Табыс таппаса да, БЖТ төлеуге бола ма?

Жарияланды
Бұл қаншалықты заңды?

Қазақстанда карантин жарияланған кезде табысынан айырылған азаматтарға мемлекет тарапынан 42500 теңге көлемінде жәрдемақы берілген еді. Сол сәтте көпшілік бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеп, аталған әлеуметтік көмек түрін алған. Ол төлемді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салатыны белгілі. Сондай-ақ, БЖТ төлеу арқылы медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіліп, зейнетақы жүйесіне қатысуға болады. Осындай артықшылықты расында өз кәсібін дөңгелетіп отырғандар қолданса, құба-құп. Ал енді еш табысы жоқ болса да, бірыңғай жиынтық төлем төлегендер қолдана ала ма? Ол қаншалықты заңды? 

Жеке бизнеспен айналысатын қазақстандықтар жеке кәсіпкерлігін тіркейді. Осылайша салық жүйесінің қатысушысына айналады, есеп береді. Дегенмен кейбірі жеке кәсіпкер ретінде тіркелместен жұмысын жалғастырып жүр. Кәсіпкердің табысы жылына 1 175 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауға тиіс. Биылғы мөлшермен есептегенде бұл — 3 427 475 теңге. Яғни айына шамамен 285 мың теңге. Осы жағдайда ғана жеке кәсіпкерлікті тіркеу міндеттелмейді. Тағы бір айта кететін жайт — кәсіпкердің БЖТ төлеуі керек. Төлем көлемі қала тұрғындарына — 1 АЕК, ауылдықтарға — 0,5 АЕК. Бірыңғай жиынтық төлем төлеу деген — өзін-өзі жұмыспен қамтитынын ресми түрде мойындау. Әр жылда АЕК мөлшері өзгеріп тұратыны белгілі. Мысалы, биыл 1 АЕК — 2 917 теңге. 

БЖТ-ның ішіне не кіреді? Аталған төлемнің ішінде жеке табыс салығы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен Медициналық сақтандыру қорына міндетті жарна және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төлем бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар осылайша БЖТ төлеп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сақтандырылып, зейнетақы жүйесіне қатысып, әлеуметтік көмек ала алады. 

 Карантин кезінде берілген 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алу үшін ғана БЖТ төлегендер көп болды. Ендеше, әлеуметтік көмек алу үшін ғана төлем жасау қаншалықты заңды? Заң бойынша, әлеуметтік көмек табысынан айырылғандарға ғана арналған. Яғни жұмысынан айырылып қалған жағдайда қазақстандықтар Азаматтарға арналған үкіметке құжатын тапсырады. Одан өтініш Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жөнелтіледі. Аталған қор азаматтың өтінімін қарастырып, қаншалықты негіз барын анықтайды. Көмек алу үшін бір рет қана БЖТ төлеу жеткіліксіз болуы мүмкін. Ешқандай кәсіппен айналыспай, табыс таппайтын болса, көмек алуы заңға қайшы. Десек те, қазіргі таңда мұны тексеру қиын. Себебі заңмен нақты алгоритм бекітілмеген. Бүгінде әлеуметтік желілерде онлайн курстар көбейген. Соның ішінде «декретке — миллионмен» деген атаумен өткізіліп те жүр. Ол жерде осы БЖТ төлеу арқылы декреттік төлем алу жолы түсіндіріледі. Әлбетте, үй шаруасында отырған әйелдер кәсіп ашып, ісін дөңгелетсе, құба-құп. Дегенмен айына 3 мың теңгеге жуық төлеп, шын мәнінде еш табыс таппаса, бұл заңсыз. Салық кодексінің 774-бабына сәйкес, БЖТ төлейтіндер кәсіппен айналысуы міндетті. Яғни кәсіпкер болмаса, төлемеуі керек. Бірыңғай жиынтық төлемнің сомасы бекітілген. Себебі өз өнімін сататын не қызмет көрсететіндер қолма-қол не қолма-қолсыз да жүргізе береді. Әрі қандай да бір есеп бермейді. Сондықтан барлығына бірдей сома бар. Соны ғана төлеуге міндеттелген.    
 

Сондай-ақ оқыңыз