Ресурстар

Giving Pledge: Қайырымдылыққа құмар байлардың уәдесі

Байлығының бөлігін беруге уағдаласқандар

Осыдан 11 жыл бұрын белгілі бизнесмендер Билл Гейтс, оның бұрынғы әйелі Мелинда Гейтс және Уоррен Баффет Giving Pledge кампаниясын бастады. Оның мәні — миллиардерлерді қайырымдылыққа шақыру. Бірақ бұған екпін түсіріп айту қажет. Себебі бұл бекітілген талап-шарттары жоқ, бірақ моральдік принциптерге негізделген уағдаласу. 

Баффет байлығының 99 пайызын қайырымдылыққа бере ме?

Уәде бойынша байлар байлығының жартысынан көбін қайырымдылыққа жұмсауы қажет. Идеяны бастаушылар болса, тіпті көп бөлігін беретін болды. Мысалы, Билл Гейтс жинағының 95 пайызын — 77,3 миллиард долларды беретін болды. Ал Уоррен Баффет болса, 66,7 миллиард долларын жұмсауға шешім қабылдады. Бұл сома қаржыгер жинағының 99 пайызын құрайды. Миллиардерлер өзге де байларды осындай қадам жасауға шақырып келеді. Былайша айтқанда, оларға клубына мүше етуге ұсыныс тастайды.  

Giving Pledge заңды түрде бекітілмеген, уағдаласқандардың банкте ортақ есепшоты жоқ. Бар болғаны әркімнің ар-ұятына байланысты моральдік міндеттеме. Клуб мүшесі қайырымдылықты қалаған жерге, қалаған бағдарлама бойынша жасауға ерікті. Бәлкім, қор ашар, бәлкім бар қорларға көмек көрсетер. Бастысы сол — тапқан қаражатын жақсы жолға жұмсау, мұқтаждарға көмектесу. Әрі өзі бергісі келген соманы біртіндеп берсе де болады. Көзі тірісінде ме, әлде өлерінің алдында мұра ретінде қалдырып кете ме — ол да әркімнің өз еркі. Уәде ешқандай келісімшарттармен де бекітілмейді. Қатысушы неге бұлай жасағысы келетінін хат түрінде жазады да, givingpledge.org сайтына жариялайды.   

Жомарт байлар жылына бір рет жиналып, идея алмасып, тәжірибе бөліседі. Уәде берушілердің қатарында болу үшін шотта кемінде миллиард доллар болуы керек деген шарт бар. Сонымен бірге тірі кезінде не өлген соң сол табысының жартысын беруге даяр болуға тиіс. Атымтай жомарт адамдарға ғана келіспесе, мұндай қайырымдылық екінің бірінің қолына келе қоймас. Мысалы марқұм филантроп Роберт Уилсон миллиардерлер көзі тірісінде ақшасын таратқанды ұнатпайды деп, клубқа мүше болғысы келмеген. Тіпті Гейтске хат та жазып жіберген екен. 

Клуб идеясына қарсылардың пікірі қандай?

Клуб мүшелерінің ішінде қайырымдылықтың атын жай ғана жамылатындар да табылады. Мысалы Саяси зерттеулер институтының мәліметтеріне сүйенсек, ірі қайырымдылықтың көп бөлігі шынында қайырымдылықпен айналысатын жерлерге емес, салық жеңілдігі бар жеке қорларға кетіп жатыр екен. Сонымен бірге кей миллиардерлер ақшаны қайырымдылық ұйымдарын қолдауға активтерінің шамалы бөлігін ғана жұмсайтын қорларға аударады деседі. Сондай қылықтарына қарап, кей байлар өз ақшасын өзіне осылай қайтарып жатыр деген пікір де өріп жүр. Енді бірі жалған қайырымдылық ұйымдарына ақша аударады екен. Осылайша салық төлеуден жалтарады. Тіпті офшор шоттарынсыз-ақ, заңсыз жолмен салықтан қашпай-ақ осылайша салық төлемеуге болатын схемадан көбі хабардар. Аталған кампания іске қосылғалы көп миллардер жай ғана атақ-абырой үшін қосылады деген де пікір бар. Былайша айтқанда, миллиардерлердің имиджін жақсарту құралы. Бұл уәде әсіресе, АҚШ үкіметіне салмақты қаржылық реформаны бағалауда қиындық тудырып жатыр деседі.   

25 елден — 220 миллиардер

Арадағы 11 жылда уәдеге қосылғандар саны 220 болды. Әлемнің 25 елінің байлары бір идеяға біріккен. Негізі ғаламдағы байлардың бұл аз ғана бөлігі. Себебі бүгінде әлемде 2000-нан астам миллиардер бар. Пандемия кезінде де олардың саны көбеймесе, азайған жоқ. Бір ғана Америкада қазіргі таңда 600-ден аса миллиардер бар екен. Жалпы алғанда уәдеге түрлі адамдар қосылған. Оның ішінде танымалдары да, көпшілікке беймәлімдері де бар. Арғы атасынан бері шіріген бай болып, бақуатты күн кешіп жатқандар да, бәрін нөлден бастағандар да табылады. Айталық, қытайлық миллиардер Ню Гэньшен өте кедей отбасыдан шыққан. Ол — Mengniu сүт брендінің иесі. Олардың кедей болғаны сонша, бала кезінде ата-анасы оны жеті долларға сатып жіберіпті. Гэньшеннің өмірлік ұстанымы «Кедей кезіңде — өзіңе, бай кезіңде өзгелерге қолдау білдір» дегенге саяды. Сондықтан ол қайырымдылыққа бет бұрыпты. Оның басты бағыттары: білім беру, қоршаған ортаны қорғау, Ішкі Моңғолиядағы кедейлікпен күрес. Неге бұл аймаққа көмектескісі келеді десеңіз, бұл — өзінің шыққан жері.    

Шотландиядағы ең бай әйел Энн Глоаг болса, бизнесін бастағанға дейін 20 жыл медбике болып жұмыс істеген. Бүгінде ол халықаралық автобус тасымалдары желісін басқарады. Қалай бастағанына тоқталсақ, ағасы мен күйеуімен бірге бірнеше автобусты жалға алады. Оған ақшаны әкесінің жәрдемақысынан алыпты. Кейін ескілеу қалааралық автобустарды қосқан. Оны ағасы айдаса, Глоаг жолаушыларға сэндвич жасайтын болған. Қазір оның жағдайы 328 миллион доллар шамасында. Қайырымдылықты көбіне Африкадағы Mercy Ships госпиталіне бағыттайды.

ТМД елдерінен, атап айтқанда Ресейден белгілі олигарх Владимир Потанин бар. Оның сөзіне сүйенсек, клубқа қосылу арқылы отандастарына үлгі көрсетіп, Ресейде филантропияның негізін қалағысы келеді екен. Америкалық Майкл Милкенді 80-жылдары құнды қағаздар нарығының жыртқышы деп атап кеткен. 1990 жылы ол он жылға түрмеге қамалады. Бірақ екі жылдан кейін бостандыққа шығады. Десек те, оған ендігіде құнды қағазбен өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынған еді. Нәтижесінде қайырымдылықпен түбегейлі айналысуға шешім қабылдап, онкологиялық ауруларды зерттеу саласына ден қояды. Бәлкім, өзі де кезінде қатерлі ісікке шалдыққаннан да болар, осы саланы таңдаған.    

Неше түрлі бағыт бар, дамытам дегенге…

Уәде бергендер әркім өзі қалаған саланы таңдайды. Мысалы біреуі білім беру саласын дамытуға үлес қосқысы келсе, енді бірі денсаулық сақтау саласына басымдық береді. Бірі бүкіл әлем бойынша ауқым алса, енді бірі жекелеген елдерге көмектеседі. Үндістандағы IT саласының патшасы аталатын Азим Премжи қайырымдылық қорына 6,5 миллиард долларының 2,2 миллиардын берген. Жылжымайтын мүлік саласының магнаттары Билли және Джой Каммингс жиған дүниесінің 80 пайызын ашық әрі әділ түрде бөліп беріпті. Нью-Йорктің бұрынғы мэрі, бизнесмен Майкл Блумберг шамамен 10. Соңғы рейтинг бойынша әлемдегі ең бай адам — Илон Маск уәделескендердің ішінде бар. Бірақ жомарттығы жөнінен алғашқы елулікке ене алмаған. Өмір бойы қайырымдылыққа бөлген қаражаты бүкіл дүниесінің 0,05 пайызын ғана құрайды екен. 

Алаған қолым — береген

Уәденің мақсаты ақша таратып қана қоймай, қайырымдылықты трендке айналдыру, жақсылықты жарыса жасауға шақыру еді. Бірақ негізін қалаушылардың пікірі кейде екіге бөлініп қалады. Айталық, Уоррен Баффет уәделесуге барынша көп адам тартқысы келіп, ауқымын кеңейту керек деген пікірде. Яғни ол қатысушылардың қайырымдылықты қалай, қанша жасаса да ерікті болғанын қалаған. Ал Билл Гейтс болса, талаптарды сәл қатаңдатқанды құп көреді екен. Әрі барынша ашық болғанын да қолдайды. Сөйтіп ойласа келе, жасаған қайырымдылығының есебін беруді әркімнің өзіне қалдыратын болып шешілген.   

Уәде бермегендер де бар

Әлемнің ең бай адамдарының қатарында тұрған Джефф Безос клубқа мүше болғысы келмейді екен. Десе де 2020 жылы өзінің жеке қоры Bezos Earth Fund-қа 10 миллиард доллар аударған. Мұндай қорларға қатысты сын-пікір де аз емес. Миллиардердің жеке қорына аударылған әр доллар үшін салық төлеушілер салығынан 74 центтен төленеді деген есеп бар. Қазіргі таңда жеке қорда 1,2 триллион долларға жуық сома айналып жатыр деседі. Сөйте тұра қорлар қайырымдылық ұйымдарына жыл сайын өз капиталының кем дегенде 5 пайызын аударып тұруы керек. Көптеген ірі қорлар осы минимум жетерлік деңгейде деген пікірде. Бұдан артық төлеп қажет емес деседі. Уәде беріле бастаған соң, бесінші жылы «Блумберг» агенттігі байлардың жағдайын қарап шыққан. Сөйтсе, көпшілігі қайырымдылыққа берем деген уәдесін әлі орындамаған болып шығыпты.