Ресурстар

Үйді реттеу өмірді реттеуге көмектесе ала ма?

Атақты Мари Кондо әдісімен үй жинап көріңіз

Үй жинағанды жақсы көресіз бе, әлде ұнатпайсыз ба? Қандай жағдайда болсын бұл материал сіз үшін пайдалы болмақ. Себебі онсыз да тап-тұйнақтай жинауға құмар жандар түрлі лайфхакпен таныс болса, ұнатпайтындар тазалық жүргізудің соншалықты жағымсыз әрі қиын шаруа емесін түсінуі мүмкін. Бүгін осыдан он жыл бұрын «Таңғажайып үй тазалығы. Үйде де, өмірде де тәртіп орнатудың жапондық тәсілі» атты кітап жазып, күллі әлемге танылған автор Мари Кондоның үй жинау әдістерін таныстырғанды жөн көріп отырмыз. 

Әлқисса, Мари Кондо 19 жасында үй жинайтын компания ашқан. Сөйтіп 2011 жылы жоғарыда атап өткен кітапты жазып шыққан. Дүние жүзінің отыздан астам елінде басылған. Ал 2018 жылы заттарды жинауға және сақтауға арналған қораптарын шығарған. Араға бір жыл салып, Netflix-тегі шоуды жүргізе бастайды. Көпшілікке үй жинау, сол арқылы өмірді де реттеуді үйретіп жүрген автордың бірнеше тәсілін бөлісейік.  

1. Бір жинағанда бәрін тап-тұйнақтай еткен жөн. Өйткені жүрдім-бардым жасалса, артынша тағы реттеу керек болады. Жалпы алғанда КонМари әдісі үйді қалай жинауды ғана емес, жалпы заттар пәлсапасымен таныстырады. Тереңірек ойлануға шақырады. Мысалы, қиялыңыздағы үйді көз алдыңызға келтіріңіз. Ол жерде заттар қалай орналасады? Бәрін нақтылап алған соң, соны жүзеге асыруға кірісесіз. Үй жинауды екі кезеңге бөлген жөн. Алдымен керек емес заттың бәрін лақтырып, артынша қалғандарын орналастыру жолын қарастырасыз. Қолданбайтын, өзіңізге ұнамайтын заттармен қош айтысыңыз. Себебі оны жинауға да күшіңіз кетеді. Ал енді лақтырған соң, тек керек заттар қалады. Сол қалғандарын орындарына жайғастырып, заттарды тігінен сақтау әдісін қолданған дұрыс. 

2. Заттарды топтарға бөліңіз. Мысалы барлық киімді бір үлкен шкафқа салып, болмаса тек киімдер тұратын бір бөлме ұйымдастырыңыз. Кітаптарды да солай — бәрін жинақтап, кітапхана секілді жасаңыз. Барлық гаджет, тоқ дегенді бір сөреге салыңыз. Ыдыстарды да солай. 

3. Жинаудың да реті бар. Маридің айтуынша, көбірек жағымды көңіл-күй сыйлайтын рет жасау керек. Былайша айтқанда, Sparks of joy! Сондай-ақ, айналада тек шаттық сыйлайтын заттар тұруы керек. Тастайсыз ба, әлде қалдырасыз ба — оны шешу үшін сол затқа бір үңіліп, қолға алу керек. Сөйтіп өзіңізге сұрақ қоясыз: «Бұл зат мені қуанта ма?». Керегі осы ғана. Әйтпесе, артық ой қосылса, «алғаным кеше ғана», «бұл мүлдем пайдаланылмаған, жаңа ғой», «мына заттың бағасы қымбат» деп ақтау іздеп кетесіз. Әдістің мәні сол — сізді қуантпайтын затты ештеңеге қарамастан лақтыру. Ұстап көру де маңызды. Сонда сұраққа жауап демде табылады. «Керек болып қалар» деген заттарды да рейтинг бойынша қойып, ең керек дегендерін ғана қалдырыңыз. Ал енді расында керек құрал-саймандарды қайтсе болады? Ондайды мақтау керек дейді. Яғни пайдалы болғанына алғыс айтып, көмекші болғанына тамсаныңыз. КонМаридің әдісі біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Оны таңғажайып деп атайтыны да сол себептен. Жалпы алғанда жинау деген — керек дүниелерді қалдыру.     

4. Лақтыру керек заттар. Көмек ретінде бірнеше нұсқа ұсынайық: газеттер, брошюралар, макулатура, мерзімі өткен косметика, әдбен тозған не жыртылған киім-кешектер мен аяқ-киімдер, бос банкалар, бөтелкелер, қораптар, сынған заттар.  

5. Санаттарға бөлу. Жоғарыда бұл әдісті қысқаша айттық. Ал енді қолданысқа енгізуге келсек, оп-оңай. Мысалы киімдер категориясы делік. Барлық бөлмедегі киімдерді бір жерге үйесіз. Таудай болып үйілгенінен қорқудың қажеті жоқ. Бұл жинағаныңыз өміріңізді жеңілдететінін есте ұстаңыз. Одан соң керек не керек емес деп бөліп, қажет болмағандарын қоқысқа, қалғандарын сөрелерге салып, ілетіндерін ілесіз.  

6. Қораптарға салу. Сақтауға арналған арнайы жәшіктер болмаса, аяқ-киімнің қорабын қолдансаңыз болады. Өйткені олардың ішіне көп нәрсе сақтауға болады. Болмаса, үйде бар кез келген қорап. Мысалы, тұрмыстық тауардың сырты. Ал контейнер жетпей, сатып алу керек болса, іші көрініп тұратын мөлдірін алыңыз. Сонда керегіңізді тез табасыз.  

7. Әр заттың өз орны бар. Негізі үйді шашатын — көшіп жүретін заттар. Олардың қатарында аксессуарлар, кітаптар, қуаттағыштар және т.б бар. Нақты бір орын бекітілмесе, шашылғаны шашылған. Сол себепті әр заттың өз орны болғаны жақсы. Орын бөлген соң, сол жерге қайта қоюды әдетке айналдырсаңыз, өміріңізді жеңілдейді.

8. Отбасының әр мүшесінде өзінің зат сақтайтын орны болсын. Егер үйде бірнеше адам тұратын болса, заттарды реттеудің әрқайсысының өз тәртібі болатыны белгілі. Ондайда сақтауға арналған бокстарға салыңыз. Сөйтіп сыртына жазып қойыңыз.    

Қалай сорттау керек?

1. Киімдер. Үстіге киетін киімдер — футболка, жейде, жемпір. Астына киетін киімдер — белдемше, шалбар, джинса. Ілгішке ілетін киімдер, шұлық, ішкиім, сөмкелер, аксессуарлар, яғни, бас киім, белдік, мойынорағыш және аяқ-киімдер деп бөлген жөн. Бір топтағы киімдерді ауырынан жеңіліне, қоңырынан ақшылына қарай реттейді. Не болмаса, материалдарына қарай да бөлсе болады. Айтпақшы, беткі жағына ашық түсті киімдерді жинаса, ол көңіл-күйге жағымды әсер етеді. Сондай-ақ, сөмкелерді бірінің ішіне бірін салуға болады.   

2. Кітаптар. Үйінде жеке кітапханасы барларға мынадай әдіс ұсынылады: жанрына қарай — көркем әдебиет, нон-фикшн, альбомдар, журналдар; түсіне не әліпби ретіне қарай орналастыру. Айтпақшы, автор бұрын көп кітап сақтайтын болған. Бірақ кейіннен бір оқылған кітапты қайталап оқымайтындықтан, бар болғаны 30 кітап қалдырған деседі.  

3. Қағаздар мен құжаттар. Бұларға асқан жауапкершілік керек. Сондықтан оны дұрыстап жинау міндет. Қағазға көміліп қалмас үшін нақты керегін ғана қалдырып, қалғанын лақтырған дұрыс. Кейбірі тұрмыстық техниканы пайдалануға арналған нұсқаулықты немесе кепілді мерзімі біткен қағаздарын да сақтайды. Ал ол — артық нәрсе. Сол себепті қағаздарды дұрыстап сорттап шығыңыз. Құжаттарды салуға арнайы органайзер алған ыңғайлы. Сонда барлығы бір жерде тұрады.   

4. Ұсақ-түйектер. Арнайы бір орны жоқ, бірде ана жерде, бірде мына жерде жүретін заттар болады. Міне, соларды орналастырған жөн. Ол үшін бірнеге категорияға бөліңіз: косметика, қуаттағыштар, түрлі фурнитура, тұрмыстық химия, дәрі жиынтығы және т.б. Үйдегі ұсақ-түйектерді де керек не керек емес деп қарап шығыңыз. Тек қажетін қалдырған соң, беті ашық тұратын жәшік не бокстарға салып қойыңыз.