Арендалық тұрғын үйге өтініш қабылдау басталды. Қандай құжаттар тапсыру керек?
Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштер қабылдау басталды.
Тұрғын үйдің мерзімі – 5 жыл, ал жалдау ақысы 5 000-15 000 теңге аралығында болмақ. Қатысушыларды іріктеу үшін бірнеше критерий бойынша оларға ұпай беріледі.
Іріктеу ережесі:
• Егер cіздің кәсібіңіз «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган бекіткен қажетті 100 мамандық тізіміне кіретін болса – 10 балл;
• Отбасы болған жағдайда – 5 балл, тіркелген некедегі әр жыл үшін – 2 балл;
• 1 (бір) бала болған жағдайда – 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін – 2 балл;
• Жеке кәсіпкерлік қызметті кемінде бір жыл жүзеге асырған кезде – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;
• Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардағы жұмыс үшін – 5 балл, жұмыс өтілінің әр жылы үшін – 1 балл;
• Депозиттегі жинақтардың әрбір жылы үшін – 2 балл;
• Әр түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда – 2 балл.
Егер ұпайлар бірдей болған жағдайда, өтініш берген азаматтардың арасында уақыт бойынша ертерек тапсырғандары өтеді.
Қажетті құжаттар тізімі:
- Өтініш берушінің ЭЦҚ кілті;
- Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (жұбайы, балалары болған жағдайда) жеке куәлігінің сканерленген нұсқасы;
- Дипломның сканерленген нұсқасы (жоғары білім туралы диплом, мектеп аттестаты, біліктілік, арнайы-техникалық білім туралы диплом – бар дипломдардың бірі);
- Неке қию туралы куәліктің сканерленген нұсқасы (болған жағдайда);
- Балалардың туу туралы куәлігінің сканерленген нұсқасы (болған жағдайда);
- Өтініш берушіге және отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (болған жағдайда жұбайы, балаларына да);
- Жұмыс орнынан анықтаманың сканерленген нұсқасы (меншік нысанындағы мемлекеттік органдардың «ММ», «КММ», «РММ», «МКҚК», «РМҚК», «ШЖҚ МКК», «ШЖҚ РМК» қызметкерлерінде жұмыс орнынан мемлекеттік қызметтегі жалпы өтілі көрсетілген мекеменің фирмалық бланкісіндегі анықтама болуы тиіс);
- Еңбек қызметінің бүкіл кезеңі үшін БЖЗҚ зейнетақы аударымдары туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;
- Зейнетақы аударымдары есептелмейтін әскери қызметшілерге жұмыс орнынан сіз тұрғын үй төлемдерін алмайтындығыңыз туралы анықтаманы қоса беру қажет;
- Мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері қызметтік тізімді ұсынуы қажет (болмаған жағдайда, ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес құжаттардың бірін ұсынуы қажет);
- Банктік шоттың бар екендігі және нөмірі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (карточкалық шот, ағымдағы, жинақ, дебеттік шот және т. б. – бар шоттардың бірі);
- Банктік шот бойынша ақша қалдығы және қозғалысы туралы үзінді көшірменің сканерленген нұсқасы;
- Өтініш берушінің жеке жетістіктері туралы құжаттың сканерленген нұсқасы;
- Жеке кәсіпкерлер жеке кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарлама ұсынады;
- Eгер соңғы алты айда демалыста немесе ауырған болсаңыз, сізге қосымша демалысқа шығу туралы бұйрықты немесе еңбекке жарамсыздық парақ құжатын тапсыру керек.
Жиі қойылатын сұрақтарға жауап:
1. Ерлі-зайыптылардың екеуі де 29 жасқа толмаған болуы тиіс пе немесе тек өтініш беруші ме?
Тек өтініш берушіге.
2. Декреттік демалыста жүрген үміткерлер қатыса ала ма?
Иә, еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен соңғы 6 айда 40 АЕК-тен астам табыс болған жағдайда, жұбайының табысы есепке алынбайды.
3. Жұмысқа орналасу ресми болуы керек пе?
Бағдарламаға ресми түрде жұмысқа орналасқан жастар немесе жеке кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыратын жастар қатыса алады.
5. Айына 116 680 теңге (40 АЕК) табыс қолына болуы керек пе немесе жалақы ма?
Жалақы. Мысалы, егер сізде жалақы 117 000 теңге болса, ал қолыңызға 90 000 теңге алсаңыз, онда сіз өтесіз.
6. Зейнетақы аударымдары міндетті ме?
Иә. ІІМ қызметкерлері мен әскери қызметшілерден басқа, бірақ олар қатысу үшін тұрғын үй төлемдерін алмайтындығы туралы анықтаманы қоса тіркеулері тиіс.
7. 116 680 ерлі-зайыптылардың екеуінің де жиынтық табысынан шығуы мүмкін бе?
Жоқ. Құжаттарды беретін үміткерде ай сайынғы табыс кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде болуы тиіс.
8. Ерлі-зайыптылар қатысуға құжаттарын жеке-жеке тапсыра ала ма?
Иә. Сондай-ақ, қатысушыларды бір отбасынан іріктеу кезінде екі үміткерге тұрғын үй берілмейтіндігін ескеру қажет.
9. АӘК, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы және т.б. табысы үшін есептеле ме?
Мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ өтініш берушінің табысы болып табылады және төлем қабілеттілігін бағалау кезінде ескерілуі мүмкін.
10. Осы бағдарлама бойынша тұрғын үй алғаннан кейін ҚТҚЖБ арқылы «Нұрлы жер», «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты басқа да бағдарламаларға қатыса аламын ба?
Сіз тұрғын үй несиелік бағдарламаларына қатыса аласыз, бірақ жалға берілетін тұрғын үйде тұру кезінде меншік құқығында тұрғын үй сатып алған жағдайда жалға берілетін тұрғын үйді жалдау шарты бұзылады.
13. Екі жылдық тұрақты тіркеу тек өтініш берушіде болуы керек пе немесе отбасы мүшелерінің барлығында ма?
Тек өтініш берушіде.
14. Егер үміткер барлық талаптар бойынша сай келсе, бірақ ресми түрде басқа қалада жұмыс істеген жағдайда, ол құжаттарды тапсыра ала ма? (Мысалы, басқа қалада вахталық әдіспен жұмыс істеу)
Иә, мүмкін. Егер Нұр-Сұлтан қаласында кемінде 2 жыл тұрақты тіркелуі бар болса.
15. Егер өтінім беруші өтінімді 28 жасында тапсырса, ал 2 күннен кейін ол 29 жасқа толатын болса, оның өтініші қарастырыла ма?
Құжаттарды тапсыру сәтінде және конкурстық рәсімнен өту соңына дейін өтініш берушіге 29 жас болмауы тиіс.
16. Осы бағдарлама бойынша пәтерлер қайда орналасқан?
Пәтерлердің орналасқан жері туралы қосымша хабарланады.
17. Бағдарлама несие тарихына қарай ма?
Жоқ, несие тарихына қарамайды.