Парламент Мәжілісінің депутаттары 3 қарашадағы жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» жобаны мақұлдады. Заң жобасын таныстырған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, құжат мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген.
Оның айтуынша, заң жобасының мақсаты – шағын және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін жазаны өтеуден босату, сондай-ақ кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімін қысқарту.
«Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, қарт азаматтарға, 1-2 топтағы мүгедектерге және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін басқа да тұлғаларға қолданылады. Заң жобасы қоғам қайраткерлері мен ғылыми сарапшылардың қатысуымен талқыланды», – деді ол.
Қазақстанда 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мыңнан астам адам қамауда отыр, оның ішінде 30 мың сотталғанға үкім шығарылды, 4 мыңы қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Оның 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, 45%-ға жуығы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Сонымен қатар, 32 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр. Алдын ала есептеулер бойынша, рақымшылыққа 2236 сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 11310 адам түседі. Біріншіден, 1000-ға жуық адам босатылып, 3800 адам пробация қызметінің есебінен шығарылады. Екіншіден, өтелмеген жаза мерзімін қысқарту 1294 сотталғанға және пробация қызметінің есебінде тұрған адамға қолданылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі өндірістегі 5 000 қылмыстық іс қысқартылады, оның ішінде 1 674-тен астам адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, 1 471 адамға жаза мерзімін қысқарту немесе босату туралы ережелер қолданылады», – деді Тұрғымбаев.
Бұл ретте ол Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайтынын еске салды.