Тұрғын үй нарығындағы белсенділік төмендеп келеді

Жарияланды
Жылжымайтын мүлік бөлімінің редакторы
Есесіне баспана бағасы қымбаттап жатыр

2021 жылдың қазан айында Қазақстанда тұрғын үй сатып алу-сату бойынша 44 464 мәміле тіркелген. Қазан айында бастапқы нарықтағы бір шаршы метрдің орташа бағасы  352,7 мың теңгеге дейін (+1,9%), қайталама нарықта 279,2 мың теңгеге (+1,2%) дейін өсті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық статистика бюросы.

Тұрғын үй нарығындағы сатып алушылардың белсенділігі

Қазан айында республика бойынша тұрғын үй сатып алу-сатуға қатысты  44 464 мәміле тіркелген. Бұл көрсеткіш қыркүйек айында  жасалған келісімдерден 11,7%-ға төмен.

2021 жылғы қаңтар-қазандағы мәмілелер саны (465 мың) былтырғыдан (245,9 мың) 89,1% артық. Алайда кейінгі айларда сатып алушылар белсенділігі төмендеп келеді. Егер жыл басынан маусын айында дейін жасалған келісім саны 2020 жылғы көрсеткіштен 130%-ға артық болса, ал қыркүйек айында 97,4% асып, қарашаға қарай бұл көрсеткіш 89,1% болған. 

ҚР-тұрғын-үй-сату-сатып-алу-мәмілелерінің-саны.jpg

Қазақстандағы тұрғын үй бағасы

Елімізде  тұрғын үй бағасы ай сайын өсіп барады. Мәселен  қазан айында жаңа үйлердің  шаршы метрі айтарлықтай қымбаттады: статистикаға сүйенсек, баға бір айда 1,88% өсіп, 352,7 мың теңгеге жеткен. Ал жыл басынан бері жаңа тұрғын үй 13,8%-ға қымбаттап, ресми инфляция деңгейінен(7%) екі есе асып түсті.

Қазан айында қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 1,2%-ға, яғни бір шаршы метріне 279,2 мың теңге дейін өскен.  Айта кету керек, биыл  қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы жаңа үйлермен салыстырғанда, қатты қымбаттады. Жыл басынан бері бұл үйлердің бағасы 19,6 пайызға қымбаттап, жылдық инфляция деңгейінен 3 есе озып кетті. 

ҚР-тұрғын-үй-нарығындағы-орташа-баға.jpg

Ең қымбат баспана – Нұр-Сұлтан қаласында. Елордадағы жаңа үй шаршы метрінің орташа бағасы 459,6 мың теңгені құрайды. Бұл баға – елдегі орташа көрсеткіштен 30% жоғары. Ал қайталама нарықтағы шаршы мерт бағасы одан да қымбат: орташа есеппен 463,7 мың теңгеден айналады. Елдегі орташа көрсеткіштен 66%-ға қымбат. 

Екінші орында Алматы қаласы тұр, бұл шаһардағы тұрғын үй шаршы метрінің орташа бағасы  – 411,5 мың теңге. Ал қайталама нарықтағы баға 409,4 мың теңгеден басталады. 

Баспанасы ең қымбат қалалар үштігін Шымкент қаласы тұйықтайды. Бұл қалада жаңа салынған үйлердегі шаршы метрдің орташа бағасы 365,6 мың теңге болса, ал қайталама нарықта 349,9 мың теңгеден сатылып жатыр.

Айта кетейік, пандемия бүкіл әлемде жылжымайтын мүлік сату-атып алу мәмәлілерінің  артуына себеп болды. Пандемия басталғалы әлемнің көптеген ірі қалаларында тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелері саны рекордтық деңгейде өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылы елімізде тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелерінің саны 2019 жылғы көрсеткіштен біршама асып түсті.

Әлемдік жылжымайтын мүлік құны 2020 жылы 5%-ға, $326,5 трлн-ға дейін өсіп, әлемдегі байлықтың ең үлкен репозиторийіне айналды. Бұл барлық әлемдік акция мен борыштық бағалы қағаздардан әлдеқайда құнды және әлемдік ЖІӨ-ден төрт есе артық.
 

Сондай-ақ оқыңыз