдыңғы қызметке ұқсас тағы бір түрі — қолданбалар мен бағдарламаларды сатып алу. Көпшілік іздеу жүйесі арқылы қарақшы нұсқасын тауып, орнатып алып жатады. Соның ішінде мәтін және графикалық редакторлар, қажет функцияның бәрі біріктірілген планерлер, файлдарды сақтауға арналған Dropbox немесе Google Drive дегендей. Одан бөлек, тіл үйренуге, жұмысқа қажет қолданбалар тағы бар. Олардың тегін нұсқасы да, кеңейтілген ақылы түрі де болады. Әлбетте, кеңейтілгенінде мүмкіндік көп әрі қолайлы. Тегін балама бары бар. Дегенмен жақсырақ жұмыс істеу үшін немесе рахатына қолдану үшін ақысын төлеген артық болмайды.
Таксиге төлеу
Мұны да қосқанды жөн көріп отырмыз. Себебі аялдамада ұзақ күтіп қалу, қоғамдық көлікте ине шаншыр орын болмауы сынды мәселелер бар. Қалтадан қатты қақпаса, таксимен жүрген әлдеқайда жақсырақ. Әсіресе, бір емес, бірнеше автобусқа мініп-түсетіндерге. Әрине, қазіргі таңда қоғамдық көлікке арнайы жолақ беріліп жатқан кезде автобуспен жүру тез әрі арзан болуы мүмкін. Дегемен ондай мүмкіндік қарастырылмаған жерлер де жетерлік. Ондайда такси қызметін пайдаланған дұрыс.