Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданының шенеуніктері өздеріне еш негізсіз қосымша жалақы мен іссапар ақысын жазып отырған. Сондай-ақ, олар бір мемлекеттік органға екінші мекеменің есебінен автокөлік сатып алған. Облыстық тексеру комиссиясы аудандағы сегіз мемлекеттік органға аудит жүргізіп, жалпы сомасы 2,7 млрд теңге болатын 33 процедуралық кемшілік пен қаржылық заң бұзу анықталған.
Аудиторлар Ақсай, Бөрлі ауданының әкімдіктерін, сондай-ақ аудандық ТКШ, сәулет және қала құрылысы,жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары, білім, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімін тексерген.
Бөрлі ауданы әкімдігінің шенеуніктері «Мемлекеттік органның күрделі шығыстары» тармағы бойынша бюджеттен 40,2 млн теңге бөлдірген. Бұл қаржыға втокөлік пен сымсыз конференц-жүйе сатып алуды жоспарлаған. Құны 30,1 млн теңгелік сымсыз конференц-жүйе жиынтығы 2019 жылы БҚО облыстық прокуратурасына берілген.
Ал 2020 жылы құны 9,7 млн теңге болатын Hyundai Sonata автокөлігін БҚО ҰҚК облыстық департаментіне беріпті. Бөрлі шенеуніктері БҚО полиция департаментіне құны 250 мың теңге болатын екі тіркеме де табыстаған.
Аудиторлар сонымен қатар, аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де дәл осындай мемлекет балансындағы құны 63,4 миллионға тең автокөліктерді иеліктен шығарғанын анықтаған.
2019 жылы аталмыш бөлімге құны 8,3 млн теңге болатын Skoda Octavia A7 автокөлігін сатып алу үшін ақша бөлінген. Алайда көлік сол жылы-ақ БҚО облыстық прокуратурасының балансына берілген.
Ал қалған екі автокөлік мемлекеттік мекеме емес, жеке фимаға өтіп кеткен. Шенеуніктер Ақсай қаласындағы қоқыс шағаратын компания – «ДемСервис» ЖШС-ның балансына құны 53 миллионнан асатын, 2 қоқыс төгетін көлікті «бере салған».
Аудиторлық қорытындыда Бөрлі ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 6 қызметкеріне 1 миллионнан артық қосымша жалақы мен іссапар ақысы төленгені жазылған.
Осыған ұқсас кемшілік Бөрлі ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінен де анықталыпты. Бас маман-бухгалтер бюджеттен өзіне 2,1 млн теңге көлемінде артық жалақы, сыйақы, демалыс және іссапар ақысын жаздырып алған. Сондай-ақ, бұл бөлімде бухгалтерия толық жүргізілмеген.
«Басқа ұйымдармен өзара есеп айырысу ордерлері мен ведомостары, материалдардың шығыс-кірісі, жанар-жағармайды есептен шығару актісі, қойма материалын есепке алу жүргізілмеген, іссапар шығыстары туралы есеп жасалмаған» дейді аудиторлар.
Аудандық білім бөлімінде де бірқатар кемшілік анықталған. Айталық соңғы үш жылда аудандағы балабақшалар мен бөбекжайлардан оларға мүлдем қажет емес мамандарға штат ашылған.
Мәселен, 2019 жылы – 9,75 штаттық бірлік, 2020 жылы – 11,25, 2021 жылы 13,25 штаттық бірлік ашылған. Нәтижесінде балабақшаларға бюджеттен 31 млн теңгеден артық қаражат жұмсалған.
Сонымен қатар аудиторлар Аралтал және Қызылтал ауылының балаларын Ақсай мектептеріне тасу үшін бөлінген 10 млн теңгені шенеуніктер сол күйі игермеген жазады. Мектептердің оқушы тасымалдауды өздері ұйымдастыруына тура келген.
Аудиторлар Ақсай қаласы әкімдігінің мердігерлермен жұмыс істеуде де көптеген кемшілік жібергенін анықтаған. Мәселен, шенеуніктер құны 123 миллион теңге болатын балалар және спорт алаңын салатын мердігер ретінде «Алсед» ЖШС-ын таңдайды. Фирма аукционда 31,12%-ға төмен баға ұсынған. Алайда кейін онымен 25 миллион теңгеге қосымша келісім жасалыпты. Осылайда бірінші аукциондағы төмендетілген бағаның мәні қалмаған.
Аудиторлар 13 компания шартты толық көлемде орындамаса да, шенеуніктердің оларды «мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары» деп тану тұрғысынан еш шара қолданбайтынын және тұрақсыздық айыбын өндіріп алмайтынын атап өтті.
Жол құрылысы саласында тағы бір заң бұзу анықталған. Мәселен, Ақсай әкімдікі «Дизайн Инкорпорейшн» компаниясымен жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау, сондай-ақ осы ЖСҚ-ның мемлекеттік сараптама жасауға бір мезгілде, бір көзден шарт жасасқан: яғни компания өзі құжат дайындайды, оған қоса өзі дайындаған құжатты тексеріп, сараптағаны үшін тағы ақша алады.
Тексерушілер шенеуніктерге мемлекетке келтірілген шығынды өтеу қажетін ескерткен. Нәтижесінде келтірілген шығынның бір бөлігі өтеліп, шартты орындамаған мердігерлерден айыппұл өндірілген. Олар ақшаның бір бөлігін жұмыспен өтеген. Мемлекеттік мекемелердің артық жалақы алған мамандары да ақшаны бюджетке қайтарды. Аудит қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілерге 4 айыппұл салынып, қаржылық бақылау шаралары қолданылды.
Бұған дейін БҚО аудиторлары кәсіпкерлерге заңсыз грант берілгенін анықтаған болатын.