Банк пен қаржы

Ұлттық Банк «Барыс жылы» коллекциялық монеталарын айналымға шығарады

Бұл шығыс күнтізбесі бойынша 2022 жылдың символы ретінде

Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) номиналы 500 теңгелік «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясынан «Барыс жылы» алтын және күміс коллекциялық монеталарын айналымға шығарады. Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты ақпарат ҚҰБ-тың ресми сайтында қосымша хабарланады.

Монеталардың дизайнында «Шығыс күнтізбесі» субұрқағының (Алматы) сәулет элементтері пайдаланылды. Мүсіндік композицияны суретші-монументалист В. Твердохлебов А. Татариновпен және В. Кацевпен бірлескен авторлықта жасаған.

«Барыс жылы» монеталарының сипаттамасы:

Монеталардың аверсінде аспан әлеміндегі жұлдыздар картасында жұлдыздар шоғырының мифологиялық символы мен монета дайындалған металды, оның сынамасы мен массасын білдіретін жазу бейнеленген. Монетаны айналдыра «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазулар, күннің стильдендірілген бейнесі және монетаның номиналы бейнеленген. 

Монеталардың реверсінде орталық бөлігінде шығыс күнтізбесі бойынша 2022 жылдың символы – барыс бейнесі бейнеленіп, айналдыра «2022», «ШЫҒЫС КҮНТІЗБЕСІ», «ВОСТОЧНЫЙ КАЛЕНДАРЬ» және «ORIENTAL CALENDAR» жазуы бар. Ішкі жағында шығыс күнтізбесінің қалған он бір символы орналасқан.

Алтын және күміс монеталар он екі қырлы және олардың беті мен сырт жағындағы бейнелері бірдей.

Алтын монеталарының бейнеленуі  

Күміс монеталарының бейнеленуі

Монеталар:

1) 999/1000 сынамалы алтыннан жасалған, массасы 7,78 грамм, диаметрі 21,87 мм, дайындау сапасы – «proof», номиналы 500 теңгелік, таралымы 1 000 дана;

2) 925/1000 сынамалы күмістен жасалған, массасы 31,1 грамм, диаметрі  38,61 мм,  дайындау сапасы – «proof», номиналы 500 теңгелік, таралымы 3 000 дана.

Номиналы 500 теңгелік алтын және күміс монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында нақты құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу, аударым жасау үшін қабылдануға, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде ұсақталуға және айырбасталуға жатады.

Алтын және күміс монеталар кәдесый орамасымен шығарылады, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі ҚҰБ нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды